Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихтан сыр шерткен саяжол

Тарихтан сыр шерткен саяжол


Қатпар-қатпар тарих бетінде қағілез қазақ халқының алар орыны ерекше. Қызыл қан, ащы термен келген тәтті жеңістерді тәуелсіздік қарсаңында тәубе деп жиі еске аламыз. Екі талай күн туып, ел ерге қараған шақта, ер жерге қарамау үшін өткенін ұмытпай, дәстүрімізді ұлықтап, жас­тарымызды жігерлі, рухты қылып тәрбиелеуіміз қажет. Осы мақсатта аудан орталығындағы М.Шоқай алаңында «Рухани жаңғыру» аллеясы бой көтерді.

    Қазақ халқы қилы-қилы заманда қиналмай жол тауып, бүгінге аман жеткен кемеңгер ел. Кейде қариялардың маңдайындағы әжімдерде тарихтың тарау-тарау жолдары сайрап жатқандай көрінеді. Әр елдің өзіндік тарихы болғанымен, сол ата-бабасының ұлағатты ұстанымын ұмытпаған ел ғана биік белестерді бағындыра алады. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары халықтың намысын оятып, рух беріп, жігерлендіретіні хақ. Соңғы жылдары ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы дүниелер салуды қолға алдық. Соның бір айғағы аудан орталығында орын алуда. «Рухани жаңғыру» аллеясында әуелі «Орхон-Енисей» жазбаларын монументі салынып, Қорқыттың көңілге қонымды сөздерімен жалғасқан. Мұның астарында үлкен мән жатқандай. Ұлағатты сөздер ұлт санасын көтеріп, еңсесін биік ұстауға тәрбиелейтін секілді. Орта шенінде «Қазақ хандығы», яғни, Керей мен Жәнібек хандардың бейнесі азаттықтың бүгінге қалай жеткенін ұқтырып тұрғандай. Сол замандағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қуанышы мен қайғысын, жаужүрек ел екендігімізді аңғартып тұр. Тәуелсіз ақ таң ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жеткендігін бір сәт көңіл көзімен қарасаң ұқтыратын секілді. Ал, үшіншісі «Тәуелсіздік» монументі. Биікке орналасқан шаңырақ бірлігіміз бекем, елдігіміз мәңгі екенін байқатады. Шаңырақ ежелден еркіндіктің, татулықтың символы. Аудан орталығына орнатылған бұл монументтер жастарға ескі күндерді еске түсіретін нағыз рухани орталық болмақ. Намысымыз төмендемей, бірліктің жібі үзілмей, болашаққа сеніміміз нық болса, тәуелсіздігіміз баянды болары анық. Қасқыр намыс­ты халқымыздың жігері от, жемісі мол, жеңісі көп болғай.

Бекжан Ержігіт.
22 желтоқсан 2018 ж. 1 061 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031