Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛ ЖҮРУДІҢ ДЕ МӘДЕНИЕТІ БАР

ЖОЛ ЖҮРУДІҢ ДЕ МӘДЕНИЕТІ БАР


«Атың барда – жер таны, желіп жүріп». Қазіргі кезде дөңгеленген дүниені шыр айналып шығу үшін арып-аршып шаршаудың қажеті жоқ. Жерде – көлік,
көкте – ұшақ, суда – кеме, жер астында – метро. Елбасы Жолдауында Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажеттігін айтты. «Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан ары дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет» деп атап өтті.
Жыл сайын Қазақстанда жолаушылар және көлік тасы­ма­лын дамыту үшін қазы­на­дан қыруар қаржы бөлінеді. Ай­шы­лық алыс жерлерге жылдам жету мәселесі оң шешімін табу­да. Бірақ соңғы жылдары жер мен көкте аман жүрсек деген қа­уіп басым. Аспаннан жерге қона алмай, жерде көлікке жан­шылу, суда балыққа жем болу әп-сәтте. Бұлттан биік ұша­тын ұшақ, жүйткіген пойыз, зымы­ра­ған көлік, балықтай жүзген кемедегінің жаны бір.
Қазақстандағы соңғы жыл­дар­­дағы жер астындағы басты жаңа­лық – Алматыда метроның іске қосылуы. Сәулеті мен жолаушылар тасымалдануына қарай Орта Азия бойынша Ташкенттің метрополитенінен кейінгі екінші орында. Құрылы­сы 1985 жылы басталған. 2011 жылы 1 желтоқсанда Тәуел­сіз­дік­т­ің 20 жылдығы қарсаңында пай­далануға берілді. Бас-аяғы 4-еуі терең, 5-еуі таяз 9 стансадан тұрады. Жер бетіне алыс-жақындығын айтып отырған себебіміз, метроның пойызына жету үшін 15-20 ми­нут уақыт кетеді. Ташкент мет­рополитеніндегідей оншақты бас­палдақтан түссең – пойыз, шық­саң – жер беті емес. Алма­ты­ның жер жағдайының ыңғайына қарай салынған. Әр бекет хан сарайындай сәулетті. Метро – жылдам, таза, қауіпсіз. Алматыда ит-мысықтың тай­раң­­дауына тыйым салынған сана­улы қоғамдық орынның бірі – осы метро. Ең бастысы, алма­тылықтардың жүйкесін тоз­дырған кептеліс жоқ.
Шығысты Батысқа жалғаған тақтайдай тегіс жолдар салын­ды. Жаңа қоғамдық көліктер пайда­лануға берілді. Ескі жаңар­ды, көне көліктер келмеске кетті. Бірақ жол жүру мәдениеті бәз-баяғыдай. Құлаққап киген­дер қауіпсіздікті қаперге ал­май­ды. Ұшақта ұрсып, жер­де жанжалдасып, көшеде жары­са­тын­дар көбейді. Жол тәртібін бұзып жатқандарды айыппұл салып, жазалаудан кенде емес. Бірақ нәтиже шамалы. Мәселен, бір ғана былтыр Жаңаөзеннің Теңге ауылы маңында жолау­шы­лар тасымалдайтын «Газель» көлігі мен пойыздың соқ­ты­ғысуынан 9 адам қаза тапты. 15 орындық «Газельге» 36 адам­ды сыйдырып, пайда табу­ды көздегенде, қауіпті неге қа­пер­­ге алмайды? Қайғылы жағ­­дайлардың басты себебі – тағы да сол қауіпсіздікті сақ­та­мау, асығу, салғырттық, нем­құ­рай­­лылық. Салдарынан тоғыз шаңы­рақ қара жамылып қала берді. Бұдан бөлек, өмірден түңілгендер темір жолды бетке алатын әдет пайда болды. Онан қалса, пойыз­дың төбесінде селфиге түсе­тіндерге қатаң тыйым керек. Жасөспірімдердің пойыздың төбесінде түскен селфиі соңғы суреті болып қалып жатқан жағ­дай­­лар аз емес. Айыппұлдың құны азайып-көбейгені де әсер етер емес. Мәдениетсіз жолаушы мен жүргізуші – жол апатының бас­­ты себепкері. Айыппұл
салу – қауіп-қатердің алдын алу. Әрине, оны қаперіне алса бір жөн. Шетелдегі аспан мен жерде болып жатқан оқиғалар бір кез­дері тек кинода болатындай елес­­тейтін. Ол кезде қазіргідей жа­­манат хабарды жаңалық деп тарататын әлеуметтік желі жоқ еді. Қазіргі жаңалықтар –­ қыл­мыс хроникасы. Көлік­пен қағып қашып кеткен. Же­дел жәрдем шақырып, кө­мек көрсетудің орнына оқиға орнынан із жасырған. Жол­­дың тыйым салынған айма­ғы­нан ойқастап «өтіп үлгере­мін» деп асығыстықтан ажал құш­қандардың ұзын-саны со­ғыста Отан үшін мерт бол­ған­дар­мен шамалас. Ұзынсонар статистикадан үрейленген ел қазір алыс-жақын жерге пойыз­бен қатынауды жөн көреді. Соңғы жылдары теміржол сала­сын­да жақсы жаңалық көп. Алыс­ты жақындататын жаңа по­йыз бағыттары ашылды. Шал­ғай­дағы ел екі-үш күндік жол жүріп шаршап шалдықпайды. Теміржол саласында атқарылған жұмыстар жайында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ атқарушы директоры – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Жарас Ізғұлов айтып берді. «Жыл сайын вокзалдардың жұмысын жандандырудағы негіз­гі мақсат – қызмет көрсе­ту­дің сапасын арттыру. Жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар вокзал аумағында ана мен балаға арналған бөлмелер, медициналық пункт, желілік ішкі істер бөлімдері бар. Алматының темір­жол вокзалдарын айтар бол­сақ, «Алматы – 1» теміржол вок­залы 1974 жылы салынған. Ау­мағы – 17 165 шаршыметр. Сәу­летшісі – С.Мхиторян мен З.Сол­датов. 2005-2007 жылдары вокзалға күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. «Алматы – 1»­ теміржол вокзалы қысқы мерзімде – 8000, жазғы уақытта 12 000-ға жуық жолаушыға қыз­мет көрсетеді. Күніне 29 жұп жолау­шылар пойызы қатынайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ҰОС-на қатысушыларға ерекше жағдай жасалған. Вокзал аума­ғын­да түрлі мәселелер бойын­ша қызметкерлермен, көпшілікпен етене жақын «Нұр Отан» партиясы жұмыс істейді. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін 8 дана Рент­ген­дік-теледидарды бас­қару (РТБ) құрылғысы орна­тыл­ған. Вокзал алаңын 211 дана бей­не­бақылау камералары күні­-түні қадағалайды. ТМД елдері­мен қатар Аста­на-Нұрлыжол, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Нүкіс, Пав­­­лодар, Атырау, Қос­та­най бағыттарында Қапшағай, Сары­өзек стансаларынан қала­маңы пойыздары қатынайды. Төрт жолға пойыздар қабыл­дай­ды. Күніне 1000-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Жолаушыларға жылдам, сапалы қызмет көрсету үшін 2012 жылы кассаға кезекке тұрмай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсететін тран­закционды терминалдар, автоматты кассалар орнатылды. 2015 жылы «Лаундж» әдісі бо­йынша Теміржол билеттерін сату орталығы ашылды. «Алматы – 2» теміржол вокзалында да жолау­шыға барлық жағдай жасал­ған. А.Галкин мен М.Кудряцевтің жобасымен 1936–1939 жылдары салынған. 1977 жылы ғимарат қайта жаңартылған. 1993 жылы сыртқы қабырғалары мәрмәр плиткалармен қапталған. 2011 жылы вокзалдың сыртқы және ішкі көрінісін қалпына келтіру жұмыстары бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1984 жылдың 29 қаңтарынан Азаматтық және қоғамдық сәулет үлгісі болып саналады. Жазда – 7500, қыста 3000-дай жолаушыға қызмет көрсетеді. 44 жолаушылар пойызы, күніне орташа есеппен 21 жолаушылар пойызы, Оның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының құрамынан 9 жұп пойызы, 2 пойыз қаламаңына жүреді. Жаңа бағыттардың ашылуы, пойыздың вагондарын жаңарту бәрі теміржол саласын дамыту, халыққа сапалы, жыл­дам қызмет көрсету үшін жаса­лып жатыр» деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ атқарушы директоры – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Жарас Ізғұлов. Оның айтуынша, келешекте Қазақстанда жолаушылар тасы­мал­дау, жол жүру қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бағытында жұ­мыс­тар ары қарай да жалғаса бермек.
Вокзалда пойыз билеттері жол жүруден 45 күн бұрын сатылады. Мереке қарсаңында ел күні бұрын билет таппай сандалады. Кассада табылмаған билетті алыпсатарлар емін-еркін саудалайды. Халықты мереке, аптаның демалыс күндері сабыл­ту кімге пайда, кімге зиян? Апта соңына қарай билеттердің жұмыс күндеріне қарағанда ба­ғ­а­сы қымбат. Вокзалға ба­рып мемлекеттік кассадан би­лет алуға ұзынсонар кезекке тұ­рады. Жапсарлас отырып, алып­сатарлықпен айналысатын жеке­мен­шік кассалар үстеме­ақы қо­сып пайда табады. Жеке­мен­шік-мемлекеттік серік­тес­­тік­тің мақсаты – халыққа қол­жетімді, тиім­ді қызмет түрін ұсыну. Мұны жекеменшік кассалар неге ескермейді? Жыл сайын жолау­шы­ларға сапалы қызмет көрсету мақсатында пойыз билеттері қымбаттайды. Билет бағасы қызмет көрсету талабына сай ма?
Майра ЖАНЫСБАЙ
13 қаңтар 2018 ж. 1 411 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031