Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу – ой азығы

Оқу – ой азығы



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елдің білімге деген құштарлығын ашу жолында жұмыс істейтін жобалар жасалған болатын. Сәйкесінше ғасырлар даналығының қазынасы іспетті кітапханалар жаңашаланып, ішінен білім орталықтары ашылуда.
Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында аудандағы орталық кітапхана маңынан «Самғау» атауымен коворкинг орталық ашылған болатын. «Coworking» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «бірге жұмыс істеу» деген мағынаны береді. Коворкинг бұрышы бар білім мекенінің ашылуы көзіқарақты оқырманның кітапханаға деген көзқарасын жаңғыртқандай. Жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі, компьютер, сканер, түрлі танымдық СД дискілер мен кітаптары бар орталық барлық санаттағы келушілерге өте ыңғайлы. Шахмат, шашка, дойбы ойнап, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға, тіпті жайланып отырып шәй мен кофе ішуге де мүмкіндік бар. Аталмыш орталыққа бас сұққан кез келген адам сол жердің аурасына қарап-ақ оқу мен дамуға құштарлықтары ашылардай десек артық айтпағандық болар. Оқушылар сабақтарын орындап, жеке шығармашылық жұмыстарымен айналысса, неше түрлі дебаттық ұйым өкілдері жарыстар мен пікірталастар өткізе алады.
Ауыл-аймақтар үшін жасалып жатқан мұндай мүмкіндік сапалы білім мен жарқын болашаққа бастамақ. Осындай мәдени даму аймағының бірі жуырда Досбол ауылдық кітапханасында ашылды. Ауыл әкімі Ержан Ахметов орталықтың ашылуымен ауыл жастарын құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Білімге деген құштарлықты қалыптастыруды мақсат ететін бұл орталық заман ағымына сай керекті құралдармен қамтамасыз етілген. Кітапхана меңгерушісі Айгүл Жәлиқызының айтуынша шахмат пен тоғызқұмақ ойнап, интернетті еркін қолдануға жағдай жасалған даму аймағы ауыл балаларының сүйікті орнына айналып үлгерген.
Бұған дейін коворкинг орталық Шиелі аудандық орталық кітапханада, Еңбекші, Сұлутөбе, №1 кітапханаларда ашылған болатын. Досбол би ауылындағы білім орталығы аудан бойынша төртіншісі.

Назерке Мұхамедиярова.
05 маусым 2019 ж. 1 204 0