ШИЕЛІ: ИНВЕСТИЦИЯДА ІЛГЕРІЛЕУ БАР
Бүгінгі таңда экономиканың негізгі арқауына айналып үлгерген шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту елде басты мәселенің бірі. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекетте барлық икемді жағдай жасалып жатыр. Ендігі кезекте бұл саланы одан әрі өркендетіп, түсетін салық көзін көбейту арқылы ел экономикасын көтеру, сол арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. Осы ретте, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрамындағы инвестицияның үлесін 30%-ға жеткізу көзделген. Алайда әлемдік деңгейде қалыптасып отырған геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты бұл меже 25%-ға дейін төмендетілуде. Десе де, бұл цифрды еңсеру де оңай емес. Ең бастысы, жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс.
Осы тұста Шиелі ауданының бүгінгі ахуалын айта кеткен жөн. Бүгінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 102,1 пайызға артып, 21,2 млрд теңгені құрап отыр. Яғни, аудандағы кәсіпорындармен жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шарт негізінде өнім көлемі едәуір ұлғайып келеді. Ол кәсіпорындардың қатарында «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС (цемент өндірісі), «Иіркөл» ЖШС (уран өндірісі), «Ру-6» ЖШС (уран өндірісі), «Байқоңыр Солар» ЖШС (күн сәулесінен электр энерги), «Фирма Балауса» ЖШС (ваннадий өндірісі), «Кемикал» ЖШС (пластик құбыр өндірісі), «Шиелі-Жолшы» ЖШС (жол құрылысы, асфальт, бетон өнімдері) бар.Ал оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 102,9 пайызға артып, 8 млрд 549 млн теңгенің өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі – 9,5 млрд теңгені құрап, 2,5 есеге артқан.
Өңдеу өнеркәсібіне басқа да көздерден және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «Иіркөл» ЖШС, «Ру-6» ЖШС, «Байқоңыр Солар» ЖШС, «Фирма Балауса» ЖШС, «Кемикал» ЖШС, «Шиелі-Жолшы» ЖШС мекемелерінен ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан 2 Комбайн, 2 жүк тиегіш және 5 трактор алынып, инвестиция тартылыпты.
Айта кеткен жөн, бөлшек сауда айналымының көлемі 3,4 млрд теңгені құраған. Бұл дегеніміз 101,8 пайызға орындалды деген сөз.
Сонымен қатар қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының көлемі 1,2 млрд теңгеге орындалып, 8,9 есеге артып отыр. Оған бірден бір себеп – жеке тұрғын үй құрылысы есебінен және «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу.