Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп оқушысы ALTYN OIMAQ ұлттық байқауының финалына өтті

Мектеп оқушысы ALTYN OIMAQ ұлттық байқауының финалына өтті

ÐекÑеп оÒÑÑÑÑÑ ALTYN OIMAQ ұлÑÑÑÒ Ð±Ð°Ð¹ÒаÑÑнÑÒ£ ÑиналÑна Ó©ÑÑÑ
Айбибі Әбуова «Спорт аяқ киімінің үздік кастом дизайны» аталымы бойынша «ALTYN OIMAQ» дизайнерлердің ұлттық байқауына қатысып, финалға жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп оқушысымен «Хабар 24» тілшісі кездесіп, сұхбат алды.

– Мен 11 сыныпқа енді көштім. Кәсіби дизайнер емеспін, бірақ қолөнершілікпен айналысамын. «ALTYN OIMAQ» байқауының бірінші кезеңінен өтпегенімде, дизайнерлік жайында ойламаушы едім. Тіпті байқаудың жеңімпазы атанбасам да, бірінші кезеңнен өту жаңа үміт беріп, өмірлік бағытымды өзгертуіме ықпал етті, – дейді Айбибі.

Өзін кәсіби шебер санамайтын оқушы байқаудың бірінші кезеңінің нәтижесін естігенде таңғалғанын жасырмады. Байқауға қатысуға ұзақ дайындалған Айбибі эскиздердің түр-түрін сызған.

– Ерекшелігім, мен әрқашанда неге, не үшін, қалай деп кез келген істің мәнін көруге, анықтауға тырысамын. Бойымдағы осы қасиетім маған үлкен болсын, кіші болсын, баршамен тіл табысуға көмектеседі. Сондықтан да мектептегі үлгерімім жақсы, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде қонақ үйлердің бірінде ресепшионист болып жұмысқа тұрдым. Байқауға өтініш жіберер алдында ережелерімен жақсылап таныстым, негізгі идеяларымды жазып алдым, әр аталым бойынша күшімді бағамдап көрдім. Осының бәрін біліп алғаннан кейін қызығып, дизайнға кірістім, – деп есіне алады Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.

16 жастағы қыз бала шығармашылықты бала кезінен бастағанын айтады.

– Бала кезімде заттарды бүлдіріп қойғаным үшін ата-анам жиі ұрысатын. Тіпті ата-анам ғана емес, барлық туысым мені қолымда қайшы, қымбат киімдермен бірге бөлмеде жалғыз қалдыруға қорқатын. Өйткені басыма кенеттен келген идеямен шабыттанып кеткен мен қандай зат болсын «қиқалап» тастауым бек мүмкін еді. Сөмкедегі әдемі моншақты жұлып алу, перделерді кескілеу, қабырғаларға сурет салу, опа-далаптарды бүлдіру мен үшін әдеттегі іс болатын. Бұл істерімнің нәтижесі ата-анамды қуантпаса да, олар маған еркіндік берді. Осының арқасында, бәлкім, менің шығармашылыққа қызығушылығым артып, ойымдағы идеяны жасауға батыл бола түскен шығармын, – деп бөлісті Айбибі Әбуова.

Жас дизайнердің пікірінше, бүгінде сәнді әлеуметтік желілер басқарады. Жастардың басым бөлігі Instagram, Tumblr және YouTub-тегі трендтерге қызығады.

– Көптеген аккаунттарда қалай киіну керек, бүгін қандай үлгі сәнді, аутфит таңдау, қай дүкеннен сатып алуға болады деген сынды ақыл-кеңестер береді. Расымен әдемі, сәнді болғандықтан көбісі сол бойынша киіне бастайды. Егер Қазақстанда тренд бағыты бойынша киім дүкенін ашса, сұраныс көп болады деп ойлаймын. Байқауымша, отандық дүкендерде көбінесе қарапайым көйлектер мен кофталар сатады. Алайда жастарға ашық, қанық бояулар, оверсайздар, шынжыр, тор, әдейі жыртылған кофталар, неғұрлым көңіл тартатын заттар қызық. Жастардың талғамына акцент жасау керек, өйткені масс-маркетті қолданатын да солар, – дейді Айбибі.

Айбибінің дизайнерлердің ұлттық байқауына қатысуына «Арт дизайн» үйірмесінің жетекшісі ықпал еткен.

– Жетекшімнің арқасында осы байқау туралы білдім, айтуы бойынша қатыстым. Қаржы жұмсаған нәрсем кеды мен бояулар ғана. Осы заттарды алып, өзімнің ойымдағыны жасадым. Жұмыс барысы оңай болды деп айта алмаймын, бірақ алдыңа мақсат қойып, оған жету үшін барыңды салсаң, жүрегіңді жылы сезім ұялайды екен, – деп бөлісті Айбибі.

НЗМ оқушысы Айбибі алдындағы мақсаттардың бәрін түгел жайып та тастамады. Тек келесі жылы, оқуын бітірген соң, экологиялық мәселелермен айналысуды жоспарлап отырғанын айтты.

Жас талант Айбибінің ALTYN OIMAQ ұлттық байқауында топ жарып, идеяларын жүзеге асыруға миллион теңге алады ма, оны алдағы уақытта білеміз. Өйткені байқаудың қорытындысы жылдың соңында, желтоқсан айында белгілі болады.

24.kz
07 тамыз 2019 ж. 577 0