ЖАЛЫН
Біздің ауыл – әйгілі қаламгерлер Қалмақан Әбдіқадыров пен Әбділда Тәжібаевтың туған жері. Оларды үлгі еткен кейінгі толқын қаламгерлер де аз емес. Ал қолына қалам ұстаған жас талапкер әуелде сөз ұйқастырып, өлең жазып талпынудан бастайтыны заңдылық. Әрине олардың бәрі бірдей жорға жүйрік ақын болып кетпейді, бірақ алғаш осылай қанат қағады. Оның талабы мен талант қуаты сынақтан өтеді. Талай жазушы өзінің шығармашылық талпынысы өлеңмен басталғанын айтады.
Рухани жан азабы мен рахаты мол бұл кәсіпке ден қойған жаутаңдаған жас талап өзіне назар аударуды, қамқорлықты, талантын бағалауды қажет етеді. Ол да бір бейне мәпелеп өсіретін, баптайтын бағбанды күтеді. Осылай шыңдалып өседі.
Бақытжан Мәден осындай арбайтын сиқыр поэзия әлеміне батыл құлаш ұрған азамат еді. «Азамат еді» деп өткен шақпен айтатынымыз – ол лапылдап тез жанып сөнген жалындай өмірден ерте кетті. Таланты әлі толық ашылып, кеңінен танылып үлгерген жоқ-ты. Оның тұнық лирика өлеңдері баспасөзде жарияланып жүрді. Тұңғыш «Жалындап жырым шарпысын» атты жинағы енді шықты.
Бақытжан бала күнінде елге бір барғанымда әкесі Жоламан мен анасы Кенжехан осы ұлымыз өзге балаларымыздан ерекше өсіп келеді, өлең жазып талпынып жүр деп, бата тілеп, қазақы ырыммен аузына түкіртіп алғаны да бар. Кейін есейе келе оның танысуға алғаш имене ұсынған балаң жырларының топтамасын қызыға оқып, шығармашылығына сәт сапар тілеген едім. Шиеліде жазушы Нұрмақан Елтаймен таныстырып, қамқорлық жасауын сұраған болатынмын. Нұрекең солай етті де, өзінің «Шарайна-Сейхун» газетінің редакциясына жұмысқа қабылдап, журналистика соқпағына салып шыңдады. Булығып жүрген бұла таланттың ашылуы осылай басталып еді. Кейін аудандық газет «Өскен өңірге» ауысты. Шығармашылық ортаға кіру өмір тек өлең жазудан, өлеңнің әдемі ұйқастарынан тұрмайтынын, шалысы да аз болмайтынын аңғартқан болатын.
Күрмеуі мол тіршіліктің қатпар-қатпар ащылы-тұщылы қырлары мен сырлары жас өскін шыбықтың шынардай бой көтеруіне жол бере қоймай аяусыз сынаққа салды. Осындай сәтте оның жан дүниесін түсінетін, жан сырын бөлісетін ортасы – достары, ішкі толғаныс, толқыныстарын тап басатын жары болған қандай абзал. Бір кем дүние деген осы. Бақытжанның жан сезім арпалыстары, қуаныштары мен күйзелістері өлең болып төгіліп жатты. Іштен тынып, өлеңмен сыр ақтару ақынды не өмірге ғашық етеді, не түңілдіріп өмірден қашық етеді. Иә осындай сәтте оның қасында сырласар кім болды?
Бақытжанның әкесі Жоламан екеуміз құрдас едік. Мектепте бір партада отырдық, жолдас болдық. «Алғабас» пен «Қызыл диқанның» ортасында мектепке талай жаяулап-жалпылап барып-қайтып жүрген күндерімізде жол бойы небір қызықты жәйттерді бір-бірімізге жарыса әңгімелейтінбіз. Оқыған кітаптарымызды кезектесе айтып шығатынбыз. Сөзге ұтқыр, әзілкеш әрі аңғалдау болатын. Кейін шаруашылықтың бейнеткеш қойторысына айналды.
Бақытжанның қалдырған жыр мұрасы – сыршыл лирика. Ақын жаны нәзік, жас баладай көңілшек. Ол өлеңдерін оқып отырған адаммен сырласқандай әсер қалдырады. Оның өз жырларын оқыған үнін тыңдағанда жан дүниеңді баурап алады. Шын тебіреністен шықпаса жыр оқушы жүрегіне жете ме? Өлеңдері қай тақырыпқа арналса да нәзік сезіммен жазылғаны көрініп тұрады. Әлі де талай шұрайлы жырлар беретін талант еді. Мұқағали, Қадыр, Тұманбай ақындарды ұнатамын дейтін, еліктейтін. Басқа да ақындарды оқуға, жалпы көп оқуға кеңес беретінмін.
Бақытжан енді жыр мұраға айналды. Ақындар ауылынан әлі де талай қаламгерлер, ғалымдар, қайраткерлер шығар. Киелі топырақта өнерлі таланттар мол болсын.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы».