Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майшы: «малшылар слетінің» отаны

Майшы: «малшылар слетінің» отаны


Қазыналы қарт Қаратаудың қойнауындағы байлығын осы күні мүмкіндігінше пайдаланып жатырмыз. Әк, қиыршық тас, ванадиЙ зауыттарының тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанын мына тұрған Еңбекші ауылының сыртына шыға қалсаңыз бірден байқайсыз. Оған осы жылы жұмысын толыққанды бастайтын цемент зауыты қосылса, Қаратаудағы қызу тіршілік одан әрі қыза түсетіні анық. Қазірдің өзінде Еңбекші елді мекенінің үстінен күніге жүзге жуық майда-қиыршық тасты аузы-мұрнына толтырып тиеген ауыр көліктер жүріп жатыр. Жолдың жіңішкелігі ме, әлде, тас тиеген көлік шопырының жауапсыздығы ма, әйтеуір осы көлік жүргізушілері жолдың бел ортасымен жүретін болды. Кейде әлгіндегі көліктер қарсы бағытпен жүйіткіп келіп, сенің жолыңның жартысын баса, әудем жерден зау ете қалғанда «төбемнен таптап өтер ме екен» деп ойлайсың. Жүргізушілердің бұл әрекеті Еңбекші, Жиделіарық, Қосүйеңкі ауылдары мен егіс алқабына қатынайтын диқандардың да ащу-ызасын келтіріп отыр. Бірді айтып, бірге көшетін әдетіміз емес пе? Негізгі айтпағымыз бұл емес-тін. Дегенмен, аталған мәселені жоғары басшылық назарға алып, жол бойындағы осы тәртіпсіздікті реттесе дейміз. Өйткені ендігі әңгімеміздің ауаны осы жолға тікелей қатысты болмақ.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, кешегі тоқсаныншы жылдардың бел ортасына дейін өтіп келген Майшыдағы «Малшылар слетін» аудан тұрғындары, қала берді облыс халқы жақсы біледі. Тура осы уақытта Қаратаудың теріскейіндегі Майшының табанында қызу жұмыстар жүріп, ақшаңқан үйлер тігіліп, малшылар абыр-сабыр күйге түсіп, жылына бір рет өтетін мерейлі мерекелеріне білек сыбанып дайындалып жататын. Қаз-қатар орналасқан киіз үйлердің айналасы ұлттық бұйымдар мен қол өнер шеберлерінің әзірлеген дәстүрлі туындыларына толып қалатын. Төрт түліктің басын көбейткен үздіктер де осы шарада анықталып, арнайы марапатқа ие болатын. Салт-дәстүр ұлықталып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жайлаудағы малшылар бір жасарып, рухани жаңғырып қалатын еді.
Иә, жыл он екі ай малдың соңында жүріп, күннің шақырайған ыстығында жүзі қарайып, жауынды күні балтырынан сыз өтіп, арқадан соққан желге арқасын тосып алдындағы қарасына барлық ықылас-ниетімен қараған малшыларға бұл мереке кәдуілгідей мотивация беріп, алға қарай ұмтылуға сеп болатын. Бірақ осы бір үрдіс кешегі тоқырау кезеңінде жоғалып кетті. Олай болуының да себебі жоқ емес. Жекешелендіру уақытында әр кім ұжымнан бөлініп, тиесілі пайларына бес-алты малын алып, өз беттерінше әрекет жасады. Сол заманда жайлауға көшетін малшылардың да саны азайып, төбеміздегі Қаратау қаңырап қалды. Қазақ қоғамы малдан шаршады ма, әлде заманы солай болды ма екен, әйтеуір қырық жыл қой баққан шопан қалаға көшіп, үйір жылқысы бар талай ағайын биесін сатып айғыр алды. Бірақ арғы атасынан келе жатқан бұл кәсіп ел есін жия бере қаны қазақ баласына қайта оралды. Қазір де аудандағы мал саны Кеңес өкіметі тараған тұстағы статистикаға жетпесе де, жақын-жуық арада соған жобалап қалатынымызды байқатып отыр. Бүгінде баяғы тоқырап, қараусыз қалған қазыналы қарт Қаратаудың да етегі төрт түлік малға толған. Елдегі саяси, экономиканың тұрақтылығы мен ілгері дамуының арқасында мал ұстаған шопандарға мемлекеттен түрлі жобалар қарастырылып, субсидия беріліп, малшыларға жағдай жасалып келеді. Осы тұста Қаратауды мекен еткен малшылар табиғаты шыбын-шіркей, маса-сонадан ада жайлауға жанашырлықпен қарап, таза ұстауды қолға алса екен деген тілек айтқымыз келеді. Сондай-ақ аудан басшылығы берекені малдан тапқан малшыларға әуелгі тойларын қайтарып, Майшының табанындағы Ақбұлақты «Малшылар слеті» өтетін орынға айналдырса нұр үстіне нұр болар еді.
Иә, Жаңақорған ауданындағы Үсен бауында бесінші жыл қатарынын облыстық, биыл тіпті республикалық малшылар слеті өтті. Дейтұрғанмен, сол шараны кезекпен ұйымдастырып, ондағы өтетін семинар, тәжірибе алмасуды біздің өңірде ұйымдастырсақ, аудандағы малшаруашылығының дамуына қосылған бірден-бір үлесіміз болар ма еді?!

Елдос Жүсіп
26 маусым 2019 ж. 885 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930