Онлайн кітап тиімді ме?
«Жақсы кітап оқу – жақсы адаммен сөйлескенмен бірдей.» Л. Толстой Қазіргі қоғамда кітап оқитын оқырман саны күннен-күнге азаюда. Жастар кітаптан гөрі ұялы телефонға көп уақыттарын арнайды. Әрине, техногенді дәуірде техникасыз адам өзін қауқарсыз сезінетін болар. Алайда, аса тәуелділік, «техникалық фанатизм» қоғамның дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Неліктен кітапханаға жазылушылар саны азайып барады? Себебі, желімдей жабысқан желі көп жастың санасын улауда. Әлеуметтік желі қолданушылары тәуліктің кемінде 20 сағатын телефонға телмірумен өткізеді.
Осы орайда өндірушілер «онлайн кітап» әлемін ойлап тапқан болатын. Онлайн кітаптың тиімділігі сол, кез келген уақытта, кез келген жерде ұнатқан кітабыңды оқи аласың, және аудио нұсқада тыңдауға да болады. Алайда, бұл жобаның да ақсақтап тұрған тұстары жоқ емес. Біріншіден, парақтап отырып оқитын кәдуілгі кітапқа қарағанда онлайн кітап экран артында болғандықтан, смартфоннан келетін залал біршама. ·
Көздің көру қабілетін нашарлатып, офтальмологиялық ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. · Телефонды ұл баланың шалбарының қалтасына, қыз баланың ішіне жақын қалтаға салуға болмайды. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, телефоннан тарайтын радиацияның жыныс жасушаларын зақымдайтыны анықталған. · Ғалымдар телефонды 10 немесе одан да көп жылдар пайдаланған адамда ми ісігі қауіпі басым екенін айтады. Сондай-ақ, онлайн кітап оқып отырған адам бар зейінін кітап мазмұнына арнай алады деу де қиын. Себебі, кітапты оқу үшін смартфонның мобильді тарифі қосулы болуы керек. Бұл дегеніміз, басқа мессенджерлерден де хабарламалар, бетбелгілер келіп тұрады деген сөз. Яғни, оқырман назарын аударатын ақпарат ағымы тым көп. Үшіншіден, берілген мәтінді үлкейтіп не кішірейтіп отырудың өзі біраз уақыт алатыны да бар. Осы орайда, оқырмандар ойын білу үшін сауалнама жүргізілген болатын.
Онлайн кітапқа көзқарасыңыз қандай? Сіз үшін тиімді ме?-деген сұраққа Атырау қаласының ЖОО-ның студенттерінен әр түрлі жауап алынды. Рахат Қали. Халел Досмұамедов атындағы АтМУ, Жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы, 2-курс: – Жалпы кітапты қалай оқысаңыз да, қайдан оқысаңыз да бәрібір. Әңгіме кітапта емес, сіздің қабылдауыңызда. Кітапты кітапханадан оқығанда ғана пайдалы болады деген ой – абсурд. Қазіргі адамнан смартфон көп заманда жастардың кітап парақтауы сирек кездеседі. Тағы айта кететін нәрсе, смартфон ұстайтын тек жастар емес. Кітапты электронды түрде оқу ыңғайлырақ деп ойлаймын. Оның артықшылықтары мынада. Электронды кітап сізге жүк емес. Оны кез келген жерде жүріп оқуға болады. Жатып та, тұрып та, қоғамдық көлікте жүріп те. Ондағы ой бұзылмайды. Өзім осы ыңғайлылықтан әдебиет, мотвация, танымдық тақырыбындағы 20-ға жуық кітапты оқып шықтым. Көбісі телефоннан оқыған адамның ойын бөледі деп айтуы мүмкін. Бірақ, оны түсініп оқысаңыз, сюжетіне түсіп кетсеңіз, сізге ол телефонда кітаптан басқа қызықты дүние қалмайды. Сондықтан, кітап оқимын деген адамға кітапханаға барып уақыт құртып қажет емес. Ал, жастарды кітап оқуға шақырудың бірден бір тәсілі осы электронды кітаптар! Кенжебек Абатов. Халел Досмұамедов атындағы АтМУ, Дизайн мамандығы, 2-курс: – Онлайн кітап нағыз керек нәрсе. Қазіргі жастардың көбісі дерлік кітапханаға барғанын көрмейсің. Өйткені, барлық мәліметті осы онлайн кітаптан іздеп тауып жатады. Интернеттің қызған шағында кітапханаға барып архивтерді ақтарудың қажеті не? Онлайн кітапты жастар ғана емес, ересектерде пайдаланады. Өйткені, қазіргі дамыған технология заманында телефонды екінің бірі қолданып жатады. Сол заттарды қажетсіз, зиянды жағына емес, жақсы жақтарына қолданып, осы онлайн кітаптар сияқты керемет нәрселер шығып жатса, барлық адамдар керегіне пайдаланып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Нұрай Талап. Атырау облыстық жоғарғы медициналық колледжі, Емдеу ісі «Акушерлік бөлім», 3-курс: – Онлайн кітап жақсы, бірақ, көп қателіктер бар. Ең жақсысы сөреден кітапты алып, жанға жайлылық сыйлайтын мелодияны қосып, кітаптың иісін иіскеп барып оқыған, мен үшін шағын бақыт. Біраз кітапты оқыдым. Бірең-сараңы ғана сауатты жазылған. Және тек алыс жолға шыққанда ыңғайлы демесең. Желі – қазіргі таңда сұранысы көп, әрі ыңғайлы құрал. Бірақ, қаншалықты ыңғайлы болса, соншалықты мәңгүрттіктің қақпасына жақын. Мысалы: онлайн кітап. Қолайлы, әрі керек дүние. Қолға тие бермейтін кей құнды кітаптар үшін, электронды нұсқасы таптырмас мүмкіндік. Бірақ, сауатты көшірілгендер аздың қасы! Кетік тіс секілді тұтылып қалатын кезің көп. Әрі қателіктер тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Равиль Ашығалиев. Халел Домұхаммедов атындағы АтМу, Журналистика мамандығы, 3-курс: – Онлайн кітапқа деген көзқарасым оңды. Өйткені, бірнеше тиімді тұстары бар. Біріншіден, қолжетімді. Кітапханадан таба алмаған кітапты онлайн түрде тауып алу жеңіл, жүктеп алып оқи беруге болады. Екіншіден, жолға шыққанда да кітап орын алып артық жүк болуы мүмкін. Ал, онлайн кітап смартфонда болғандықтан жолдорбаңнан орын сұрамайды. Үшіншіден, кітапта іздеу жүйесі бар. Ұнаған жолдарын оңай іздеп таба аламыз. Орыс халқында «Медальдың екі жағы бар»-деген мақал бар. Сол секілді электронды кітаптың тиімсіз тұсы да бар. Кітапты оқып отырған кезде міндетті түрде онлайн отыру керек. Яғни, басқа әлеуметтік желілерден хабарламалар келіп, мазаңды алады, алаңдатады. Одан бөлек көзге зиян. Студенттердің жауабы осындай болды. Ал, сіз үшін онлайн кітап тиімді ме? Нұрай Жексенова Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Журналистика кафедрасының 2 курс студенті.