Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҚ

ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҚ


Алматы – Қазақстандағы ең ірі мегаполис. Қаланың басты проблемасы – көлік кептелісі. Кейінгі жылдары халық жайлы өмір сүру үшін қала басшысының тапсырмасын орындау мақсатында кешенді көліктік реформасы іске асуда. Мақсат – қаланың экологиялық жағдайы мен қоғамдық көлікті жақсарту үшін жасалған «Алматы – 2020» даму бағдарламасын жүзеге асыру. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Пернебайұлы БАҚ өкілдеріне арнайы жиын өткізді. Басты тақырып –заманауи қажеттілікке сәйкес қаладағы кептелісті азайту, көшелерді ұзарту, көліктік жолайрықтар мен жолдар салу.
Алматы қаласының халқы жыл санап көбеюде. Сондықтан қаладағы көлік қозғалысының қиындауы, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі – өткір мәселе. Автобустардағы қызмет көрсету сапа­сының төмендігі өз алдына бөлек әңгіме. «Оңайдың» оңай емес екенін бұған дейін де «Айқында» жазған едік. Қаладағы көлік кептелісінің негізгі себептері – көшелердің тарлығы, жоғары жылдамдықпен жүретін қалалық және қала маңы жолаушылар көлігінің заманауи жүйесінің (LRT, BRT, қала маңы электричкалары) жоқтығы, автобустардың жетіспеушілігі, білікті қоғамдық көлік жүргізушілердің тап­шылығы, көліктердің көпшілігінің көмекке мұқтаж жандардың жүріп-тұруына ыңғайсыздығы, қала маңында дамыған қоғамдық көлік жүйесінің бол­мауы, ескі қоғамдық көліктердің кіш­кентайлығы.
Осындай мәселелерді шешу үшін былтыр Алматыға 499 жаңа автобус сатып алынған. Оны мемлекет есебінен «Ал­ма­тыэлектротранс» коммуналдық кәсіпор­­ны – 388, Creen bus компаниясы – 50, «АвтоАлматранс» – 46, Батy Travel – 12, «Думантранс» 3 автобус сатып алды. Биыл жекеменшік автопарк иелері тағы да жаңа автобустар сатып алмақ.
171 көше жөнделген
Қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 2023 жылға дейінгі іс-шаралар кешенінен тұратын жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасы бойынша 2017 жылы бірқатар жұмыстар істелді. Басқарма басшысы Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, былтыр Абай даңғылын «Қалқаман» ықшамауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жұмыстар аяқталып, 2 учаске пайдалануға берілген. «Бөкейханов көшесі – Солтүстік айналым көшесі қиылысындағы көліктік жолайрық» жобасы іске қосылды. Алатау ауданында – 10,9 шақырым, Наурызбай ауданында 17,335 шақырым жол салынған. Ұзындығы 147 шақырым 171 көше жөн­делді. 6 көпір мен Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өткізілген. Жол жөндеу жұмыстарының негізінде қаланың көше-жол желісінің асфальт-бетонды жабы­нының 230 000 астамы жаңартылды. Өтеген батыр, Қабдолов көшелері мен Алтынсарин даңғылының бойындағы қоғамдық көліктерге бөлінген жолақ­тардың жалпы ұзындығы 101,5 шақырымға ұлғайды. Бөлінген жолақтар автобустар мен троллейбустардың орташа жыл­дамдығын 1,5 есеге, ал жолаушылар ағынын 30 пайызға арттырды. Құрманғазы және Шевченко көшелерін біржақты қозғалысқа түсірілгелі қиылыстарда кептеліс азайды. Ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 8 орталық көшеде тұраққа тыйым салынған. Жалпы саны 10 000 көлік орнын қамтитын 747 жер телімінде ақылы тұрақтар орнатылды. Биыл көлік орнын 15 000-ға жеткізу жоспарлануда.
Жаяу жүрген ыңғайлы
Сонымен қатар жиында Мақсұт Исахов былтыр жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен велосипед жолдарының тиімділігіне арнайы тоқталып өтті. «Қала көшелерінің тек 10 пайызы ғана әкім­шіліктендіру көше-жол желісінің жүк­темесін азайтты. Көлеңкелі айналымды жойып бюджетке төлемдерді және тұ­рақтардың айналымын 5 есе көбейттік. 13 көшеде ұзындығы 21 шақырым ве­лосипед жолдары іске қосылды. Бұрын веложолдар өте аз, бір-бірімен байла­ныспаған еді. Өткен жылы біз «Орбита» ықшамауданынан Көк базарға дейін баратын үлкен велокоридор жасадық. 1730 велосипедке арналған 200 велостанса орнатылды. Веложолдардың жалпы ұзындығы – 68 шақырым. Велосипедпен жүріп-тұруға арналған толыққанды инфрақұрылым жасақталуда. Алматының маршрут желісі 109 бағыттан тұрады (оның ішінде 101-і – автобус, 8-і – троллейбус бағыты), метроны қосқанда 16 тасы­малдаушы қызмет атқарады. Бүгінгі күні тасымалдау жиілігі автобус бағыттары бойынша 80 пайызды, троллейбус ба­ғыттары бойынша 100 пайызды құрайды. Көліктік инфра­құ­рылымды дамыту аясында әртүрлі сыйым­дылықтағы 499 автобус сатып алынды» деді басқарма басшысы.
«Оңайдан» түскен пайда – 13 миллиард
Әуел баста қоғамдық көлікте элек­тронды билеттендіру жүйесін енгізудегі мақсат – жолаушыларға сапалы қызмет көрсету, жүргізушілерге жағдай жасау, көлеңкелі табыс көзін азайту болатын. Десе де, Алматыда «Оңай» электронды төлем жүйесінің «жыры» қырық есекке жүк. Себебі, қолданысқа енгізілгелі жолау­шылардың арыз-шағымы әлі де толастамай отыр. 2017 жылы Алматының қоғамдық көліктерінде 220 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл – 2016 жылмен салыс­тырғанда 20,6 пайызға артық. Тран­закциялардан түскен кіріс – 13 миллиард. Электронды төлем арқылы тасымалдау­шылар түсімінің 23,5 пайызға жуығы көлеңкелі айналымнан шы­ғарылған.
Қала қазынасы есебінен – 500, инвесторлардың есебінен – 207, оның ішінде былтыр 177 аялдама орнатылған. Сонымен қатар «Жол қозғалысын бас­қарудың автоматтандырылған жүйесі нысандарының құрылысы мен жетіл­дірілуі» жобасы аясында 2017 жылы басқарма тарапынан 10 реттелмелі жаяу жүргінші өткелі салынған. 3 бағдаршам қайта қалпына келтірілген. Жаяу жүр­гіншілер көп жүретін апаттық жағдайдағы магистралды көпжолақты көшелердегі реттелмейтін 105 жаяу жүргінші өткелі жолаушылардың өтуіне ыңғайлы етіп қайта жасалған. БРТ (жоғары жылдам­дықты автобустық қозғалыс) желісінің 1-бөлігінің көше-жол желісін қайта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Депоның 2-бө­лігінің құрылысы жобалануда. 3,1 шақырымды құрайтын метро желісі – «Сарыарқа» және «Достық» бекеттерін іске қосу кешенінің құрылысы жалғасуда. Метро іске қосылғалы тасымалданған жолаушылар саны 18 миллионға жетті. Мәселен, 2017 жылы 13 миллион 856 мың жолаушы метро қызметін пайдаланған.
Болашақта «Жеңіл рельсті транспорт» жобасы жүзеге аспақ. Атмосфералық ауаның ластануын төмендетіп, жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында ұзындығы 22,72 шақырымды құрайтын ЛРТ (жеңіл-рельсті трамвай) жобасын ендіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
 
Майра ЖАНЫСБАЙ
09 ақпан 2018 ж. 1 286 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930