Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиял мен төзім жемісі

Қиял мен төзім жемісі

Қазақ қашаннан қолөнерден құралақан емес. Ұлы Даланың мың жылдық тарихына көз тастасаңыз, ХАЛЫҚТЫҢ бітім-болмысы мен тұрмыс-тіршілігі қолөнермен біте қайнасып жатқанын байқаймыз. Ал ақ жаулықты аналардың «Қыз – еркем, кестесімен көркем» деп қызды қарғадайынан-ақ ине іліп, кесте тігуге баулығаны белгілі. кез келген нәзік жанды жыртық жамауға икемді. Алайда, оның барлығы он саусағынан өнер тамған ісмер болуы неғайбыл. Осы тұста тұла бойындағы талантын талабымен ұштастыра білгендер ғана қас шеберге айналары анық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Гүлнәр Смағұлқызы да сондай жандардың қатарында. Оның қазіргі таңдағы жетістігі – шыдамдылық пен ынта-жігердің жемісі.
Гүлнәр Қозыбай – 1979 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала кезінен қылқалам шеберлеріне қызығып, сурет салуға ынтасы оянады. Алайда, ес жиып, етек жинаған соң бағыты басқа жаққа бұрылып, қолөнермен айналыса бастайды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әр түрлі үйірмелерге қатысып, шеберлігін шыңдайды. Сан салалы заттарды жасауды өз еркімен ізденіп, қиялының жүйріктігі арқасында іске асырады. «Болат біз қап түбінде жатпайды» демекші, қазір ісмердің істеген бұйымдарына қызықпайтын жан жоқ. Бұл Г.Смағұлқызына қосымша табыс табуға да септігін тигізуде. Алайда, ол мұны кәсіптің көзі емес, сүйікті ісім деп санайды.
– Бос уақытымда немесе тың дүниені көргенде соны жасамайынша байыз тауып отыра алмаймын. Кейде үш күн орнымнан тапжылмастан қолөнермен айналысатын кез болады. Сүйікті жұмысым болғандықтан ба, шаршау мен шалдығуды сезбеймін, – дейді ісмер.
Жылдың төрт мезгілін моншақ пен қағаз сүлгіден шашауын шығармай жасайтын шебердің бұйымдары балабақша қызметкерлерінің арасында сұранысқа ие. Аудандағы бірнеше балабақшаның табиғат бұрышында Гүлнәр ісмердің қолтаңбасы бар. Бұдан бөлек шебердің туындылары тұрғындарға да қуаныш сыйлап, көңіл таразысынан жоғары баға алып жүр. Байқағанымыз қолөнер шеберінің жаны табиғатпен тығыз байланыста. Ол өз бұйымдарына айналаның сұлулығын арқау ете білген. Содан кейін ықшам да мәнді үйлесім, түстердің жоғары талғаммен таңдалуы, қолдың дәлдігі мен қиял ұшқырлығына мән берген. Осы орайда Гүлнәр Қозыбай шеберлерде болуы шарт мінездердің де бар екенін айтады.
–Қолөнермен айналысу үшін ең бірінші шығармашылық қабілет керек. Одан кейін шыдамдылық. Егер осы екі қасиетті бір-бірімен байланыстыра білсе, бұйым ойдағыдай шығады. Тағы бір айта кететін жайт, қолөнерші өмірге құштар, тек көңілді күйде жүру керек. Бұл әдемі, сапалы дүние шығуына көп көмектеседі, – дейді ол.
Өнер – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет. Оның бәзбіреулер білмейтін қыры мен сыры көп. Осы тұста сырлы өнердің сырын біліп, төзім мен қиялды қиюластыра алатын қолы шебер жанның өнімі көпке үлгі қыларлық дүние. Сол себепті ол өкшесін басып өсіп келе жатқан сіңлілерін, бабын жасап отырған балаларын өнерге машықтандыруда. Сондай-ақ өзі жұмыс істейтін №244 Ы.Жақаев атындағы мектептің шәкірттеріне шеберліктің шыңына шығудың жолын насихаттауда.
«Өнерлінің өрісі кең» дейді қазақ. Демек тақырыпқа арқау болған бүгінгі кейіпкеріміздің еткен еңбегі мен төккен тері талайлардың жадынан жойылмайтыны анық.

Маржан БОЛАТ

23 тамыз 2019 ж. 982 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930