Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні

Бүгін Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын 28 шілдеде дүниежүзінде гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Дәл осы күні В гепатиті вирусын ашқан америкалық дәрігер, Нобель сыйлығының лауреаты Барух Самюэль Блумберг дүниеге келген. 

Бұл күн ең алғаш рет Халықаралық гепатитке қарсы күрес жөніндегі альянс бастамасы бойынша аталып өтті. Ал 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл датаны өз күнтізбесіне енгізіп, Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні ресми мәртебеге ие болды.
Дәл осы күні ДДҰ әлем елдеріндегі дәрігерлерді вирусты гепатит жайында халыққа ақпарат беретін танымдық акциялар өткізуге шақырады. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан, жыл сайын осы дерттен 1,4 млн адам көз жұмады. Өлім-жітім деңгейі жағынан аталған инфекциялық ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны АИТВ санынан 9 есеге көп.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2018 жылы осы сырқат бойынша диспансерлік есепте 67 мыңнан астам тіркелген.
Олардың 5717-сіне диагноз алғаш рет қойылған. Гепатитпен ауыратын науқастардың басым бөлігі - Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалаларында, Түркістан облысы (6592) мен Шымкентте (6369) тұратыны анықталды.
Гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады, ал С гепатиті толық жазылады. 
Гепатит — бауырдың қабынуы. Оның 5 түрі бар: HAV, HBV, HCV, HDV және HEV немесе қысқаша A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі - Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиынға соғады.
Сырқаттардың 90%-ы - жіті гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі - сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.
Ал қалған түрлері (HBV, HCV, HDV) — науқас адамның қаны арқылы, және де сілекейі, етеккірі, вагинальды бөлінді сұйықтықтар арқылы жұғады. Бірақ бұл, тек есірткі қолданатын немесе жыныстық қатынас кезінде қорғанбайтын адамдар ғана гепатит жұқтырады деген сөз емес. Тырнақ, бет-тері әрлеу кезінде де, тіс емдеу кезінде де жұқтыруы мүмкін. Сондықтан сақ болу керек.
Жалпы, бұл ауруға кез келген адам шалдығуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы жақсы, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан "сақтықта қорлық жоғын" естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Оған 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сары ауру жұқтырған Шанхай оқиғасын мысалға келтіруге болады. Дегенмен, сақтықты көпшілік жиналатын орындардан, науқастардан іргені аулақ салу деп түсінбеген жөн. Шын мәнінде, В гепатиті бассейн арқылы, құшақтасқанда, сондай-ақ ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұқпайды.
 Вирустан қорғанудың негізгі шаралары:
1.      Таза ауызсу ішу;
2.      Тазалық гигиенасы ережелерін сақтау;
3.      Санитариялық шараларды арттыру (стерильденген инелер, ұстаралар, және басқа медициналық құралдар);
4.      Жыныстық-қарым қатынаста қорғану;
5.      Иммунитет көтеру.
Вакцина жасау керек пе, жоқ па? Вакцина мәселесінде жұртшылықтың пікірі екіге бөлінеді. Екпеге қарсылық білдіріп жүргендер олардың құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететін заттар барын алға тартады.
Алайда, БДСҰ мәліметінше, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина организмнің қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды.
Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар арасында балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған.
Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке қарай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ.

Екпе егілетіндер жасы мен контингенті«В»
вирусты гепатиті
«А»
вирусты гепатиті

Жасы бойынша
1-4 күнде+

2 айлығында+

4 айлығында+

2 жаста
+
Қауіп-қатер тобы
медицина қызметкерлері+

Қан құйылған адамдар+

Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша
+
 
28 шілде 2019 ж. 661 0