Үзілмеген үміт
Қоңыр күздің сұрланып, қатқыл мінезбен мізбақпай тұрған сыртқы көрініске үнсіз қарап, іштей егіліп сағынышқа толы жүрегімен алысқа көз жүгіртіп отырған кейуананың көзінде мұң, көкірегінде шер болып қатқан қайғы. Осы зілбатпан қайғы еңсесін басып, тұла бойын тіктетпей-ақ қойды. Келер деген үмітпен көшеге көз тіккеніне, кіріп келер деген ниетпен ағаш есікке елеңдегеніне де бес жылдың жүзі болыпты-ау.
Жастығының астына жасырып, күндіз сырласып, түні бойы үнсіз құшақтап жылайтын жалғыз ғана жансыз сурет. Ана үшін қолындағы бар байлығы осы. Жалғыз ұлы дүние есігін ашқанда қуаныштан дәл бүгінгідей егіле жылаған-ды. Бұл өмір дегенді қойсаңшы. Бірде қуаныштан, енді бірде кеуде басқан шерден өкси жылайсың. Ұрпағымның жалғасы, қартайғанда аузыма су тамызар қолғанатым деп әке мен ана бар еңбегін сарп етті. Ішім-жемнен кенде қылмай, қатарынан қалмасын деп алыстағы қалаға оқуға да аттандырды. Ананың үкілеген үмітін ақтап, жалғыз ұлы білімдар болып өсті. Қазіргідей заманда оқыған адам жерде қалсын ба? Шетел асып білімін жетілдірді. Белді қызметтің тізгінін ұстап, өрге де көтерілді. Баласының амандығын тілеп, үйдегі ата-ана тақымын қысып, тілеулес болып қала берді.
Уақыт шіркін жүйрік ғой. Көзді ашып жұмғанша зыр ете түседі. Шаңыраққа келін түсіріп, ана жүрегін тағы бір шаттыққа бөледі. Қызметтің қалада екендігін желеу етіп, ауылда аялдамай, ертесіне-ақ жолға шығып кеткен. Бір хабарын бермей кеткен жалғыз ұл мен қапыда қаза болған шалының қайғысы араласып, алпысты енді ғана еңсерген ананы тез қартайтып жіберді. Отыз бес жыл отасқан қара шалының қара шаңырағын құлатпаймын деп ұлының айтқанына көнбей ауылда қалды. Жалғыз жанға өмірдің қандай мәні бар?! Ауылға ат ізін салмаған жұмысбасты ұлы анасын көшіріп алуға бір-ақ келді.
Жылдар жылжып, бойдан қуат қашқанда осы кезге дейін түтіні түзу шыққан шаңырақтың оты өшті. Жанына жалау болар жалғыз келіні кірпияздау болып шықты. Қаланың өміріне көндіге алмаса да тәп-тәтті немересімен жап-жақсы уақыт өткізеді. Соңғы кездері сырқаты жиі мазалап, төсек тартып жатып қалатын жағдай көбейді. Осындайда келінінің қабақ шытатынын көрсе де көрмегендей кейіп танытады. Бар қуатын жинап, тіктеліп отыруға тырысқанмен кәрілік жеңіп, шамасын келтірмеді. Екі аяғы қозғалмай жүруден де қалды. Осыны ауырсынды ма келінінің күлкісі азайып, жолдасымен көп керілдесетінді шығарды. Қайран шеше, бұндай бейнет бергеніне іштей налыды. Бірақ, не шара? Құдай басқа салды, көнді.
Әншейінде көп сырласа бермейтін ұлы бірде кешкілік жанына жайғасып, анасына үнсіз қадала қарап отырды. Іштей бір пәлені сезгендей, қарт ана күлімсіреп, баласына мейірлене қарап жатты.
– Апа, біз жұмысымыз көптіктен сізге жөнді қарай алмаймыз. Сізге емделу керек. Ертең өзіңіз секілді қариялар демалатын орынға апарамын. Жақсылап тынығуыңыз керек, – деді де бөлмесіне кіріп кетті.
Міне, сол күннен бері осында. Кетерінде “Апа, жиі келіп тұрамын, уайымдамаңыз” деген баласын күтіп жатқанына да біраз болды. “Келіп тұрамын”. Осы бірауыз сөз ананың жүрегіндегі үмітті әлі сөндірген емес. Бүгін де күтті. Келмеді. Қайран ана, “бәлкім жұмысы көп болған шығар, ертең келер” деген үмітпен төсегіне қайта жантайды.
Үміті үзілмеген ананы арманы алдамаса екен...
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА