Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бата алған ақын

Бата алған ақын

Бата – қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан қадірін, қасиетін жоғалтпаған, қайта жылдар өткен сайын жасарып, жаңарып, ұрпақ санасында жаңғырып келе жатқан киелі ұғым. Қазақ жаңа тірлік бастағанда, сапарға шыққанда, тіпті ел қорғаған батырлар да сол елдің батагөй қарияларының алдына барып, тізерлеп отырып бата алған. Батаға, яғни Аллаға толық сенген, қастерлеген халықпыз.
Жаратушы Пайғамбардан кейінгі сөзі дуалы, батасы қате кетпейтін Алланың назарындағы киелі адамдарды сирек болса да ортамызға жіберіп жатыр. Міне, сондай жаратылысы бөлек, аузы дуалы, ерекше жаратылған Сырдың даңқты күрішшісі – Ы.Жақаев атамыз. Ыбырайдың қолынан еңбек аттестатын алып, қызу тірлікке араласқан еңбек адамдары, ел басқарған елге белгілі азаматтар қаншама? Олардың аттарын атасақ, тізімді оқуға да жалығасыз. Қызығасыз. Шынында осылардың бәрі атаның батасын алған ба деп таң қаласыз.
Ыбекеңнен бата алған Сыр елінің дара перзенттерінің бірі – биыл дүниеге келгеніне 110 жыл толуын үлкен мереке ретінде аудан жұртшылығы атап өтіп жатқан қазақтың ақиық ақыны Әбділдә Тәжібаев.
«Туған жерге табаным тисе,
Қара шалды іздеп барамын.
Жас кезімде батаңды алып,
Өскен ақын балаңмын» деп жырлауы сол сыйластықтан туындаса керек. Бұл ақынның жас кезінен диқан атаға жақын болуы, оны аға тұтуын білдіреді.
1971 жылы диқанға екінші рет Социалистік Еңбек ері атағы берілген кезде жүрек жарылардай қуанышпен ағатайлап «Мен де бүгін 80-ге келген тойында, ақ қырау басып, шаршаған басымды алдыңда тұрып иемін» деуі ағасына деген шексіз құрметтің, бата алған адамын пір тұтып, қастерлеудің биік шыңындай сезіледі.
Ақын мен диқан атаның арасындағы сыйластық әріден, яғни Ыбыраймен Әбділдәнің анасы Айманкүлдің арасындағы жақындықтың жалғасы сияқты. Диқан 1947 жылы алғашқы рет гектарына 171 центнер өнім алып, дүние жүзін дүр сілкіндірген кезде рекордтық өнімге жапон, корей ғалымдары жағасын ұстап, орыс ғалымдары күмән келтіріп, «Үш әріптің» адамдары араласып қайта-қайта астыңғы жерді өлшеп, диқанға тыныштық бермегені белгілі. Сол кезде тексерулерден әбден ығыры шыққан диқан «Жерлерің анау жатыр» деп даланы көрсетіп, «Дәндерің мынау жатыр» деп қырманды көрсетіп «Мен Айманкүлдің өлеңін, Нартайдың даусын естуге кеттім» деп, қаракер атқа қамшы салып кетіп қалуы ақын мен диқан арасындағы сыйластықтың белгісі болса керек. Ақынның да анасын пір тұтып қадірлеген диқанға құрметі ерекше еді.
Туған жерін шексіз сүйіп, немістің Гетесі мен Гейнесі, Рейнін жырлағанда, «Маған неге Сырдариямды жырламасқа» деп туған жердің тұғырын биіктеткен Әбділдә ақынмен кездесудің сәті түскенін оқырманға айта кетуді жөн көрдім.
1980 жылдардың бас кезінде Орталық партия комитетінің пәрменімен Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева туралы деректі фильм түсіру үшін Алматыдан «Қазақ фильм» киностудиясынан арнайы топ Еңбекші совхозына келді. Мен ол кезде совхоз партия комитетінің хатшысымын. Топтың құрамында Әбділдәның ұлы Рүстем бар екен. Екі ай шамасындай бірге болдық. Арасында нағашымның ауылы екен деп өзі әзіл тастағысы келеді.
Мен де кейде «Рүстем, бізге қалаға барғанда не көрсетесің, жас кезіңнен машықтанған өнерің бар ма?» деп әзіл тастаймын. Сөйтсем ол «Мен әкемнің вольгасын айдап өскен баламын. Қалаға келсең, бағдаршамның тек жасылымен жүріп, еш жерге тоқтамай үйге алып барамын» дейтін. Сол жылы күзде Алматыға жолым түсіп, Шиеліден шығарды. Рүстемге хабарласып, жолға шыққанымды айттым. Ертеңіне пойыздан күтіп алып, шынында еш жерге кідірместен үйіне алып келді. Ақынның үйі екі қабатты екен. Әбекең жоғары қабаттан төменге көп түсе бермейді екен. Ақынмен әңгімелескеннен кейін Рүстем екеуміз төменге түстік. Гүлжахан келіннің ықыласы ерекше. Шайды енді бастай берген кезде жоғарыдан ақынның «Рүстем» деген даусы естілді.
Сөйтсек Әбекең төменге түскісі келіпті. Рүстем сүйемелдеп дастарқанға отырды. «Бала елден келген екен әрі өзім жақсы көретін Ыбырайдың ұрпағы әрі жерлесім болған соң шыдай алмадым» деді.
Шынында өзін сүйетін елі бар да, ақын өмірі қартаймайды. Өлеңі бар ақынға өлім жоқ. Жарқырап, жаңғырып тұра береді. Туғанына 110 жыл болса да, ақын күнде жанымызда сияқты, оның талантына табынамыз. Өйткені, ол жай ақын емес, атадан бата алған ақын. Атадан бата алған азбайды, тозбайды. Ақын халқымен мәңгі жасай береді.


Есіркеп Шәдібеков,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі
12 қазан 2019 ж. 593 0