Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек

Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек

Өткен сейсенбіде Бала би ауылында серілер білек күші және білімі арқылы сынға түсті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Бала би ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауына білекті де жүректі жігіттер қатысып, мықтылығын танытты.
Сайдың тасындай сап түзеген сайыпқырандар сайыс барысында садақ ату, қазақ және қол күресі, теңге алу мен аударыспақтан бақ сынады. Бұла күштерін ортаға салған жігіттердің арасында оқ бойы оза шапқандар да, «Әттеген-ай!» деп жеңіске жете алмағандар да болды. Алайда, қазылардың шешімімен қатысушылардың арасынан ең үздік дегендер ғана жүлделі орынға ие болды.
Нәтижесінде бас жүлдені Бала би ауылының тұрғыны Дастан Жақыпов иеленіп, «Жігіт сұлтаны – 2019» атанды. Ал Сырдария ауданынан келген Бақытжан Аңламасов бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Жалағаш ауданының жампозы Зада Нұрқаділ еншіледі. Шиелілік Нұрбол Зұлыпқар мен жаңақорғандық Насриддин Файзулла үшінші орынның тұғырына шықты. Жарыс барысында өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Қатысушылар марапатқа ие болып, мерейі арта түскеннен кейін шара әрмен қарай әсем әнмен жалғасты. Сонымен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы С.Дүйсенбіұлы, өңірдің мәдениет майталманы Ә.Оспанов және кәсіпкер П.Күзембай өздерінің жүрек жарды лебізін айтып, жиналған жұртшылыққа ақ тілегін арнады.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
15 қазан 2019 ж. 2 187 0