Тәуелсіздік төрінде
Биыл азаттықтың ақ таңы атқанына 28 жыл. Осынау ширек ғасырдың ішінде Қазақ елі биік белестерді бағындырып, талай асулардан асты. Төгілген қан мен өлмеген жігердің арқасында жеткен ұлы күн әр қазақстандық үшін маңызды. Себебі, егемендікке жету қаншалықты қиын болса, оны сақтап тұру одан да қиынырақ. Тәңірден келген осынау тәтті сыйды сақтап қалу үшін қайтпек керек? Әуелі өскелең ұрпақтың санасына азаттықтың өзгеден ерек һәм ұлы ұғым екенін сіңіруіміз қажет. Бұғанасы қатпаған әр бала бейбітшілікті ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы армандағанын есінен шығармаған абзал. Сондай-ақ өскелең ұрпақ атқа қонып, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай жаумен тірескен жаужүрек ерлер мен қайсар қыздардың есімін жадында ұстап, солардан үлгі алса артықтық етпейді.
Осы мақсатта тәуелсіздік күні қарсаңында Бәйгеқұм елді мекеніндегі Әсем бөбекжайында мерекелік шара өтті. Айтулы күнге арналған шарада бейбіт елдің балалары әуелетіп ән айтып, мың бұрала биледі. Ал тәрбиешілер өскелең ұрпаққа өнеге боларлық әңгіме өрбітіп, сан ғасыр бойы сақталған тарихтан сыр шертті. Шараға қатысушылар тәуелсіздік туралы ойларын жеткізіп, білектің күшімен, найзаның ұшымен күрескен батырларды тілге тиек етті. Осылайша бөбектер болмысы бөлек батырлардың тұлғасымен танысты. Мерекелік концерттің соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Ұлбала КАМАЛОВА