Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара зеренің пайдасы

Қара зеренің пайдасы

Соңғы уақытта «Пайғамбар өсімдігі» аталып кеткен емдік қасиеті бар қара зере майы жайлы көптеген хабар тарап, жарнама да артығымен көрсетіліп жатыр. Олай болса жұрт мақтаған қара зеренің қасиеті қандай, қайдан шығады, қанша түрі бар, қай ауруларға ем екендігі туралы кішігірім тоқтала кетейік.
Әлемде 20-ға жуық түрі бар шипалы өсімдіктің дәні қара болғандықтан, «қара зере» аталып кеткен. Ол негізінен Жерорта теңізі аумағында, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Еуропада, Кіші және Орта Азияда, Иранда, Ауғанстанда, Пәкістанда, Үндістанда, Қытайда, Солтүстік Африкада, Орталық және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде, Солтүстік Америкада кеңінен таралған. Көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіліп, емдік қасиеттері анықталған қара зерені бірнеше ғасырдан бері миллиондаған әлем тұрғындары салауатты өмір салтын ұстану мақсатында қолданып келеді. Аталған өсімдіктің емдік қасиетінің молдығын мұсылман халқы сонау VII ғасырда ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздан (с. а. с.) білген. Хадистердің бірінде қара зеренің бойы тұнып тұрған ем екендігі былай көрсетілген:
Қара зерені пайда­ланыңдар, расында онда өлімнен басқаның бәріне шипа бар».
Ол туралы соңғы жарты ғасырда жүргізілген тәжірибелік зерттеулерде таңқаларлық нәтижелер бар. 1960 жылы профессор Дахақна қара зеренің майымен артритті емдеуге болатынын дәлелдесе, 1992 жылы Дакка университетінде бактерияға қарсы тұра алатын қасиеті анықталған. Ал, АҚШ-тағы зерттеулер улы заттарға қарсы емдік күші бар екендігін айта отырып, жаңа емдік препараттар жасайтын арнайы зертхана құрған. 1991 жылы үнді онкология институтының ғалымдары «Ethno pharmacology» атты журналда өздерінің ғылими зерттеу нәтижелерін жариялап, онда қара зеренің қатерлі ісікке қарсы емдік қасиетін де атап жазса, ғалым Ибн Қайым Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» атты кітабында 50 шақты ауруды емдеуге болатынын көрсеткен. Яғни, семіздіктен арылуға, белсіздікке, етеккір циклын қалпына келтіруге, несеп жолдарын тазалауға, сүйелді кетіруге, инсультқа қарсы тұруға т.б. ауруларға көмектесетінін анықтаған.
Суыққа төзімді, жарық­сүйгіш өсімдіктің майы аллергияны, қышыманы бәсеңдетуге, демікпеге қарсы иммунитетті арттыруға, ас қорытуды жеңілдетуге, қан қысымының реттелуіне септігін тигізсе, шәйі іш кебу, іш өту, өт шаншуы сияқты ауруларға ем. Жас босанған аналар сүтінің молаюына да орасан пайдасын келтіреді. Ал, қара зеренің сусабыны шаштың қалыңдауына, үнемі жылтырап жүруіне әсер етіп қана қоймай, тері ауруларын емдеуге қолданылады. Оның ішінде беттегі безеулер мен қара дақтарды кетіруге көмектесіп, терінің табиғи түсін қалпына келтіруге таптырмас көмекші. Одан бөлек зерені тамаққа да пайдаланады. Тіпті сорпалардан бастап, салаттарға дейін ерекше дәм сыйлайды. Айта кетейік, дербес екі мемлекетке айналған Чекословакияда зере жемісі себілген тоқаштар, қазіргі күнге дейін таңғы кофе мен шәйді толықтыратын негізгі тағам ретінде қолданылады.

Әзірлеген
Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ.
15 маусым 2019 ж. 2 364 0