Өскен өңір Шиелi аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Бассыздық

Бассыздық




Жалпы Шиелі ауданының мұқым республикада алатын орны ерекше. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл өңір жұртқа ежелден жүзін күн қақтап, иығына кетпен ілген дихандарымен таныс. Сонымен қатар отар-отар қой, үйір жылқы, табын сиырды алдына салып баққан бақташы-шопандарымен де жалпыға белгілі. Елдегі еңбеккерлердің арқасы болар, өңірдің әлеуметтік-экономикасы қалыпты дамып, өндірісі өркендеп, кәсібі қарқын алып келеді. Осы елде өндірілген өнім мен жерінен шыққан дән де алты алашқа тарап, мемлекеттің игілігіне жарауда. Сондай-ақ өнері мен мәдениетінің де өзіндік орны бар. Киелі мекеннің арғы-бергі тарихына үңілетін болсаңыз, тамыры тым тереңге тартқанын байқайсыз. Міне, осындай мақтауы келіскен мекеннің бүгінгі келбеті күн өткен сайын ажарланып, уақыт үдерісіне ілесіп, биікке өрлеп, дамып келеді. Бұл ретте аудан басшылығын тізгіндеп отырған ел ағаларының да тынымсыз тірлігі мен жауапкершілігі зіл батпан міндетті адал атқарып отырғанын айта кетуіміз қажет.

Иә, осы күні мәселенің байыбына бармай жатып, қиқуға басып, «Аудан әкімі қайда қарап отыр?», «Жауапты басшылар неге үнсіз?» деп бұқара арасында билікті жерден алып, жерге салатындар көп-ақ. Әлеуметтік желі арқылы үйде жатып, әкімдерді сыбап жататындарды да кездестіріп жүрміз. Көтерген мәселелері мен сын-ескертпелері құптарлық болса жөн дерсіз. Бірақ ондай сауатты сын мен парасатты пікірді байқай бермейсіз. «Жақтым күйе, жаптым жала» дегендей дәлел-дәйексіз, ешқандай дерекке сүйенбей жатып орын алған оқиға мен туындаған мәселенің бір ғана жағын көріп, өз бетінше топшылайды. Ал оны терең түсініп, қай деңгейде бітетін іс екеніне бас ауыртпайды. Солайша, күні-түні ел аралап, егістік жағалап, шаруашылықтың жұмысы шатқаяқтап қалмасын деп шапқылап жүрген әкімдер мен мекеме, бөлім басшыларының қызметтеріне кері әсерін тигізіп, жұмыстарына қосымща жұмыс жүктейді. Әрине, бұл сөзіміз халық жаңа технологияны пайдаланбасын, әлеуметтік желіге жоламасын дегеніміз емес. Тек сынды сауатты, кісінің мінін іздемей, керісінше әдеп сақтап жанашырлық танытып жазса екен деген ой ғана.
Жақында бір танысыммен сөйлесіп отырып, әңгімесінен бүгінгі блогерлерге деген іштей қыжылының бар екенін байқадым. Содан әңгімесіне құлақ асып, сөзін тыңдап көрдік.
– Өткенде Шиеліге өзін блогермін деп таныстырған бір кісі келді. Сөйтіп, мән-жайды түсіндірместен кенттегі қоқыс шашылған жерлерді іздеп тауып, таспаға түсіріп, онысын әлеуметтік желіге жүктеп жіберді. Солайша облыс әкімінің жарлығымен бекітілген екі айлық сенбілікте атқарылған жұмыстар мен аудан әкімі Ә.Оразбекұлының өзі бастап шыққан «Бірге – таза Қазақстан» атты акция аясында біткен шаруаны бір ғана суретімен жоққа шығарды. Неге олай жасайды? Адам өзгені сынау үшін алдымен өзі соған лайық болуы керек емес пе? Сондай адамдардың өз үйін қаншалықты таза ұстайтынына жеке өзім күмәнім бар, – деп базынасын білдірді.
Қарап отырсаңыз, сөзінде жан бар. Біздің білуімізше, соңғы уақытта аудан көлемінде тазалықты сақтап, айналаны таза ұстауға қатысты нешелеген ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ біздегі қоғамдық орындарда адамдардың өзін-өзі ұстау мәдениеті қалыптаспағандықтан, әкімшілік істеген жұмыстар жоққа шығып, әлгіндегідей желі қолданушылары қирап-сынып жатқан дүниелерден жаңалық жасап, өз мақсаттарына пайдалануда. Мәселен, кент орталығындағы өткен жылы лентасы қиылып, пайдалануға берілген скверлердің бүгінгі жайы соғыстан кейінгі көріністі көз алдыңызға әкеледі. Қаншама қаржы бөлініп, халық игілігіне берілген су жаңа демалыс орнын әкімшіліктегілер ойрандамайтыны белгілі ғой. Айтсақ өзімізге тиеді әп-әдемі дүниені жылға жеткізбей тас-талқанын шығарып, «Басшылық қайда қарап отыр?» деп арызданамыз. Басқа-басқа ұлттық киім киіп, қазақылығымызды көрсетіп тұрған жалғыз мүсіннің басын жұлып, бассыздық жасағанымыз тіпті ұят енді. Онсыз да бас уәзірінің басынан айырылған халық едік, енді міне, тағы бір басты жоғалтып отырмыз. Елдегі бассыздықпен ел, халық, жұрт болып бүгіннен бастап күреспесек, болашақта «бассыздар» мекеніне айналуымыз ғажап емес.

Елдос Жүсіп

13 тамыз 2019 ж. 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (8723)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (8722)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (8721)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам