Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайым аяжандарға

Қарапайым аяжандарға


«Қарапайым аяжан» ретінде 40 жылғы еңбек өтілімім бар. Өзімнің көрген білген тәжірибемнен қазіргі жас аяжандарға кейбір кеңестеріммен бөліскенді жөн көрдім.
Бұл бір күнгі ойдан шыққан жоқ. Зейнеткерлікке шыққаныма 15 жылға таяп қалса да, медицинадағы әрбір жаңалық өзгерістерді қалт жібермей көруге тырысамын.

Бір кездері «ақ халатты абзал жандар» – деп құрметпен қарайтын медицина қызметкерлеріне соңғы кезде халықтың сенімі азайып кетті. Бұрындары қарапайым халыққа дәрігер, аяжан демей-ақ, ақ халат кигендерден жанына демеу, ауруына шипа болады деген сеніммен келетін. Соңғы кезде, әсіресе, жастар арасында өзінің міндетіне немқұрайлы қарап, алдына келген науқастарды тыңдап, жылы қабылдап, кеңес берудің орнына «өз дәрігеріңізге барыңыз» – деп анда-мында сілтеп жіберетіндердің бар екені де аракідік кездеседі. Содан барып өзі сіркесі су көтермей келген науқас дәрігерді мақтамайтыны белгілі. Дәрігер немесе аяжан болсын, ең бірінші емің – табиғи кішіпейілділік, аяушылық, мейірімділік. Аяжан, мейірбике деген сөздер де осыдан шыққан.
Алдыңа келген науқасты мұқият тыңда. Қолыңнан келгенше көмек көрсетіп, кеңес бер. Науқасқа көңіл аудару, құлағанда демеу болу әр адамның парызы.
Қиналып отырғанын көрсең (байқасаң) кезексіз дәрігерге кіруіне ықпал жаса, алдындағы науқастан рұқсат сұра, болмаса екеуін бірге кіргізе сал. Сенің көңіл аударуың біраз жеңілдетіп тастайды.
Дәрігердің жұмысы деп қарап отырмай, дәрігерге жақсы көмекші болуға, жоқ болған кезде жағдайды қиындатпауға тырыс. Абырой ортақ соның ішінде медицинада мен, сен деп ысыруға болмайды.
Науқас дәрігердің мөрі не қолы үшін күтіп отырса өзің дайындап бергенің дұрыс. Науқасқа керек жағдайда басқа кабинетке қол қойдыру үшін кіруіне көмектес.
Жас жүкті әйелге (анаға) ауруын айтып: «Бала босана алмайсың» – дегенді мүлдем айтушы болма. Басқа жолмен түсіндіруге тырыс. «Жақсы сөз – жанға дауа» – дегенді ұмытпа!
Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырма. Үйден жасайтын жұмыс болса алып кете сал. Ынта болса, бітпейтін іс жоқ. Табысыңды екінші естен шығарма.
Намысты бол – ол адамның қайрағы.
Оқу бір бөлек дүние, тек оқумен жұмыс істеп кету қиын. Жақсыдан үйренуге тырыс.
«Басты ұстанымың – білмейді, істей алмайды» – деген сөзді естімеу болсын.
Өмір бақи жақсыдан сабақ алудан жалықпай, намыстанбай, жіберген қателігің болса болашағыңа сабақ етуге талпын.
Дәрігерде шыдамдылық, аяушылық деген қасиет міндетті түрде болу керек.
Кісілік, паңдық – дәрігерге жат қылық, жылы сөзің – емнің бір түрі.
Науқастың мұңын тыңдай біл.
Науқасқа ауруы жөнінде сенімсіздік білдіру – ажалынан бұрын өлтірумен тең. Керісінше жазылып шыққандарды мысалға келтір. Ауру өле ме? Сау өле ме? Ол бір Алланың қолында екенін де ескерген жөн.
Нағыз аяжан тек сағат өткізгеніне риза болмай, қандай жағдайда да көмек, кеңес беру міндетім деп түсіну керек. «Бәсеке» деген бар, бұл қызғану емес.
Қиналғанда тек өздеріңнен үміт күтіп келгендердің сеніміне лайықты бола біл.
Статистика жүрген жерде қағазбастылық болады. Бірақ, ол екінші орында болу керек. Ретін тапсаң бәріне үлгеруге болады. (Бұл өз тәжірибемнен)
Көргеніңді зердеңе құя білсең өмір өзі сені «психолог» етеді. Бұл да емшіге қажет қасиет.
Кездейсоқ болатын түрлі жағдайларда, әсіресе, жас балаларға – алғашқы көмекті әрбір отбасы білгені дұрыс. Ол үшін ұдайы кеңес беруден, үйретуден жалықпа. Керек жерінде етке салатын екпені де үйреніп алсаң, артық болмайды. Тек тазалыққа мән беруді ұмытпа (асептика, антисептика).
Айналайын әріптестерім, медицинаның қадірі кетпесе деймін. Өзім жоғарғысына түсуге мүмкіндік болмай, кішісі болса да емханада жүрсем деп оқыған едім. Себебі, ол кездегі ең таза, ең әдемі, ең беделді, сыйлы мамандық дәрігер болу. Соған қызығуымнан шығар деп ойлаймын. Шамам келгенімше оқып жүріп, жұмыс істедім. Аяжандар емес дәрігерлердің жұмысына, жазуына қызығып, үйренуге тырыстым. Бұл өмірлік тәжірибемде көмегі тиді.
Ақ халаттыларға тілерім: Кісіліктен гөрі кішілікке бейім болыңдар. Сонда еңбегің бағаланады. Біздің ауданда да туа бітті қарапайым біліктілігімен көзге түсетін дәрігерлер бар. Алдарыңа келген – хан да, қара да дәрменсіз күйде болады. Жанына шипа іздеп үміттенеді. Ал, ол шипа сіздердің науқасты күлімдеп, жылы шырай танытып, ерекше мейіріммен қарсы алуларыңыздан басталады.

Анар ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ.
03 сәуір 2019 ж. 565 0