Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қобызшыға құрмет

Қобызшыға құрмет


Бейсенбі күні аудан әкімі Әшім Оразбекұлы Болгария республикасына барып, «Золотая мечта» байқауынан бірінші орынмен оралған жерлесімізді қабылдады. Газеттің өткен санында Тоғжан Шәкиеваның Қара теңіз жағалауында әлемнің талай талантымен бақ сынасқанын жазған едік. Енді міне, талантты жастың өнеріне сүйсінумен қатар қолдау білдірген өңір басшысының игілікті ісіне куә болып отырмыз. «Өнерлінің өрісі ұзақ» деген осы шығар, бәлкім.Әшім Оразбекұлы Тоғжан Есенбекқызының жанұясына жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Тоғжанға:
– Сізді Болгария мемлекетінде өткен халықаралық «Золотая мечта» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің рухани және мәдени өнерінің дамуына атсалысып, теңдесі жоқ қобыз үнін бүкіл әлемге паш етіп, күй сазының жаңғыруына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт тілеймін, – деп құттықтау хаты мен гүл шоғын табыстады.
Құттықтау рәсімінде жеңімпаз қыз да құр қол келмегенін айтып, аудан басшысына қоңыр үнді киелі аспаппен «Бақсы» күйін шертті. Ол бұл күйді әлемдік сахнада орындаған болатын. Келелі кездесуде Ә.Оразбекұлы өнерлі қыздың алдағы сайыстарына қолдау көрсететіндігін айтты. Сонымен қатар қобыз аспабына ерекше мән беріліп, айрықша жұмыс жүргізуді аудандық мәдениет және білім бөліміне нықтап тапсырды. Айта кеткен жөн, Тоғжан Шәкиева 2020 жылдың ақпан айында құрлық асып, Америка халқын өз өнерімен тәнті етпек.
Марапаттау рәсімі естелік суретке түсіп, көнекөз қарияның бата беруімен аяқталды.

Фариза КЕНЖЕШОВА
20 шілде 2019 ж. 1 528 0