Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орны бөлек өр тұлға

Орны бөлек өр тұлға


Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің біртуар перзенттерін өскелең ұрпақ жадында сақтап, біліп өсуі тиіс деген болатын. Міне, ұрпаққа үлгі боларлық азаматтың бірі – Құрманбек Бекпейіс. Ол туралы айтылар естеліктер көп...
Құрменбекпен кездесуіміз жиі болған жоқ. Әйтсе де, сырттай бір-бірімізге тілектес, ниеттес болып жүрдік. Шалғай ауылда жүрсе де Құрекеңнің дабысы жалпақ қазақ еліне саңқылдап жетіп жатты. Көненің көзіндей, Тайжан мен Нартайдың өзіндей болған өнерпазды еліміз ардақ тұтып, төбесіне көтерді. Шамасы 2000 жылдардың басында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасында студент жастармен кездесу өткіздік. Тұңғиық, мейірімді қара көздері мөлдіреп Тайжанның «Сыр бойына» деген әнін шырқап берді. Ел естімеген осы бір тамаша әнді жастарымыз бойтұмардай сақтап, осы заманда жалғасын тауып шырқалып келеді. Сол сияқты қаншама дүние қалды үйренбеген. Ендігі міндет Құрекеңнің қалдырған мұрасын, репертуарларын зерттеп іздестіріп, халыққа жариялау керек.
2000 жылдардың басында жол түсіп, Қошқарбек Тасбергеновке еріп, 50 жылдығын тойлап, Қызылорданың Шиелі өңірінде концерт қойдық. Жанымызда ­Рамазан Стамғазиевта болды. Концерттерде халық көп жиналып, бір жақсы сапар болып еді. Құрекеңді ауылынан кездестіріп, аз уақыттың ішінде әмпай-жампай болып, қимай қоштасып кеткен болатынбыз. Алайда, 2-3 күннен кейін маған Алматыға Құрекеңнен хат келеді.
Діл – тірек, дін – құдірет, тілім – маржан,
Ой – өріс, өнер – өрнек, ақылым – арзан.
Пәлсапа пәндәліктің еншісінде,
Білімнің жолы ауыр кәулеп қазған.
Қайреке, қадірменді, аға едің
Қырандай көкке шарлап қанат жазған.
Үніңде сары даланың сыры жатыр,
Қыйқуың қалтқысыз қоңыр қаздан.
Қырмызы қызды ауылды тұр-тұрлатар,
Ән шалқып, бәйшешектей қауыз жарған.
Сымбатты сал ғұмырға жетелейді,
Әсерлі әуелеген әуез алдан.
Ауыл, ел, асыл аға ден аман ба?
Азырақ хабардарсыз біздің қалдан.
Бес уақ құлшылықтамыз Жаппар хаққа,
Түбінде болмаса екен бәрі жалған.
Біз жақта дария шалқып, жер шырайлы,
Елдігін еркін халық қолына алған.
Айтпақшы Қошқарбектей кемеңгерге,
Сүбелі сәлем болсын сұлу Сырдан.
Қағылез шәкірттерің шыңға өрмелеп,
Сүрлеумен келе жатыр сіздер салған.
Рамазан Стамғазиевтай азаматқа,
Салдықтың, серіліктің дүрі тамған.
Ай бозы Алашымның сіздерсіздер,
Жолында жүк артылмас жампоз нардан.
Сіздерді Сырдың елі сағынуда,
Мөлдір үн мың быраулы күйге қанған.
Құр сәлем болмасындеп құрметтіме,
Екі кола насыбай кетті біздің қолдан.
Әйтеуір амандықта қауышайық,
Сырдағы әм шайырың әрі молдаң.
Осы орайда «Әкеден ұл тумас па, әкенің жолын қумас па?» деген дана халқымыздың өсиеті ойға оралады. Құрекеңнің ұлы Мұхамедәлі әкесін тірілтіп, еңбегін жинақтап кітап жазып жатқанын естіп көңілім марқайды. Алла өнерін де, өмірін де жалғайтын саналы ұрпақты нәсіп еткенін көрмейсіздер ме?

Қ.Байбосынов,
ҚР Халық әртісі, профессор
19 қазан 2019 ж. 696 0