Тірлігі төрге, өндірісі өрге озған өлке
Таудай тұлғалар мен дарынды ұлдарды дүниеге әкеліп, алтын бесігіне айналған киелі мекен Шиелі топырағы – шағын кәсіпкерлік дамып, өндірісі өркендеген өлке. Ауданда соңғы жылдары өндіріс орындарының саны артып, жұмыссыздардың қатары азайып келеді. Тірлігі төрлеген өлкеде кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюда. Міне, осы тақырып төңірегінде яғни, ауданның 2018 жылғы саладағы оң көрсеткіштер жайлы ақпаратты өздеріңізбен бөлісуді жөн санадық, құрметті көзі қарақты оқырман.
Ел әлеуеті мен экономикасын өрге домалататын негізгі сала – өнеркәсіп. Жыл басынан Шиелідегі өнеркәсіп саласының даму қарқыны үдей түсті десек, қателеспейміз. Аудан әкімдігі ұсынған есеп бойынша өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. 408 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 100,6 пайызды құраған. Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібінде 8 млрд. 886 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 89,8 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімдерін өңдеу секторындағы өсу қарқыны тенденциясы 2013 жылдан бері тұрақты сақталып келеді.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты – ел экономикасына ғана емес, әлеуметтік ахуалға да оң әсерін беріп келеді. Берік ұлттық қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің дамуы – бұл индустрияландырудың басты жетістіктері. «Сыртқы факторлардың жағдайға терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екені белгілі. Сондықтан, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек», – деген болатын Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші жылын қорытындылаған сәтте.
Қысқаша қайырсақ, өңірдегі өндіріс саласы өркендеп даму үстінде. Үстіміздегі жылға да ауқымды жобалар мен межелер қойылғанын ескерсек, аудан экономикасы қарыштап дамитынына күмән жоқ.
Сонымен, есепті мерзімде ауданда 4719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3737-ні құраған яғни, 79,2 пайыз. Барлығы 7696 адам жұмыспен қамтылса, жеке кәсіпкер – 3205, шаруа қожалық – 967, заңды тұлға – 547 болып отыр.
Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жобалық құны 97,2 млрд. теңгенің 2 жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, біріншісі, жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын, жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығарады деп күтіліп отырған «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС. Зауыт 2018 жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады деп жоспарлануда. Келесі өндіріс ошағы «Фирма Балауса» ЖШС «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. «Фирма Балауса» ЖШС 2018 жылдың 1 жарты жылдығында 259,5 млн. теңгені құрайтын 58,4 тонна метованадат аммониясын Ұлыбританияға экспортқа шығарылумен аудан экономикасының толығуына үлкен үлес қосуда. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспарланған.
Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылшаруашылығын дамыту үшін аудан бойынша 34 жобаға 108 млн. 500 мың теңге несие қаражаты берілсе, қазіргі таңда, жалпы құны 470 млн. теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн. теңгенің 23 жобасының нақты несиелендіру бағытында құжаттары қабылданған. Ал, өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауданнан жалпы құны 548 млн. теңгені құрайтын 82 жоба бақылау кеңесіне ұсынылып, 58 жоба 195 млн. 500 мың теңгеге қолдау тапқан. Бүгінгі күнге бұл жобалар бойынша жалпы құны 157 млн. теңге болатын 40 жоба толық қаржыландырылғандығы да аян болды.
Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы құны 364 млн. теңге болатын 14 жоба қаржыландырылып, қосымша жобалық құны 336 млн. теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралу үстінде екен.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да бүгінгі таңда бизнесті қолдау мен дамытудың бірден-бір мүмкіндігі болып отыр. Аталған бағдарлама шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша ауданда жалпы құны 111 млн. теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылған. Атап айтқанда, «Әбдіманап базары» ЖШС жабық базар ғимаратының құрылысы үшін «Forte Bank» АҚ арқылы 15 млн. теңге, «Қайсар» жеке кәсіпкерлігі айналым қаражатын толықтыру үшін «Халық Банктен» 31 млн. теңге, «BANAS» ЖШС айналым қаражатын толықтыру үшін «Сбербанктен» 45 млн. теңге, «Байтуғанов» жеке кәсіпкерлігі айналым қаражатын толықтыру үшін аталған банктен 20 млн. теңге несие алып, бірқатар жұмысатқарылуда. Аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грант қаражатын алуға ауданнан 100 жоба ұсынылып, комиссияның қорытындысымен 15,3 млн. теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанған. Мұнымен қоса, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында кенттен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлініп, 6 бизнес жобаға 62 гектар жер телімі табысталған. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның осы тізімін бұдан әрі жалғар болсақ, 2017 жылдың соңында индустриалды аймақтан жобалық құны 124 млн. теңгені құрайтын асфальт-бетон шығару зауыты іске қосылғандығын атауға болады. Қазіргі таңда, индустриялдық аймақта орналасқын 6 жобаның жобалық құны 736 млн. теңгені құрайтын 2 жобасы («Мия Шиелі» ЖШС және «Шиелі Жолшы» ЖШС) іске қосылса, 1 жобаның («Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы ЖШС) құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің де ауданның дамуына серпін берері хақ. Бүгінде аталған жолдың 1865+300-ші шақырымынан жеке кәсіпкер Б.Жүзкеновтің «С» санаты бойынша жобалық құны 100 млн. теңгені құрайтын сервистік қызмет көрсету кешенінің жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Қызмет көрсету кешенін жүзеге асыру үшін 5 гектар жер телімі беріліп, оның 4 гектарына алма бағын отырғызу жоспарлануда.
Міне, осылайша, азаматы келісті, шаруасы жемісті Шиелі ауданы дамудың даңғыл жолына түсіп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Жастардың жарқын жобалары да баршылық. Жарқын болашаққа қадам басқан әлеуеті шуақты өлкенің өндірісі өрлей бермек.
Дина ЖҮСІПОВА.