Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өрлеудің жолы – өңдеу

Өрлеудің жолы – өңдеу

Қызылорда облысында соңғы 10 айда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамығанын аңғаруға болады. Сәйкесінше, жыл басынан бері өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 22,3 процентке өсіп, 69 415 бірлікті құрады.
Ел билігі индустрияландыру­ бағдарламасын дер кезінде қабылдамағанда, Қазақстан экономикасының соңғы он жылда орын алған дағдарыстар мен дүрбелеңдерге төтеп беруі неғайбыл еді. Өңдеу өнеркәсібіне ден қойып, индустриялық саясатты дұрыс қалыптастыра білгеннің нәтижесінде әлемдік экономика айдынындағы кемеміз шайқалмай, еркін жүзіп келеді. Өрлеудің жолы өңдеу екенін жете ұғынғандықтан, мемлекеттің қолдау шараларының негізгі бөлігі индустрияландыруға бағытталды. Тиісінше, бұл секторға облыстағы кәсіпкерлердің де ынтасы ауды. Соның нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 27,5 процентке ұлғайған. Жалпы республикада шағын және орта кәсіпкерлік санының өсу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы 4 орында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков хабарлады.
– Өздеріңіз білетіндей, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты негізі – кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Биыл облыс­та кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып келеді. Сонымен қатар биыл өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, 10 айда өңдеу өнеркәсібінде 194 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 8,3 процентке артты. Бұдан бөлек индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл 4 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосу жос­парланса, бүгінде оның 3-і жұмысын бастады. Тағы бір айта кететін жайт, облысқа отандық және шетелдік инвестиция көздерін тарту – басты міндеттердің бірі болды. Осы жылы аймаққа 290,9 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жоспар 77,8%-ке орындалды. Нәтижесінде, инвестиция тарту бойынша біздің облыс 1 орында, – деді басқарма басшысы Қамбарбек Мүбәраков.

Г.ӘБДІХАНИ
13 желтоқсан 2022 ж. 444 0