Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәттілік тілеп, жылы лебізін арнады

Сәттілік тілеп, жылы лебізін арнады

Жуырда «Мерейлі отбасы – 2019» байқауының облыстық сайысында шиелілік Қиянбековтер отбасы оза шауып, республикалық сайысқа жолдама алған болатын. 2013 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен өткізіліп келе жатқан байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Осы жылы облыс өңірлерінен 372 отбасы қатысқан. Қыркүйектің жетісінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жарысқа облыс атынан Қиянбековтер аттанады. Әмір және Қалкүл Қиянбековтер 6 ұл, 4 қыздан 45 немере, 16 шөберенің қызықшылығын көріп отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан Әмір ақсақалдың «Еңбек Үздігі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы болса, Қалкүл апаның «Еңбек ардагері» ордені, «Алтын алқа» белгісі бар. Жеңімпаз интерактивті дауыс беру арқылы анықталады.
Аптаның сейсенбісінде жол жүретін Қиянбековтерге 85 мың халқы бар киелі өңірдің әкімі мен ақсақалдары сәттілік тілеп, жылы лебізін арнады.

Назерке СЕРӘЛІҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2019 ж. 707 0