Ұлу терапиясы
Ежелгі Мысыр мен Вавилонда «Мәңгіліктің символы» саналған ұлу туралы не білеміз? соңғы уақытта сән әлемін жаулап алған ұлу терапиясы туралы әңгіме көптеп өрбіп жүргені белгілі. Бет терісін ылғалдандырып, безеу мен қара дақтан арылуға септігін тигізетін ұлу терапиясын ерлер қауымы да жиі қолданып жүр. Айта кетейік, терінің жастығын сақтайтын коллаген, лэастин, А, С, В6, В12 дәрумендері ұлудан бөлінетін шырышты қабықта орналасқан. Сол себепті көптеген сұлулыққа қатысты өнім ұлу шырышынан жасалады. Біз қозғайтын тақырып та косметология әлемінде сәнге айналған ұлу терапиясы туралы болмақ. Аудан тұрғындары арасында ұлуды үй жағдайында күтіп-баптап, өсіріп жүрген, кәсіпке айналдырып отырған жанның бірі – Салтанат Мажитова.
– Осыдан бір жыл бұрын құрбымның Алматы қаласынан ұлу алдыртқалы жатқанын құлағым шалды. Түрі сұсты көрінген жәндіктің бет күтіміне пайдасын естігенім бар-тын. Содан көрмекке бел буып, төрт ұлуға тапсырыс бердім. Кейін үш ұлумен толықтырдым. Өте кішкентай, нәзік жәндік болған соң күтімді қажет етеді. Ұлуды арнайы пластмасса ыдыста сақтаймын. Күнделікті тазалығына, тамағына аса мән беремін. Гүлдікі секілді ұлудың арнайы топырағы болады. Ыдысын екі күн сайын ауыстырып тұрамын. Қолым босаған сәтте сырласып, әңгіме дүкен құрамын. Ол да бала секілді ғой. Бір жақсы жері бұл тіршілік иесі тамақ талғамайды. Оған қияр, сәбіз, орамжапырақ, қызылша, алма, банан секілді көкөніс пен жемісті және сыртқы қабыршағын қатайту әрі кальций көп бөлінуі мақсатында жұмыртқаның қабығын беремін. Оны қолданар сәтте бетті скрабпен тегіс тазалап алған жөн. Себебі ұлу түрлі бояудан уланып қалуы ықтимал. Жарты сағат көлемінде ұлуды бетке қойғанда жылжи отырып бауырынан сілекей бөліп шығарады. Оны 10-15 минуттай ұстаған соң жылы сумен жуып тастайды. Бастапқыда туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранға байқап көрдім. Соңғы уақытта ұлу терапиясын пайдаланушы қатары артып келеді. Бұл табиғи ем түрі бір рет қолданғаннан кейін-ақ оң нәтижесін көрсете бастайды, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда экологияның және ауа райының өзгеруі теріге кері әсер етіп, бетте безеу, қара дақ, түрлі бөртпе, әжім, тыртық пайда болады. Осыған орай соңғы жылдары көпшілік қыз-келіншек корей елінің косметикасын тұтынып жүр. Сол қолданып жүрген өнімнің құрамында біз сөз еткен ұлудың ағзасындағы нәрлі сұйықтық бар екенін осы тұста айта кеткен жөн. Бет терісі – ішкі ағзаның сыртқы көрінісі. Мамандардың айтуы бойынша дұрыс тамақтанып, көп мөлшерде су ішіп, бетті таза ұстап, уақытылы ұйқы болса онда денсаулыққа да, бет терісіне де ешқандай қауіп жоқ.
Салтанат апай жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған ардақты ұстаз, жұбайымен бірге 4 ұл-қыз, 2 немере сүйіп отырған аяулы әже. Айтуынша күйбең тіршіліктің арасында ұлуға арнайы уақыт бөліп тұрады екен. Ұлудың емдік қасиетіне көзі жеткен ол, халыққа пайдасы тиетінін де айта кетті. Сұранысқа ие болып жатқандықтан болашақта көбейтуді жоспарлап отыр. Қысқасы жұрт айтып жүрген ұлу терапиясы Шиеліде де бар.
Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ