Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аманат – ауыр жүк

Аманат – ауыр жүк

«Адамды адам еткен еңбек» екені барлығымызға мәлім. Алайда, қазіргі таңда көпшілігі қызметіне күнкөріс ретінде қарайды. Күнделікті күйбең тірлік өз жұмысын сүйіспеншілікпен атқаруына мүмкіндік бермей жатады. Ал Ахмет Әбдуәлиев қызметінің қиындығына қарамастан, оған деген ыждағаттылығын суытып, жауапкершілігінен тайған емес. Пошта қызметкерлері күні қарсаңында еңбегі көптің көзінен таса жүретін тасымалдаушылар турасында жазуды жөн санадық.
Ахмет Сейітбайұлы – 1973 жылы Ыбырай­ Жақаев ауылында туған. Орта білімді Ә.Монтаев атындағы №149 қазақ орта мектебінде алады. Білім ордасын тәмамдаған соң Талдықорған қаласына әскерге аттанады. Екі жыл қатарынан Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, бірнеше жыл шаруашылықта қызмет атқарады. Ал 2016 жылдан бастап туған ауылының тасымалдаушысы болады. Сол сәттен бастап халықпен етене араласып, газетті уақытылы әрі жылдам жеткізуді өзіне мақсат етіп қояды. Десек те, Ахмет Сейітбайұлының жұмыс барысында бұзуға болмайтын бір ұстанымы бар. Ол – аманатқа қиянат жасамау. Иә, алғашқы күннен-ақ басылымды көпшіліктің аманаты ретінде түсінген ол бірер сәтке де газетті кешіктіргісі келмейді.
– Барлық газетті тарату үшін бір күн кетеді. Таңғы 8:30-да шыққанның өзінде, кеш қарайғанға дейін жалғасады. Қазіргі таңда өзіме ұлым көмектеседі. Оны осылайша еңбекке баулығым келеді. Себебі, өзім жастайынан кез келген тірлікке икемді болдым, соның арқасында бүгінгі таңда ешқандай таршылық көріп отырған жоқпын. Балаларыма да осы қағиданы ұстанғым келеді, – дейді А.Әбдуәлиев.
Кейіпкеріміздің айтуынша, халық арасында жүріп алғысқа кенелетін сәттер жиі болады екен. Жұртшылық басылымның соңғы нөмірін Ахмет ағаның уақытылы жеткізетініне дән риза. Осылайша Ахмет Әбдуәлиев аудан халқының ақпаратпен қанығып, рухани баюына өз септігін тигізіп отыр.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
08 қазан 2019 ж. 533 0