Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Индустрияға бет алған өңір

Индустрияға бет алған өңір



Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, өнеркәсібі өркендеген Шиелі өңірінде болашаққа бағдарланған игі істердің іргесі қалануда. Елбасы тарапынан жарияланған әрбір тарихи құжатпен болашағына бағдар жасап алатұғын ауданнан ел дамуының көріністерін байқайсың. Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібі өндірген өнімдердің көлемі артып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері артып, тиісінше жұмыссыз адамдар саны азаюда.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін көтеру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жүзеге асқан жобаның бірі «Фирма Балауса» ЖШС «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Қазіргі таңда «Фирма Балауса» ЖШС «Бала-сауысқандық кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасының ІІ және ІІІ кезеңдерін қаржыландыру мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, облыс әкімдігі және британдық «Ferro-Alloy Recources Limited» компаниясы арасында құны 125 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асыру бойынша үш жақты келісімге қол қойылды. Жобаның үш кезеңі 34,9 млрд.теңгені құрап отыр. Кен орнында «Қара тақта тас­ты автоклавты қайта өңдеу» жобасының бірінші және екінші кезеңдерін жүзеге асыру нәтижесінде өндірістік-тәжірибелік кәсіпорын құрылды. 2017 жылы экспортқа 128 тонна ванадий өндірілсе, 2018 жылы оның көлемін 3,2 есеге ұлғайтқан. Сонымен қатар 1,4 млрд. теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадатын экспорттады. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылы дүниежүзілік стандартқа сай 5 окисьті ванадий өндіру цехы құрылысы басталуда. Бұл шикізат түрі жоғары сапалы өнім болғандықтан, сұранысты үш есеге арттыруды көздеп отыр. Бұл әдіс түрі жыл ортасына қарай іске қосылатын болады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында кәсіпорын Ұлыбритания мемлекетіне 38 395 т, Ресей мемлекетіне 5 371 т ванадий өнімін экспорттады. Алдағы уақытта Прибалтика, Оңтүстік Корея, Қытай және Үнді елдерінің нарығына жеткізу мәселелері де қосымша зерделеніп жатыр.

Ауқымды жоба әлеуетті арттырады
Елімізде ғана емес, Орта Азияда бірінші болып құрылысы басталған «DANAKE» корпорациясы» мен Қытай мемлекетінің «Гежуба групп цемент» компаниясы бірлесіп қолға алғалы үшінші жылға аяқ басты. Ауданның шығыс бөлігінде орналасқан зауытты былтыр 11 желтоқсанда Индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Елбасының қатысуымен жалпы ұлттық телекөпір арқылы Шиелі ауданындағы «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-ның «Тампонажды цемент шығару зауыты» іске қосылды. Жобаның жалпы құны 64 млрд. теңгені құрайды. Зауыт толықтай жұмыс жасағанда жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент өндіретін болады. Зауыт құрылысы кезеңінде 1200 адам жұмыспен қамтылды. Өндіріс орны іске қосылғалы бері 260 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» өз қаражаты есебінен аудан тұрғындарының арасынан Қытай Халық Республикасында 46 жас маман қайта даярлау курсынан өтіп, бүгінгі күнге аудандағы цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналастырылып, әрқайсысымен жеке-жеке еңбек шарты жасалды. Бұған қоса «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде» 80 жас маман қайта даярлау курсынан өтуде. Оқудан өткен азаматтардың барлығы Цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Бүгінде тампонажды цементі мұнай-газ және уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Ең бастысы, өнім шығаруға өңірдің шикізаттық базасы толық жетеді.
Көңілге қонымды жұмыстардың қатарына индустриалды аймақта атқарылып жатқан шараларды да қосуға болады. Ол «Шиелі Жолшы» ЖШС «Асфальт өндіру» зауыты 2004 жылы іске қосылып жұмыс жасауда. Жоба құны 124 млн. теңге. Өндіріс орнында асфальттың салқын және ыстық түрі өндіріледі. Кәсіпорын жол саласында 15 жылдан бері жұмыс жасауда. Зауыт жылына 10 000 тонна асфальт өнімдерін өндіріп, көршілес аудандарды да қамтамасыз етіп отыр. Осының өзінен-ақ бұл зауыттың болашағы жарқын екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Шиелі Жолшы» ЖШС-да темір-бетон өнімдерін өндіру зауытын іске қосып, қосымша 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Жобаның қуаттылығы жылына 2500 дана темір-бетон бұйымдары өндіруді жоспарлап отыр.
Ауданның оңтүстік-шығыс беткейінде орналасқан «Әшірбеков» шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Аталған қожалық жуырда құны 72 млн. теңге болатын күріш ақтау цехын және құны 37 млн. теңге болатын құрама жем цехы құрылысы жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда іс қағаз құжаттары мен құрал жабдықтарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Цехтар іске қосылғанда тәулігіне 45 тонна күріш өңдеп, 28 тонна құрама жем шығарады. Сонымен қатар, он екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Зауыттың аумағы 4 га, сыйымдылығы 12000 тонна.
Қазіргі таңда индустриялды аймақтағы жұмыстарды жандандыру мақсатында қосымша тағы да басқа жұмыстар қолға алынған. Соның бірі 2017 жылы өңірлік картаға енгізілген «Тан ЛТД» өндірісі. «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы 397 млн. теңгені құрайды. Инфрақұрылым тартылған индустриалды аймақта орналасқандықтан сыйымдылығы жағынан 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем шығарады. Қауқарлы зауытты толықтай іске қосса, 60 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар аталмыш өндіріс нысанына мемлекет тарапынан Қаратау беткейінен 30 га жер телімі зауыт құрылысы үшін, ал 5 000 га жер телімі егіндік мақсатта табысталды. «КазАгрофинанс» мекемесі арқылы 5 дана ауылшаруашылық техникаларын алуға жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда жоңышқа және мақсары егу үшін 1000 га жер телімін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы жерде өңірлік индустрияландыру картасы бойынша «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС «Қиыршық тас өңдеу» зауыты 2009 жылы құрылып, жұмыс жасауда. «Қиыршық тас өңдеу» зауытының жобалық құны 600 млн. теңге. Аталмыш зауыт үш ауысым бойынша жұмыс істеп, жылына қуаттылығы жағынан 1 млн. тонна қиыршық тас, 60 мың тонна әк өндіреді. Сонымен бірге зауытта құрылысқа қажетті құм, грави тастарын алуға арналған арнайы карьерлер бар. Бүгінгі күні «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС «Қиыршық тас өңдеу» зауытында 100 адам тұрақты жұмыс жасайды. Қаратаудың қойнауынан өндірілетін әкті облыс жұртшылығы тұтынуда. Сонымен қатар келешекте, өндірілген әктен силикат кірпіштерін шығаруды көздеп отыр. Жобалық құны 602 млн. теңгені құрайтын силикат кірпіштерін өндіру зауыты іске асырылмақ. Сонымен қатар силикат кірпішін өндіретін зауыт үшін аудандағы индустриалды аймақтан 3 га. жер телімі табысталды. Жобаның жылдық қуаттылығы 15 млн. силикат кірпіштерін шығаруды жобалауда. Жаңа жұмыс орындарымен 59 адам қамтылмақ.
Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданы индустрияға бет бұрған өңір ретінде танылып отыр. Инвестиция, құрылыс саласындағы осындай ілгерілеушілік ауданды өзге өңірлерден ерекшелеп тұр. Себебі, жалғасын тауып жатқан осындай жүйелі жұмыстар уақыт өте өз жемісін беріп келеді. Өйткені Шиеліде жерасты және жерүсті байлықтарының барлығы кәдеге жарамды тауар ретінде өндіріледі және экспортталады. Ауданды гүлдендіру мақсатындағы атқарылатын шаралардың мұнымен бітпесі анық. Жыл санап өсіп келе жатқан ауданның бюджетінен-ақ өңірдегі ахуалдың жақсарып келе жатқандығын аңғаруға болады. Мұның барлығы шиеліліктердің ұйымдасқан берекелі бірлігі мен ынтымақты тірлігінің арқасында жүзеге асып отыр.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
15 мамыр 2019 ж. 661 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031