Жақсы ой жақсылыққа жетелейді
Жұмыстан шығып, ауылына асыққан Әділ қаланың шетінде орналасқан автовокзалға бет алды. Себебі, сенбі-жексенбі күнгі демалысын ата-анасының жанында өткізуді әдетке айналдырған. Үйдің жалғыз баласы болғандықтан оларды қараусыз қалдырғысы келмейтін. Сағыныш сезімі сананы саялағанда анасының қуанышты жүзі, аялы алақаны көз алдына келіп, жүректі тулатқан мазасыздық арта түсетін. Түн ұйқысын төрт бөліп, бар мейірімін баласына арнаған ата-ана жақсылығын қайдан ұмытсын. Олардың алдындағы қарызын ешқашан өтей алмайтынын іштей сезінетін.
Мұғалімдер жиналысынан кешігіп шыққан ол, автовокзалға жеткенше күн еңкейіп қалған. Кешкілік автобекетте де адам аяғы азайып, ауылға қайтатын көліктердің қатары сиреген. Тек ұзақ сапарға дайындалып жатқан автобустардың ғана қарасы көрінеді. Содан амалы құрып, ауылға жететін көлік таппаған Әділ автобус жүргізушілеріне жағдай айтып, отыратын орын болмаса да, тұрып барармын деп автобусқа мініп кетті. Кеш жүргелі тұрған автобусқа жұрттар жолға азығын ала шыққан. Кейбіреулер ұйықтауға дайындалуда. Қақ ортадағы кеңдеу жерге тұрақтаған Әділдің ойы тек ауылына жету еді.
Мақсат еткен жер ұзақ болғандықтан аяғы талып, жан-жағына көз салды. Таң атқалы мектеп қабырғасында жүру оңай емес, әрине. Айналасын барлаған жолаушының көзі алдында отырған жас балаға түсті. Жүзі жылы. Өзі тәрбиелі жігіт секілді. Қос жанары бір нәрсе айтқысы келіп тұрғандай мөлдіреп тұр. Екі көзі Әділде. Оған қарап тұрған Әділді түрлі ойлар мазалай бастады.
«Түрі әп-әжептеуір жігіт. Ата-анасы үлкенге орын беруді үйретпеген бе? Шамалы тұрса мен жетер жерімнен түсіп қалар едім ғой. Бірақ бүгінгі жастардың миын интернет улаған. Қолдарындағы қораптың құлы болған. Оқитын кітаптары, ұстаздары да сол қорап. Өздері осында болғанымен, ойлары басқа жақта. Менің оқушыларымның мұндай болғанын қаламас едім. Осыдан демалысым бітіп, жұмысқа барайын оқушыларыма үлкенге орын беруді үйретпесем.
Жо-жоқ. Бұл жігіттің көзқарасы өзгеше. Бәлкім, орын бергісі келіп отырған болар. Пайғамбарымыз бір кісі туралы жаман ойламай тұрып, жетпіс түрлі үзір ізде деген емес пе? Мен бұл жігіт туралы неге жаман ойлап тұрмын. Менікі дұрыс емес. Өзінің ақшаға сатып алған орны. Отырсын.
Дегенмен бізде үлкенді әрдайым құрметтеген ғой. Сатып алса сатып алған шығар билетті. Қазақ халқы бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі, еліміздің келешегі деп білген емес пе? Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. Бұл балаға жақсы ұстаз жетіспей жүрген шығар, бәлкім. Қасына барып орын сұрайын. Сөзімді жерге тастамас» деп ойлаған Әділ.
– Кешір, бауырым! Өзің көріп тұрғандай көлік жүргелі осы жерде тұрмын. Шамалы ауысып отыруға қалай қарайсың?
Жігіт үндемеді. Қос жанарын төмен салды.
Тілін жұтып қойған ба? Жұрттан ұят болды-ау. Бұл жігітте ұят та жоқ екен. Әлде дұрыс сұрамадым ба? Ішім өртеніп, қаным басыма шауып жатқанын қарашы. Жұдырығымды алып жүгірсем, ұстаз деген атыма сын болар. Біреу ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызына айналып кетермін. Бұл жұрт тәрбиені не қылсын? Тек қызық керек. Ж.Аймауытов «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» дейді. Қазір айтпасам, айта алмай кеттім деп өмір бойы өкінермін. Жас шыбықтай шайқатылып тұрған жастық шағында түзелмесе, үлкейгенде кімге өнеге көрсетеді, қандай ақыл айтады? Не болса да айтарымды айтып кетейін, пайдасын көрмесе зияны тимес деген оймен Әділ жігіттің қасына жақындап:
– Інім, мені ақыл айтып тұр деп ренжіме. Үлкенді сыйлай білуіміз керек. Біз үлкенді сыйласақ, болашақ ұрпақ бізді де сыйлайтын болады.
Ұстаз сөзін аяқтамай жатып, отырған жігіттің қасына жайғасқан ересек кісі Әділге қарап көзімен бірнәрсені меңзегендей ымдады.
Әлгі жігіттің Әділге өзгеше қарауының сыры бар болатын. Әділ отыруды ойлап, ойы сан түрлі болып жатқанда, ол жігіт бір тұрып жүруді армандап отырған еді.
Ол жігіт – мүгедек. Әділ ұялғаннан өзін қоярға жер таппады. Ақыл айтқысы келген ол, енді қалай ақталудың жолын іздеді. Жасаған ісі үшін емес, ойлаған ойы үшін ұялды.
Иә, біз бәрін біле бермейміз. Ақ пен қараның ара жігін ажыратпай тұрып, тез шешім қабылдаймыз. Жаман ойлардың жетегіне еріп, кей кісілерді қаралап қоямыз. Сондықтан ең бірінші кезекте жақсы нәрсе ойлауымыз керек. Жақсы дүние жақсы ойлардан басталады.
Ерұлан ДАТКЕНОВ