Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Естеріңізде болса, биылғы жылдың көктем айында ауданда «Самғау» білім орталығының жаңа ғимараты ашылған болатын. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, көкірегіне нұр себуде өжеттік танытып жүрген Мөлдір Дүйсенова тағы бір қамқорлық бастамасын насихаттауда.«Самғау» білім орталығында 15 ұстаз, 200-дей оқушы білім алуда. Түрлі заманауи теxникамен жабдықталған білім мекені белсенді түрде қайырымдылықпен айналысады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 40 оқушыны ағылшын тілінен тегін оқытып, аз қамтылған отбасы балаларының да білім алуына жұмыла жұмыс істеуде. Көзді ашып-жұмғанша жаздық маусымның демалысы бітіп, мектепке оралатын шақ та таяп қалды. Оқу жылына жіберерде ата-аналар балаларына жаңа киім мен оқу құралдарын әперіп, жақсы оқуына жағдай жасап бағады. Қысқа жіптің күрмеуге келмейтіні секілді, айлығы шайлығынан артылмайтын кей отбасылар осындай шақта қолдауды керексінетіні жасырын емес. Балаларға қамқорлықты ел ертеңіне деген қамқорлық деп білетін «Самғаулық» тәрбие тағылымын дарытушылар «Жүрекке жылу сыйлайық» қорын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасы балаларын керекті мектеп құралдарымен қамтасыз етуде табандылықпен тер төгуде. Дәлірек айтсақ, жуырда демеушілердің қолдауы арқасында 30 мектеп оқушысы керекті жабдықтарын түгендеді. Айтулы шараны ұйымдастырып отырған орталыққа ата-аналар жылы жүректен шыққан жақсы тілегін білдірді. Ізгі іс қолдаушыларының табылуы киелі өңір тұрғындарының қайырымдылық құндылықтарын ұғына білуінде болса керек.
– Шамамыз келгенше тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналарға ай сайын көмек беруді мақсат етіп, сол жолда жұмыс істеудеміз. Киілген таза киімдер, азық-түліктер арқылы көмек қолын созып отыратын отбасылар да бар. Аудандағы жомарт жандарды сауабы мол тірлікке ат салысып, жақсылыққа қадам бастар істің қолдаушысы болуға шақырамыз. Тағы бір айта кететін мәселе бар. Бізде ауылдық жерлерден қатынап оқитын оқушылар көп. Кейде жол қиындық туғызып жататындықтан, ата-аналар ауылда филиал ашуымызды сұрап жатады. Ағылшын мен орыс тілі сабақтарына қосымша сабаққа сұраныс басым. Егер мектеп директорлары кабинет беріп, қолдау білдіріп жатса, біз ауыл балаларымен де жұмыс жасауға дайынбыз, – дейді «SAMGAU» білім ұясының негізін салушы М.Дүйсенова.
Ендеше, даму мен жаңашылдықты талап ететін білім саласында қызмет атқарып, қайырымдылықты қатар алып жүрген білікті мамандар шоғырының қоры алтын жүректі жандармен толыға берсін демекпіз. «Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені, құр алақан қайтару одан да аз» дейді Әли (р.а.). Өзгеге қайырымды іс жасауда жүректің кеңдігі болмаса, қалтаның қалыңдығының маңызы шамалы. Қашан да мәрттігімен ерекшеленетін қазақпыз ғой, қайыры мол қайырымдылықты, шекарасы өлшеусіз жақсылықты жасауда ұйытқы бола білейік.

Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА

24 тамыз 2019 ж. 1 108 0