Диірмен тарту ермек емес
Жасы алпысқа келсе де, көңілі әлі жас апа диірмен тартып, қамыр жаяды. Адалдық пен еңбекті ту еткен Ә.Тәжібаев ауылының тұрғыны Қамаш әженің ғибратты ғұмыры кімге де болса үлгі-өнеге. Төрт құрсақ көтерген ардақты ана өткен ғасырдағы соғыстан кейінгі тоқырау заманды көріп, пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген ұғымды әкімшіл-әміршілдік жүйе тұншықтырып тастау сияқты тарихи оқиғаларға куә болған.
Бүгінгі ұрпақ диірменді тек мұражайдан тамашалап жүр. Ал, немерелеріне диірменнің қасиетін айтуды әрдайым өзіне парыз санайтын Қамаш Телжанова әлі күнге дейін айналасына немерелерін жиып, диірмен тартады. Мұнысы жай ермек емес, кейінгі ұрпаққа нанның еңбекпен келетінін ұғындыру. Қандай еңбек істесең де адалдықты ту етіп, адамдарға жақсылық ойлауды үнемі айтып отырады.
Кезінде талай отбасын аштықтан алып қалған осы бір диірмен, тоқшылық белгісіндей көрінеді. Кішкентай кезімде анамның қасында отырып, диірмен тартқанын көріп отыратынбыз. Ол кезде де диірмен көп бола бермейді. Бір-бірінен сұрап, талқанды тартушы едік. Сондықтан болар еңбекке жастайымнан ерте араласып, диірмен тарттым. Оны айналдырып тарта бастағаннан-ақ, дәннің иісі аңқып, керемет шығады. Жас кезімде қара жұмысты қатты істейтінмін, жасым 60-тан асса да үйде қарап отыра алмаймын. Диірмен тартып, есік алдындағы бақшаға қарап, немерелеріммен уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз. Тірі жанға тынымсыз қимыл-қозғалыс деген жақсы ғой. Бүгінде тағамның түрі жетіп артылады. «Кейінгі ұрпақ дәннің қасиетін білсе екен деймін. Себебі, нан қалай келетінін ойланбайды. Қазір ақша болса бәрін сатып алуға болады» деп ойлайды. Сол себепті маңдай термен келген нан тәтті екенін, Жер анаға сепкен дәннің үйге нан болып келетінін әрдайым кішкентайларға ұғындырып отырамын», – дейді бақытты әжей.
Кейіпкеріміз қартайдым деп үйде қарап отырмай, білген-көргенін немерелеріне айтудан жалыққан емес. Ұмыт болып бара жатқан осы бір дәстүрді насихаттап, ұрпағына жеткізіп келеді.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.