Егемендік – елге тәңір берген бақыт
Осыдан 28 жыл бұрын еліміз егемендігін алып, мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялады. Осы уақыттар аралығында 28 жылдың ішінде Қазақстан жас болса да әлем мойындаған мемлекетке айналды. Бір сәт болса да артқа шегініс жасап, тарихқа көз жүгіртсек. 1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақстандықтар президенттік сайлау өткізіп, 98,78 пайыздық дауыспен жеңіске жеткен Н.Назарбаев ел Президенті болды. Қазір бұл күн «Тұңғыш Президент күні» ретінде аталып жүр. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заң қабылданған 1991 жылғы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні болып мерекеленіп келеді.
Дегенмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалған қадамдар даңғыл жолға түсіп кете қойған жоқ. Халық та, ел де экономикалық-әлеуметтік қиындықтарды бастан кешті. Ескі кеңес мемлекетінен бізде кені қопарылып алынған бос шахталар, игерілмеген кен және тозығы жетіп ескірген өнеркәсіп орындары, әлеуметтік мәселелері шешілмей жатқан қалалар мен елді мекендер, құнарынан айырылған егіс алқаптары, құлазыған мал фермалары ғана қалды. Жерасты байлығы көп болғанымен, өзімізде қазылған кенді өңдейтін өңдеуші кәсіпорындардың болмауы, зауыт-фабрикалардың тоқтап қалуы, ішкі қаржы дағдарысы, ескірген экономикалық жүйе, жұмыссыздықтың белең алуы және басқа да кедергілер – 1990 жылдардың шынайы көрінісі болатын. Осындай қиын шақта жас мемлекетті ауыртпашылықтардан алып шығу міндетін өзіне жүктеп, мүлдем жаңа типтегі егемен мемлекетті құру үдерісін басқаруды мойнына артып “әуелі – экономика, содан кейін саясат” деген ұстанымды ұстанған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев барлық маңызды салалар бойынша түбегейлі реформалар жасауды жүзеге асыруға кірісті. Президент Жарлығымен жас мемлекет пен қоғамды жаңғырту үшін аса қажетті “Жер туралы”, “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы”, “Мұнай туралы”, “Шетелдік инвестиция туралы” т.б. экономиканы дамытуға, орнықты банк жүйесін қалыптастыруға бағытталған нарық заңдары қабылданды. Осылайша, қазба байлықтарды игеру, оны өзімізде өңдеуді жүзеге асыру үшін елімізге шетелдік инвестициялар тартылып бұрынғы кен орындары қайта жанданып, жаңа өңдеуші кәсіпорындар салына бастады.
Бүгінгі таңда Елбасы ұсынған индустриялық-инновациялық жоба бойынша еліміздің әр аймағында ірі-ірі зауыттар, кәсіпорындар салынып, пайдаланылуға беріліп жатқандығына куәміз. “Қазақстанда жасалған” деген белгімен шетелдерге экспортталып жатқан техникалар мен тауарларымыздың көбейіп келе жатқандығы қарыштап дамуымыздың жарқын көрінісі емес пе. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас орнатылып жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Елдің, жердің тұтастығын сақтау мақсатында арқа төсіндегі ерке Есілдің бойынан жаңа астана тұрғызылып, оған биыл Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан деген атау берді. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының өркениетті қағидалары толық жүзеге асырылды. Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан елімізде ядролық сынақ алаңы жабылып, еліміздің мемлекеттік шекарасы белгіленіп, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды. “Қазақстан – 2030”, “Қазақстан – 2050“, “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары” бекітіліп, 2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, 2011 жылы 1,5 миллиард адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктірген Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасады. Халықаралық БҰҰ-ның мүшесі болып табылатын еліміз 1992 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланып, биылғы жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды. 2013 жылы құрылған Еуразиялық одақтың мүшесі болып табылатын еліміз қазіргі таңда өзге де көптеген халықаралық ұйымдарға мүше. 2017 жылы халықаралық “ЭКСПО” көрмесін өткізген елімізді 2015 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті жариялаған 5 институтционалдық реформа, одан туындайтын “100 нақты қадам” Ұлт жоспары да әлемдегі дамыған өркениетті елдер қатарына жеткізері анық.
Жансая Дарибаева,
№49 мектеп мұғалімі
№49 мектеп мұғалімі