Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен еленген ел анасы

Еңбегімен еленген ел анасы


Қазақтың ардақты әйелдері-ай! Қазақ қашан да қыз-келіншектерді құрмет тұтып, алақанының аясына салып, ардақтап келген. «Бір қолымен бесік тербеткен аналар, бір қолымен әлемді тербетеді» деседі дана халық. Қазақ әйелдері ғана ошақ қасындағы тіршіліктен бір уақыт бой түзеп, ел бірлігі мен болашағы үшін маңызды істерге атсалысқан. Оған тарих куә. Анау сақ дәуірінде батылдық дәурен құрған уақыттары сақ әйелдері атқа мініп, ерлермен қатар елін жау­дан қорғаған. Бұған Тұмар ханымның Кир патшасымен соғысындағы жеңісі дәлел. Одан бертін келе кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары атыз бойын жағалап, трактор тізгіндеген ер мінезді аналарымызды да айтуға болады. Елімізге елеулі еңбек етіп, ұрпақ өрбітіп, ұзақ ғұмыр жасаған аналарымызды сый-құрметке бөлеу дәстүрі жыл сайын жалғасын тауып келеді. Сондай жандардың бірі – Күлмарал Нұрманқызы.
Шиелінің даңқын асырып, атын ғаламға әйгілеген ақ күріші болса, осы дақылды өсіруден әлемдік рекордты орнатқан Ыбырай Жақаев екені белгілі. Әңгімемізді дән атасы Ы.Жақаевтан бас­тауымыз да заңдылық. Себебі, бүгінгі кейіпкеріміз атақты диқанның келіні, өмір бойы бригадирі болған Қойшыбай Оразымбетовтың жары. Сонымен қатар, Ы.Жақаев пен Қ.Оразымбетов 1929 жылы құрған «Қызылту» колхозы бүгінгі таңда Жақаев ауылы деп аталады. Осы ауылдың ардақты анасы атанып отырған К.Нұрманқызы 1923 жылдың 1-қаңтарында Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Еңбек адамының өмірі өнегеге, басқан ізі ғибратқа толы. Сонау 1932-1933 жылдардағы нәубетті ашаршылық, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиындықтар мен ауыртпашылықтардың дені әйел затының иығына артылғаны мәлім. Сол мезеттерде 7 кластық білім алып, үздік оқыған Күлмарал апаның зеректігі мен ізденімпаздығы өзіне көп септігін тигізеді. Алайда, екі ғасырдың жүзін көрген 96 жастағы апамыздың жадында сол бір зұлматты жылдар сақтала қоймапты. Біз де еске түсіріңізші деп қолқалағанды жөн көрмедік.

Диірмен тартқан дара бейне

Бұрымды ару 1942 жылы 19 жасында Тоқболат елінен Тарақты руына келін болып түседі. Сол кезеңдегі жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан білек сыбана кірісіп, ошақ басынан атыз бойындағы барлық тірлікті бел жазбай атқарады. Жерге тастаған дақылды жиып-терген соң, қолдап диірмен тартады. Бүгінгідей технология дамып, техниканың түр-түрі кезікпейтін. Әңгіме барысында тынымсыз еңбекпен қатар кітап, газетін қолынан тастамайтын ананың кейіпі еріксіз көз алдымызға орала кетті. Өйткені, «Бір қолыммен диірмен тартып, екінші қолыма газет ұстап, оқып отырғанмын. Кенеттен диірменнің ағашы тайып кетіп, көзімді ағызып жібере жаздады. Қатты күшпен тиген соң бір жақ көзім үлкен болып ісіп кетті» – деген кейіпкеріміздің әңгімесі өте әсерлі еді. Жолдасы Қойшыбай 33 жыл өндіріс бригадасының бригадирі болып атақты Жақаевпен бірге жұмыс жасайды. «Сырдың ақ маржанын жайқалтқан атақты диқан 1947 жылы күріш өсіруден рекорд орнатқан болатын. Сол жылдары жазушы Сәбит Мұқанов пен Әліби Жангелдин «Сырдария» романын жазу үшін ауылға келіп, күріш өсірудің қыр-сырын зерттейді. Сол қонақтарды күте жүріп, түрлі кітаптарды да оқуға уақыт табатынмын. Бір күндері газет оқып отырғанымда үйге келген қонақтар
сауа­­­тым барын байқап, колхоз конторына хатшы қызметіне шақырды. Сол мезеттегі хатшы, бухгалтер бәрі соғысқа кеткендіктен сауаты бар адам іздей бас­тайды. Содан, 1943 жылы «Қызылту» колхозында Ақпанбет Қоспанбетовтың басшы кезінде хатшы болып, кейін қойма меңгерушісі қызметін де атқардым» – дейді К.Нұрманқызы. Еңбекке бейім ер мінезді Күлмарал жеріне, еліне қызмет жасай жүріп, 1945 жылы тұңғыш ұлы Сұлтанбекті дүниеге әкеледі. Одан кейін дүниеге келген екі қызы жазық далада желмен айқасқан ананың бауырында жүріп шетінеп кетеді. Суық желдің өтінде жүргеннен соң ба денсаулығы сыр беріп, колхозда есепші болып қызмет атқарып, 40 жылдық жұмыс өтілімен зейнетке шығады.

Көп жасаудың сыры еңбекте

Бүгінде 2 ұл, 2 қыздың анасы, 11 немере, 4 шөберенің әжесі атанған ақ жаулықты апамыз әлі тың, бай қуатты екенін көріп көңіліміз марқайып қалды. Ұрпағын адал еңбекке баулығаны үлкен ұлы Сұлтанбектің аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, екінші ұлы Шахмардан Қызылорда облыстық жер қатынастар басқармасында басшы қызметін атқаруынан-ақ аңғаруға болады. Ал, екі қызы Несібелі мен Қарлыға зейнетке шығып, бейнетінің жемісін көріп отыр. Көктем шықса есік алдына егін егуді әдетке айналдырған Күлмарал апа қияр, қызанақ сынды көкөністерді өсіріп баптайды екен. Шаршауды білмейтін, шапшаң әрі жеңіл қимылдайтын әзиз ана баяғы дағдысынан әлі де айнымаған. Көзілдірік тақпастан аудандық «Өскен өңір» газетінің әр нөмірін қалт жібермей оқып отыратынын жеткізді. Қаңтар айында 96 жасқа қадам басқан К.Нұрманқызының той-томалақта тойбастар айтып, ән салатыны да бар. Үйіне іздеп барған апамыздың ерге бергісіз мінезі, еселі еңбегі кеудесіне медаль таққызып, ұрпағына ұзақ жасаудың сырын жеткізуді бұйыртса, тәуелсіз елде, бейбіт заманда туылған қызына ғасыр жасаған ел анасының батасын алу бақыты нәсіп етті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
08 наурыз 2018 ж. 1 546 0