Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры

«1 маусым – балаларды қорғау күні» мерекесіне орай М.Шоқай атындағы орталық алаңда салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлының құттықтау сөзімен басталған мерекеде балаларға арнап әкелінген батуттар мен түрлі үрлемелі ойыншық үйшіктер көркем безендірілген алаң сәнін келтірді. Балалар асфальтқа түрлі-түсті бормен сурет салса, ата-аналар еркіндіктерімен қиялдарына қанат бітірген бүлдіршіндердің шығармашылыққа қаншалықты жақын екенін байқап, көз сүйсінер қылықтарын тамашалады.
Екі шекті, қоңыр үнді қазақтың домбырасы, қылы керілген көп тембрлі қобызы мен көп пернелі орыстың баянын сан түрлі нотада сайратқан балалар шпагат пен мостик жасап, хор болып ән де шырқады. Мың құбыла билеген балабақша бөбектерінің биі елді қылықтарымен тәнті етті. «Әрқашан күн сөнбесін» әнін аудан балабақшаларының барлық бүлдіршіндері орындап, бал татитын балмұздақтан дәм татты.
Тұңғыш президент «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады», – демекші, болашағымыздың бағдарын қалыптастыруда балалардың мүмкіндігін ашып, қабілетін байқау бақытты балалық шақтың баянды болашаққа ұласуы үшін маңызды. «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», – деп М.Жұмабаев айтпақшы балабақша тәрбиешілері мен өнерпаздар жетекшілерінің еткен еңбегі, төккен терінің нәтижесі сахна төрінде күнше шуақ шашып, жұлдыздай жарқыраған талабы таудан биік жас өнерпаздардан байқалды. Ерекше толқында өткен мереке үшін демеушілер де дән риза.
Назерке Мұхамедиярова.