Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні ЭКСКЛЮЗИВ

Бүгін Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні ЭКСКЛЮЗИВ



Жыл сайын 28 шілде көптеген елдерде Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні ретінде аталады. Дәл осы күні В гепатиті вирусын ашқан америкалық дәрігер, Нобель сыйлығының лауреаты Барух Самюэль Блумберг дүниеге келген. Ең алғаш рет бұл күн Халықаралық гепатитке қарсы күрес жөніндегі альянс бастамасы бойынша аталып өтті. Ал 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл датаны қз күнтізбесіне енгізіп, Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні ресми мәртебеге ие болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Дәл осы күні ДДҰ әлем елдеріндегі медиктерді вирусты гепатит жайында халыққа ақпарат беретін танымдық акциялар өткізуге шақырады. Себебі, дәрігерлердің айтуынша, профилактикалық шаралар – диагностика және гепатитке қарсы вакцина жүргізудің маңызы зор. Гепатит вирустары адамзат денсаулығына төнетін қауіптердің негізгі факторлары болып саналады.
ДДҰ мәліметі бойынша, әлемдегі шамамен 2 миллиард адам, яғни, жершарының әрбір үшінші тұрғыны гепатитке шалдыққан. Кейбір елдерде А гепатитімен халықтың басым бөлігі ауырған болса, әрбір оныншы тұрғын В және С гепатиттерінің тасымалдаушылары болып табылады.
«Вирусты гепатит ауруына шалдыққан адамдардың көбісі есепке тұрғылары келмейді. Бәлкім олар ол ақпарат көпке тарап кетеді деп қорқатын болуы керек. Қорқатын ештеңесі жоқ. Себебі, бұл ақпарат қатаң түрде құпия сақталады. Тіпті, біз вирусты гепатиттің жаңа ошағын анықтаған жағдайда да ол жайында ақпаратты тек санитарлық-эпидемиологиялық орталыққа ғана жібереміз. Себебі, олар орын алған әрбір жағдайды тіркеуге алады. Ал бұл өз кезегінде республика бойынша статистиканы анықтауға мүмкіндік береді», - деді Астанадағы Гепатология орталығының басшысы Күнсұлу Шамсивалиева.
Орталық басшысы адамдар вирусты гепатит ағзаны әбден зақымдап, оның салдыранын бауыр циррозы секілді асқынулар туындаған жағдайда ғана дәрігерге қаралуы жиі кездесетін өкінішті жағдай екенін айтады.
«Өздерінде гепатит ауруы бар екенін біліп, уақытында дәрігерге қаралмаған адамдар бұл әрекетімен ауруды қатты асқындырып алады. Жалпы, гепатит вирусы адам ағзасына түскен уақыттан бастап аурудың туындауына дейін ұзақ уақыт өтуі мүмкін. Яғни, аталған вирус адам ағзасында болғанымен, ол адам өзін жақсы сезінуі, ешқандай ауру белгілері болмауы әбден ықтимал. Өкінішке қарай, гепатиттің алғашқы белгілерін анықтау да мүмкін емес. Себебі, тек вирусты гепатитке тән симптомдар жоқ. Егер, адамның температура көтеріліп, жауырынасты аймағы ауырса, жөтел болса, өкпе қабынуы, ал, тамағы ауырса, баспа екенін анықтай аламыз. Ал вирусты гепатитті мақсатты түрде тексеруден өткізбесек, анықтай алмаймыз. Осы орайда айта кету керек, вирусты гепатитке шалдыққандарды емдеу және бұл аурудың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Сәйкесінше, егер, азаматтар бұл ауруды анықтағаннан кейін бастапқы сатысында келіп емделсе, олардың ем-домына жұмсалатын мемлекет қаражаты да аз болар еді. Ауру асқынған сайын оның шығыны да ұлғаяды», - деген ол бауыр циррозы орган алмастыруды қажет ететінін, сол сияқты, ай сайын стационарда жату қажеттілігі туындайтынын айтты.
Инфекционист дәрігердің айтуынша, адамдардың барлығында вирусты гепатит жұқтыру қаупі бар және ешкім одан сақтандырылмаған. Осы орайда, Қазақстанда 1998 жылдан бері В гепатитіне қарсы вакциналау жүргізіліп келеді. Сондықтан, 1998 жылдан бері қарай дүниеге келген балаларда бұл гепатитке қарсы иммунитет бар көрінеді.
«Жалпы, әрбір адам медициналық тұрғыдан өз мәртебесін білуі керек. Сондықтан, иммундық-ферментті талдау жасап, ағзасында вирусты гепатиттің бар-жоғын анықтауы керек. Біздің елде медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер, қан донорлары секілді белгілі бір декреттелген топтар бар. Олар міндетті түрде аталған талдау жасайды және вирусты гепатитке тексеруден өтеді», - деді маман.
Күнсұлу Шамсивалиеваның айтуынша, елде вирусты гепатитке шалдыққандар санының артуы эпидемияның туындауына емес, бұл вирусты анықтау жолдары мен орындары артқанына байланысты анықталып отырған жайт.
«Біздің елімізде вирусты гепатит эпидемиясы бар деп айта алмаймын. Бар болғаны, жыл сайын зертханалық диагностика жақсарып келеді. Жаңа аппараттар, иммундық-ферментті, иммунды хемилюминесцентті талдаулар пайда болуда. Қазіргі уақытта адам факторын қолдануды қажет етпейтін, яғни, түтікшелерді автомат өз бетінше орналастырып, талдау нәтижесін ұсынатын аппараттар да бар. Яғни, гепатитті тексеретін бұрында тек вирусологиялық СЭС зертханасы ғана болса, қазір елімізде жекеменшік Инвиво, Инвитро, Олимп секілді зертханалар да жетіп артылады. Сол сияқты, Республикалық диагностика орталығы, Президенттік емхана зертханалары да бар. Ауруға шалдыққандар саны артты дей алмаймын. Тек сол декреттелген контингенттер аясы кеңейіп, біз бұл ауруға шалдыққандарды көптеп анықтай алудамыз. Сондықтан, гепатитке шалдыққандар саны артты ма, жоқ па деген мәселеде зертханалық диагностиканың жақсара түскенін басып айтуға болады», - деп тәмамдады гепатолог маман.

Baq.kz
29 шілде 2018 ж. 1 113 0