Елордада 12 жастағы қызды құтқарамын деп қаза тапқан сержант марапатталады
Нұр-Сұлтанда суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп қаза тапқан әскери қызметкер Ерлан Раимқұловты марапаттайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР Қарулы күштерінің Әуе қорғаныс күштерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет президенті – Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кіші сержант Ерлан Раимқұловты «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды», - делінеді хабарламада.
22 мамырда ҚР Қарулы күштерінің Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, авиацияның генерал-майоры Нұрлан Кәрбенов марқұмның жұбайына марапатты табыстайды.
«Ол достары мен әріптестерінің есінде көмек қолын созуға дайын тұратын, өзгелердің мәселелеріне бей-жай қарай алмайтын адам ретінде қалады. Ол үлгілі отағасы еді. Екі ұлды өсірді. Олар әкелерінің ерлігімен мақтана алады», - делінеді хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 10 мамырда«Газмаштаппара» бағбандық қоғамының аумағында орын алды. Раимқұлов 12 жастағы қыздың суға батып бара жатқанын көріп, оны құтқаруға бірден бел буды. Алайда қызды құтқарамын деп, өзі ерлікпен қаза тапты.