Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттықпен құрдас Айдана

Азаттықпен құрдас Айдана

Осыдан 28 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта дүние есігін жаңа ашқан бүлдіршін – бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған азамат болды. Тәуелсіз елдің топырағында туып, егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Күннен күнге қарыштап, алға басқан жас мемлекетпен жарыса өскен жас ұрпақ алдына әлдеқашан бағыт-бағдар қойып, «еркін еліме, тәуелсіз жұртыма менің тиер пайдам қандай?» деген сауалдың сан жауабын да тауып қойған. Болашақтың жоспарын да жасап, бағындырар биіктеріне ұмтылуда.
Бірі Тәуелсіз елдің өнерлі өрені болып өссе, енді бірі спортта оза шауып, бас бәйгені қолдан бермеуге барын салуда. Тағы бірі білім көкжиегінде самғап ұшып, ғылым жолында, енді бірі халықтың денсаулығын жақсартуға аянбай еңбек етіп жүр. Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары 1991 жылы дүниеге келген жастар «Тәуелсіздік» ұғымының мағынасы мен маңызын да біркісідей біледі. Сондықтан да олар өздерінің тап осы жылы дүниеге келгендерін мақтанышпен, зор қуанышпен айтып жүреді.
Шиелі ауданаралық ауруханасы­ның Көкшоқы дәрігерлік амбулатория­сының жалпы тәжірибелі дәрігері ­Айдана ­Мыйлыбаевада халқына адал қызмет етіп жүрген тәуелсіздік құрдастарының бірі. Ол 1991 жылы қазан айының 7-сі күні Шиелі кентінде дүниеге келген.Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Егеменді еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жастар» деп жастарға үлкен сенім артты. Осы сөзді ту қылып ұстаған ­Айдана да өз міндетін адал, абыроймен атқарып, халықтың көңілінен шығатын білікті дәрігер болу парызым деп санайды.
– Осыдан 28 жыл бұрын Тәуел­сіздікпен қатар дүние есігін ашқандардың бірімін. Өзім дәл 1991 жылы туғанымды тағдырдың ерекше сыйы деп түсінемін. Әрине, Тәуел­сіздіктің құрдасы екенім іштей айрықша жауапкершілік жүктейді. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарды ата-анам үнемі еске алып отырады. Сол кездегі елдің жайын қазіргімен салыстырып қарауға да болмас. Өзім бақытты балалық шағымды ата-анамның, бауырларымның ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштықтың, тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын.
Азаттық біздің елге оңайлықпен келген жоқ. Бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ, соның ішінде өзім де бармын, егемендіктің ғасырлар бойғы күрестің «Елім – жерім» деген жан дауыстың, қасық қандарын қиып, елі үшін жанын пида еткен аталарымыз бен аға-апаларымыздың қанымен келгенін естен шығармауымыз керек, – дейді Тәуелсіздіктің құрдасы Айдана.
Қашанда Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман болары хақ.
Қазақ елі азаттыққа қол жеткізу үшін қаншама қиындықтарды басынан өткерді, енді осы егемендікті қадірлеп, қастерлеп халқымыздың жағдайын жақсартуға, еліміздің экономикасын одан әрі қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлдеп жайнауына, болашағы жарқын мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.

Гүлхан ЯХИЯ
14 желтоқсан 2019 ж. 453 0