«Ер көжек» ертегісі қойылды
Елге игілік, адамға ырзық сыйлайтын еңбекпен қатар, қоғамға рухани байлық та қажет. Халықтың жалғыз материалдық сұраныспен өмір сүрмейтіні әдебиет пен мәдениетке, өнерге деген ықыласынан-ақ көрінеді.
Жуырда Ақмая ауылында «Ер көжек» ертегі қойылымы сахналанды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әзірленген ертегі қойылымын мектеп оқушылары үлкен ықыласпен қабылдады. Бұл оқушылары арасындағы «Драма» үйірмесінің алғашқы қойылымы. Осыған дейін ересектермен 4 қойылым қойылып, көрермендер арасында сүйіспеншілікпен көрініс тапты. «Ер көжек қойылымы» драматург Өмірбек Боранбаев пен режиссер Досхан Ерболатұлының туындысы. Қойылымда М.Қаблеш, Қ.Қаблеш, А.Ахметхан, Қ.Аманбаева, А.Дүйсенқызы, Н.Серікқызы мен режиссер Д.Ерболатұлының өзі де ойнап, көпшілікті баурап алды. «Ер көжекті» қоюдағы негізгі мақсат – балалардың қызығушылығын арттырып, қиялдарын ояту, сонымен қатар эстетикалық талғамын қалыптастыру еді.
Аталған үйірменің аудандық мәдениет үйі жанынан ашылғанына 3 ай ғана болған. Режиссердің жоспары ауқымды – үйірмеге қатысушылар санын арттырып, түрлі шығармаларды көрермендерге ұсынуды қалайды.
Мектеп оқушылары қызықты ертегі көрінісін тамашалап, керемет көңіл-күймен тарқасты. Бұл қойылым бұған дейін кенттегі мектептерде қойылып, алдағы уақытта тынығу лагерінде көрсетілетін болады.
«Өскен өңір» ақпарат.