Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлылық дәнін сепкен жерде өскен

Ұлылық дәнін сепкен жерде өскен


Жерлес ақын, журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы – 70 жаста

Тәуелсіздікті, жаңа заман адамын, қоршаған ортаның тазалығын, тілді, ділді, дінді, ата салт-дәстүрімізді және Отанды сүюді өз жырларына арқау етіп, үлкен шабытпен жырлап жүрген ұлтжанды ақындардың бірі де бірегейі – Сәрсенбек Бекмұратұлы.
Ол сан қырлы талант иесі: журналист, ақын, пародист, әдебиет зерттеушісі, жұлдызшы, әдебиет сыншысы, этнограф. Сол көп қырының бірі – поэзиясына тоқталмақпын.
Қазіргі қазақ поэзиясы классикалық әдеби үдеріс аясындағы дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын дамыта жалғастыруда. Талантты ақындар оқырмандардың жан ділі әлемін баураған лирикалық және эпикалық шығармаларымен ойшылдық, сыршылдықты, ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм көзқарастарын, көркемдік-эстетикалық дүниетаным ұлағатын – ұрпақтарға ұғындыру қызметін атқарып отыр. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының поэзиясы да оқырмандар ықыласын иеленген сипатымен ерекшеленеді.
Сәрсенбек Бекмұратұлы – қазақ поэзиясы мен журналистикасы саласындағы шығармашылық еңбек нәтижемен оқырманға танымал қаламгер. Алғашқы өлеңдері «Жалын» баспасынан жарық көрген (1975, 1982, 1985 жж.) жас ақындардың топтама жинақтарында («Балауса», «Дария жыры», «Қарлығаш») жарияланды. «Жан жұпары» («Жалын» баспасы, 1991 ж.) тұңғыш жыр жинағы, одан кейін «Мұхаммедтің мөрі» («Айкос» баспасы, 2001 ж.), «Мизамшуақ» («ARNA-b» баспасы, 2012 ж.) кітаптарындағы шығармалары оның қазіргі қазақ поэзиясындағы өзіндік ақындық тұғырнамасын танытқандығын айтамыз. Деректі повестері («Малды ауылдың өрендері» («Қайнар» баспасы, 1986 ж.), прозалық туындылары топтастырылған «Ел перзенттері» атты екі кітабы («2005, 2006 жж.) да оның қарымды қаламгерлік әлеуетін оқырмандарға танытты.
Сәрсенбек Бекмұратұлы поэзиясындағы ұлттық-отаншылдық рухты сарындар жетекші сипатымен байқалады. Азаматтық-отаншылдық рухты өлеңдерінде («Ақын боп жаратылғандықтан», «Әніңмен әлдиледің (Анам Дариғаға)», «Жан жұпары», «Ұлылық дәнін сепкен жерде өстім», «Бақ болып қоншы, жылым», «Төсінде төлі өрген Еңбекшінің», «Кетпедім қызық қуып», «Бабалар мекені», «Қазыналы кең өлкем», «Елдің жүгін көтерген», «Төгілтем сәулелі өлең», «Қара қылды қақ жарып», «Аршын кеудем», «Нанның иісі», «Қайда қаңғып барады осы қазақ?! (Абай рухымен сырласу), «Қазағымның тарихы тым әріде», «Оқып жүрмін дұғамды», «Ниет болсын, болсын және ынтымақ!», «О, туған жер», «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз... (Бейімбет Майлин рухымен сырласу), «Ер баба», «Мың жасаған Алматы», т.б.) Ұлы Дала иесі қазақ халқының асыл дәстүрлерін, ата-бабалардың қаһармандық-жауынгерлік ұлағатын, туған жерді атамекенді, ата мен әжені, әке мен ананы, т.б. ардақтаған саналы ақыл-ой иелерінің жан ділі тебіреністері жырланған.
Өлеңдердегі лирикалық қаһарманның көркемдік ойлау дүниетанымы аясында қазақтың халықтық-ұлттық қасиетті ұстанымдарының, киелі дәстүрлерінің ұрпаққа жалғасқан ұлағатының, отаншылдық-азаматтық рух қуатын танытатын поэтикалық бейнелі өрілімді өрнектерімен жырланған. Ақын өлеңдеріндегі көркем мағыналы, бейнелі өрнектерден қазақтың ұлттық көркемдік-эстетикалық дүниетанымы романтикалық-реалистік сарынды сипатымен оқырман көңілін баурайды. Ақын өлеңдерінің көркемдік арқауы – қазақ елі. Отаншылдық-азаматтық мақтанышпен тебіренген лирикалық қаһарманның жан сыры – миллиондаған қазақ ұрпағының жүрек сөзіндей әсерге бөлейді:
Қазақ елім,
Қазыналы кең өлкем!
Сенің арқаң мен бақытқа кенелсем.
Сен арқылы қолым жетіп жұлдызға,
Сен арқылы көркейемін мен ертең.
Ен байлығы ақтарылған төсінен
Құшағыңда арман ойлап өсіп ем...
Мәпелейтін, аялайтын елім бар,
Бақытты ойлап алаңдаймын несімен?!
Нұрға тұнып, жаз гүліндей жайнаған,
Ертеңіңді аңсамайды қай балаң?!
Сенің арқаң бұлбұлың боп сайрасам,
Шұғылалы күйге толып айналам... («Қазыналы кең өлкем» өлеңінен).
Сәрсенбек – ойшыл-сыршыл ақын. Философиялық сарынды өлеңдеріндегі («Қыран», «Өмір заңы», «Шар», «Жалынын таратып...», «Жүзіп шықты жұлдыздар», «Жетпейді бәрі де», «Бақыт не?», «Ей, сәби, не білесің?», «Беу, баянсыз жастық-ай», «Қол бұлғап қалған...») лирикалық кейіпкер толғаныстарымен тіршілік қозғалыстарының үздіксіздігі, жақсылық пен жамандық қасиеттер қақтығысы, фәни мен бақи дүние заңдылықтары өміртану-тіршіліктану көзқарастарымен салыстырыла бейнеленген. Ақынның төрттағандары да ойлы-сырлы поэтикалық мағыналы сипатымен адамдарға ортақ дүниетаным тұжырымдарын танытады. Адамзат ұрпағының ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі адамгершілік-имандылық ұстанымымен сұлу өмір сүру мұратын ұғындыратын ойлы шумақтар ата-бабалық қасиетті дәстүр жолының ұлағатын сезіндіреді:
«Бар ғаламға қан тамырдай таралған,
Ана – өмір, ана – бақыт, ана – арман.
Ана – бүкіл тіршіліктің тірегі,
Бәрі анадан қуат алған, нәр алған.
***
Өткен күннің белгісі жоқ демегін,
Табы қалар уытынан кененің.
Шайырдан – сөз, қазыдан – тез, елден – салт,
Жатыр қалып көзіндей боп көненің.
***
Садақа деп берген асың залымға,
Затпен бірдей лақтырған ағынға.
Қайыр қылсаң, зерделіге қайыр қыл,
Қайтпаса да сақтап жүрер жадында.
***
... Өмір-өзен ағып жатқан үздіксіз,
Бірде қашып, бірде тасып кемерден.
Бұл жалғаннан өтпес үшін із-түссіз,
Өршелене өрге жүзіп келем мен.
***
... Аңғарсаң өмір деген базар екен,
Жаймалап әркім барын салады екен.
Құр қалып ұяң адам сыбағадан,
Ұялмаған екі үлес алады екен.
Қиянатты, зорлықты көре-көре,
Адам-пенде там-тұмдап азады екен.
Адам-ақын ашынып жазады екен.
(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ: Өлеңдер, балладалар, толғаулар және поэмалар)
Сәрсенбек поэзиясындағы табиғат лирикасын құрайтын өлеңдерінде («Болмаса көктем сендей», «Табиғатты түлетті», «Жалын ба, өрт пе лебі...» т.б.) жыл мезгілдерінің адам жан ділін әлдилейтін, әсерге бөлейтін құбылыстарын пейзаждық суреттеулермен жырланған. Табиғат құбылыстарынан эстетикалық қуат алып, қалыптасатын қазақ ұрпағына ортақ отаншылдық сезім болмысы ақынның туған жерге арналған азаматтық лирикасына да поэтикалық арқау болғанын оқимыз. Мысалы «Ұлылық дәнін сепкен жерде өстім» өлеңіндегі лирикалық кейіпкер тебіренісінен табиғатпен сырласқан, қуаттанған Ұлы дала ұрпағына ортақ романтикалық өршіл ой биіктігін аңғарамыз:
Жинап алған сияқты кіл таң шығын,
Бұлағыңдай –
мөлдір әрі бал шырын.
Әр тамшысын,
бойымдағы қанымның,
Сенен алғам,
о туған жер, бар шыным!

Сенің атың – менің алғаш ұққаным,
Сенің ауаң – менің алғаш жұтқаным.
Сенің мақпал топырағың құшқаным,
Сен ұлысың,
О, туған жер, құштарым!
Табиғаттың пейзаждық суреттері – Ұлы дала ұрпағының тіршілік қозғалысындағы барлық іс-әрекеттерінің жүзеге асуына рухани күш-жігер, қуатын беретін эстетикалық-танымдық ықпал қайнары. Әсіресе, көркемөнер туындыларын жасаушы тұлғалардың (ақын-жазушы, суретші, композитор) туған жер келбетінен алған көркемдік таным аясында шабыттанатыны мәлім. Сәрсенбектің туған жерге арналған толғаныстарындағы көркем кестелі өрілімдерден табиғаттан шығармашылық шабыт қуатын алатын өнер иелеріне ортақ психологиялық хал-ахуал айқын байқалады:
Көрінген туған жердің құмды аймағы,
Жыр болып ақ қағазды шимайлады.
Шарқ ұрып ақын-көңіл шабыттанып,
Кеудемде алуан-асыр жыр қайнады.
Көз тартып гүл-бәйшешек, қызғалдағы,
Ырғалар майса шалғын қырлардағы.
Көк шүйгін, жұпар жусан, жасыл жайлау,
Ағады бұлақ қарғып құздардағы.

Ұлылық бауырында бар екенін,
Жаңа ұқтым, қасиетті бал мекенім.
Мен саған сағынышпен барған сайын,
Иіскеп топырағыңды, тәу етемін» (Бекмұратұлы С. Мизамшуақ... 19-бет).
Сәрсенбек поэзиясындағы махаббат лирикасын құрайтын өлеңдері «Сенен таптым...» (Мархабаға), «Күлімдеп тұрып жанарың», «Алты-ақ қадам», «Сағындым сол бір көктемді», «Жазба маған», «Алыс кеттің», «Сен өкпелесең», «Жүректі өртеп кеттің», «Жанарда сыр барады», «Бақта туған ой», «Келемін жолыңа елеңдеп», «Безбүйрек емеспін», «Сенің дертің қинаған», «Айдыныңнан адаспа», «Іздейді», «Қалай сезбедің», «Ұлы күш», «Автобуста», «Қаракөз», «Жадымдасың», «Суретпен сырласу», т.б.) де классикалық дәстүрді өзіндік өрнектерімен жалғастырған сипатымен ерекшеленеді.
Әлемдік поэзияда ғасырлар бойы жырланып келе жатқан махаббат лирикасының арқауындағы ғашықтық сезім сарындары (қауышу, аңсау, сағыну, құмарлану, елестету, өкіну, т.б.) Сәрсенбектің аталған өлеңдерінің поэтикалық-психологиялық болмысын танытады. Адамзат тарихындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қыз бен жігіттің алғашқы ұнату сезімдерінің есейген кездеріндегі мәңгілік сағынышпен өмір сүретіні, сүйген жармен өтіп келе жатқан бақытты ғұмыр әсері, т.б. – бәрі де өмір философиясы заңдылықтарымен жырланған. Сұлу сезім әсеріне бөленген ғашықтарға ортақ психологиялық хал-ахуал оқырманның да үндес тағдырлы жағдайындай әсерімен баурайды:
Күлші, сәулем,
Қарашы маған күлімдеп,
Күлкіңді аңсап көз ілмей өткен түнім көп.
Жарқылдап күлші ақ жүзің толып шаттыққа,
Тыншысын жүрек,
Құлаққа әсем үнің кеп.
Тербеген жанды күлкіңнен сенің, жамалым,
Табамын ләззат,
Сезімге кәусар аламын.
Күлкіңде сенің –
Сыңғыры жатыр бұлақтың,
Күлкіңде сенің –
Күллі үні жатыр даланың.
Тұнжырай қалса бір сәтке сенің қабағың,
Жапырақтай күзгі дәрменсіз күйде қаламын.
Шуағын үзбе, жүрекке жылы нұр құйып,
Әмәнда күн боп күлімдеп тұрсын жанарың!
(«Күлімдеп тұрсын жанарың». Мизамшуақ...55-бет).

Ақынның ата-бабалық, азаматтық-халықтық киелі дәстүрлі тағылымын танытқан тарихи тұлғаларға арналған арнау-толғауларында («Шуақты күнге сусаған» (майдангер Әнтай Әбдікәрімұлына), «Жыр-ошақтың отын үрлеп» (Мұқағали Мақатаевқа), «Ер Ана» (Ұлбала Алтайбаеваға), «Жалын едің (ұстаз-ақын Сәрсенбек Жұмабековке), «Сағи жыры» (Сағи Жиенбаевқа), «Сұраншы мен Саурықтай» (Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке), «Намысшыл отты, жігерлі», «Тілейміз жарты ғасырды», (Қали Сәрсенбайға), т.б. халыққа арналған жанқиярлық еңбектерімен мәңгілік құрмет тұғырын иеленген өнегелі адамдардың көркем бейнесін даралай жырлаған. Мысалы, ақиық ақын Мұқағалиға арналған арнау-толғауындағы (Нар едің сен шалдығып шөкпейтіндей, асқар едің созса қол жетпейтіндей. Алдаспандай алғыр да берік едің, Шапқаныңды тынбайтын көктей тілмей) миллиондаған оқырмандарға ортақ жүрек бағалауын көркем тіркестермен бейнелей жырлаған:
... Қасіретті шақтардан безінгенде,
Қасиетті тіліңнен безінбедің.
Шыңдармен де сырластың, даламен де,
Данамен де мұңдассың, баламен де.
Атақ пенен даңқтың барлығын да,
Теңгермедің қазақы қара өлеңге.
«Қара өлеңге қара бұлт төнбесін!» – деп,
«Қарлы ызғардан жыр гүлі сембесін!» – деп
Жыр-ошақтың өттің сен отын үрлеп,
«Қара өлеңі қазақтың сөнбесін!» – деп.
(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ 50-бет).
Сәрсенбек – мұңшыл, сыншыл ақын. Оның азаматтық-сыншылдық сарында жырланған налысты-сөгісті өлеңдерінен («Қасірет», «Балалығын іздеген бала», «Атеистің ақырғы сөзі», «Екі әйел, екі мұң», «Бұрып айтады», «Танымай», «Композитор қарға», «Кекшіл кесіртке»), пародияларынан («Далбаса», «Қайран қалам», «Құмай көрген түлкідей») қоғамдық-әлеуметтік ортадағы зардапты құбылыстарға (экологиялық азып-тозу, панасыз балалар, дінсіздіктің зардабы, жезөкшелік, өсекшілік, модашыл жігіттің сиқы, дүмбілез композитор сымақ, әділетсіз сот, поэзиядағы жиендік, актерлік өнердегі тұрлаусыздық, т.б. тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы зардапты құбылыстар әшкерелене-айыптала жырланған.
Сәрсенбектің лиро-эпикалық сарынды балладалары («Тағдырлар тартысы», «Жесір жыры», «Ерлік», «Балдақ сыры», «Нала», «Өкініш», «Бойжеткен, төбет және төрт жігіт», «Қолқа», «Талантты мойындау», «Адал құлға екі дүние ақ дейді», «Жұбан ақын қос қолын көтерген сазгер», «Тұмар», «Тәнті қылған билігімен көшелі», «Ақ түс», «Уәж», «Нартай», «Төбет», «Әмір ата», «Алданған арман», «Жапалақ», «Бір ауыз сөз», «Жаза», «Ақша құнды – адалдықпен табылса», «Қасиет») әлем поэзиясында қалыптасқан классикалық жанрды өзіндік өрнектерімен жырлаған елеулі туындылар. Ақын балладаларында тіршілік иелерінің бәріне де ортақ адамгершілік-имандылық асыл қасиеттер мен қатыгездік-қаталдық қайшылықтары (перзенттерін аялаған аналық махаббат, қыршын кеткен азаматының отын мәңгі сөндірмеген асыл жар-ару, ауыр операцияны тәуекелмен сәтті жасаған дәрігер ерлігі, майдангер әке ерлігін ұлықтаған ұрпақ, қарттар үйіне тасталған әке, есірткінің құлы болған күйеуінен еріксіз ажырасуға мәжбүр болған келіншек байлыққа мастанғандардың ана тілін аяққа таптауы, т.б.) лирикалық сыршылдық пен эпикалық толғаныстар тұтастығымен өрнектелген. Ақынның өлеңдерінде де, балладаларында да («Адал құлға екі дүние ақ дейді», «Бұл өмірде сұрауы жоқ бір іс жоқ», «Әрбір істің күткен абзал ақырын», «Бала ғалым», «Меккенің әкімі», «Шарапат» (Құл Қожа Ахмет Яссауи хақында»), Жаратушы Алланың құдіретін, Мұхаммед пайғамбарымыздың, сахабалардың, әулиелердің, ғұламалардың діни-исламдық ұстанымдары мен адамзатқа тәлімгерлік-тәрбиешілік ұлағаты түсіндірілген.
Сәрсенбектің поэмалары («Пұшайман бикеш», «Бала-балық», «Балғын», «Өң мен түс», «Аманат») да өмір шындығын көркем шындық поэтикасының бейнелеу, суреттеу, баяндау тұтастығы заңдылығына сай жырлауымен ерекшеленеді. Эпикалық туындылардағы өзекті мәселелердің (Қазақтың ұрпақ өрбітудегі қан тазалығын сақтауы, атом қаруын сынау жарылыстарының ұрпақты құбыжық етіп тудыратын сұмдығы, жесірлік пен жетімдікті тудырған соғыс зардабы, ғұлама ұстаз ұлағатын жалғастыратын шәкірттер келбеті, саяси қуғын-сүргін құрбандарының қазақ тарихына мәңгілік қайта оралуы, т.б.) жырлануы да адамгершілік пен зұлымдық жағаласқан тіршілік қайшылықтарын жаңа буын ұрпақтың түсінуіне арналған. Ақынның Сәкен, Ілияс, Бейімбет рухына арналған «Аманат» атты поэмасының соңындағы шумақтары – жаңа буын ұрпақ санасын сәулелендірер сарынымен баурайды:
Тарих бейне алып шың,
Өресі жетпес шабыттың.
Ертеңі нұрлы болмайды,
Өткені құнсыз халықтың.
Тарих беті алағат,
Таптаған жылдар жаралап...
Тарих келер ұрпаққа –
Бабадан қалған аманат.
(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ... 322-бет).
Сәрсенбек Бекмұратұлы – қазіргі қазақ әдебиеті дамуы үдерісінде поэзиялық және деректі прозалық шығармалармен лайықты үлес қосып келе жатқан ақын, қарымды қаламгер. Шығармаларында халық тіліндегі мағыналы сөздерді, сөз тіркестерін поэтикалық үйлесіммен, ойшылдық-суреткерлікпен қолданған Сәрсенбектің ақындық, жазушылық болмысынан сөз өнерінің киесін ұлықтаған даналықты танимыз. Ол барлық шығармаларында да тіршілік қозғалысындағы жақсылық атаулының ұлағатын көркемдік-эстетикалық, ойшыл, сыршыл таныммен бейнелеп, ұлттық және жалпы адамзаттық гуманизм биіктігін сөз өнері арқылы танытумен келеді. Еңбек жолы белестеріндегі көркем туындыларымен ұрпақ жан ділін баураған замандасымыз-құрдасымыз Сәрсенбек Бекмұратұлы – біздің мақтанышымыз. Рухани жаңғырудағы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында да шығармашылық шабыт жемісінің мол боларына кәміл сенеміз.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор


26 маусым 2019 ж. 851 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930