Жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет
Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. 2014 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның негізгі міндеті мемлекеттік қызмет саласындағы басшылықты, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Одан бөлек «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі болып табылады. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз.
Жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқығы мен міндетін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірі саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Айдос ӘЛИЕВ,
аудандық қазынашылық басқармасының
бас маманы, бас қазынашысы