Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жадымда тұрсыз жаңғырып

Жадымда тұрсыз жаңғырып


Мектеп оқушылары жазғы демалысқа шыққанымен, білім ұяларындағы тіршілік күнделікті жалғасып жатыр. Соның айғағындай, еңселі №214 Телікөл орта мектебінде өткен «Жадымда тұрсыз жаңғырып» атты ұлағатты ұстаз Әбутахир Маханбетұлын еске алуға арналған кеш көпшіліктің жүрегінде ұзақ сақталары анық.

Шиелі өңіріне Тахир есімімен танымал болған ұстаз Ә.Маханбетұлы өткен жылы шілде айында 80 жасқа қараған шағында дүние салған болатын. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, оның мектепте өзімен бірге қызмет еткен ұстаз-шәкірттері Төлебай Орынбаев, Айсара Әбілдаевалардың ұйымдастыруымен өнегелі, мағыналы, тартымды өткенінің куәсі болдық. Болашақ ұстаз Ә.Маханбетұлы 1938 жылы Жуантөбе ауылдық кеңесіне қарасты «Ақтоған» ауылында дүниеге келген. 1954 жылы осындағы жеті жылдық мектепті тәмамдап, Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1958 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Ал 1961 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Еңбек жолын №157 мектепте бастаған ол, №181 қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады.
1969 жылы «Қызылдихан» (қазіргі Ә.Тәжібаев) елді мекеніндегі бастауыш мектеп сегіз жылдық мектеп болып құрылып, Ә.Маханбетұлы осы жаңадан ашылған мектепке директор болып тағайындалады. Білімді де, білікті басшы аталған мектепті табан аудармай, тапжылмай, үздіксіз 25 жыл, ширек ғасыр басқарады. Жаңа мектеп, жаңа ізденіс, оқытудың сыныптық жүйесі, мектептің материалдық-техникалық базасын құру т.б. ұйымдастыру жұмыстары директордың іскерлігіне де сын еді.
Мектеп үйі тар болады, небәрі төрт-ақ бөлме. Келер көктемде Ә.Маханбетұлы ауылдың өндіріс бригадирі Әлмахан Әшірбаевпен ақылдасып, сол кездегі Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы Әзімхан Измаиловқа барып, мектепті кеңейту жөнінде көмек сұрайды. Төраға келісімін беріп, колхоз есебінен мектеп құрылысы басталып кетеді. Директор бастаған мектеп ұжымы, мұғалімдер ауызбірішілік танытып, асарлатып, құрылыс тез, жылдам қарқынмен жүргізіліп, бір жылда (келер оқу жылына) пайдалануға беріледі. Он оқу кабинеті бар зәулім де, әсем мектеп үйі бітіп, ауыл тұрғындары қуанышқа бөленеді. Оқушылар бас киімдерін аспанға атады. Мектеп директорының өмірінде осындай бақытты шақтар көп болған. Мектеп ұжымы Ә.Маханбетұлы басқарған жылдары оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде озат шауып, аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатарлы, мақтаулы мектептер сапынан түскен емес. Ол аттары аңызға айналған аудандық оқу бөлімінің басшылары Дүйсет Тайманов, Жағыпбар Зермұхамедовтермен қызметтес болып, білім саласының қадірменді, беделді, құрметті ардагер-ұстаз дәрежесіне жетті. Мектеп ұжымын жетістіктерге, табысқа бастаған директор Ә.Маханбетұлы 1977 жылы «Қазақ КСР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алады. Еңбегі жанған Тақаң 1980 жылы КСРО оқу министрінің «Құрмет» грамотасымен, 1985 жылы «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталды.
Мектеп мұғалімдері Мира Егізбаева «Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанса, Сәуле Төлегенова «Құрмет белгісі» орденімен наградталып, «Қазақ КСР білім беру ісінің озат қызметкері» Айсара Әбілдаева мен Ұлтай Нұрмағанбетова Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді кеуделеріне тақты. Мектеп түлектеріне Роза Жүсіпова педагогика ғылымдарының кандидаты болса, Эльмира Орынбаева педагогика ғылымдарының докторы атанды. Қазір екеуі де Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жоғарғы оқу орындарының оқытушылары қызметінде. Ә.Маханбетұлы басқарған мектептің толағай табыстарын жыр етіп айта беруге болады. Оны еске алуға келген замандастары, әріптестері, шәкірттері, аудан көлемінде мектеп директорлары болған жора-жолдастары, достары, ағайын-туыстары ауызынан да естіп, жанымыз марқайып қалды. Еске алу кешін Ақтоған ауылдық округінің әкімі Әлібек Сәрсенбаев, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет, бұрынғы білім бөлімінің басшысы Нәйла Палымбеттер ардақты азамат Ә.Маханбетұлына арнаған жалынды сөздерімен, нанымды еске алу сезімдерімен ашып берді. Мұнан соң Әбутахир ағамыздың қызметтес болған директор достары Өмірзақ Исаханов, Бақыт Жанаева, Әбен Бәкіров, Кенжетай Палмағанбетов, Сейілбек Аманжолов, сол кездегі аудандық партия комитетінің қызметкері Қалдыбай Сүгірбайлар, інісі Сағындық Досмаханұлы, мектепте бірге ұстаздық қызмет атқарған ардагерлер Халықберген Тұрсынбеков, Абай Әбусадиров, Әнуар Тәжімбетовтер Ә.Маханбетұлындай үлкен ұстаздың, парасатты, жан-жақты адами қасиеттері мен қарапайым мінез-құлқына, қайырымды азаматтың адамгершілік болмысына, педагогикалық тәлім-тәрбиесі мен тәжірибесіне, ұжымды биік белестерге жеткізіп, мектептің, ауылдың даңқын асырған, өмірінің соңына дейін адалдық пен әділеттікті, достық пен ағайындықты бойына тұмар етіп кеткен Әбутахир ағамызға шынай тоқталып, шын жүректен сөздерін арнады. Қызы Қарлығаш Әбутахирқызы «Әкеге сағыныш» өлеңін оқыса, шөбересі Досымжан Маханбетхан­ «Атама» деп домбырамен ән салды. Ұрпақ сабақтастығы атасын қадірлей түскендей болды. Көпшілікті әсерге кенелтті. Елге сыйлы ардақты ұстаз Ә.Маханбетұлын еске алу кеші оның жылдық асына ұласты. Ол жұбайы Ұлтай екеуі ұстаздық ете жүріп, 7 ұл 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 28 немере, 22 шөбере сүйіп отырған 80 жастағы ата тыл ардагері еді. Оның жарқын істері жасай береді.

Өркен ИСМАИЛ.
18 маусым 2019 ж. 726 0