Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСЫЛДАНДЫРУ НЕГЕ НӘТИЖЕСІЗ?

АСЫЛДАНДЫРУ НЕГЕ НӘТИЖЕСІЗ?


Қазақ пен қой – егіз ұғым дейміз. Кеңес дәуірінде аты дүркіреген қой шаруашылығы бүгін неге кенжелеп қалды? «Мал өсірсең, қой өсір» дейтін дәуір келмеске кеткен секілді. Қой өсіру кенжелеп, асылтұқымды қойдың саны азайғанын айтып, ғалымдар дабыл қағуда. Жалпы, қой шаруашылығын зерттейтін мамандардың жанайқайына құлақ түрген жан бар ма? Шаруашылық неден ақсап тұр? Осыған орай, мамандар «Айқынның» ашық алаңында бас қосты. Жиынға ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Бақыт Ынтықбайұлы, Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, селекционер-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұржан Жұмаділлаев, Алматы асылтұқымды қой зауытының директоры Айтбай Өсербайұлы, қойшы Сейітмұхамет Асубаев, аға шопан Ғымын (Ғалым) Тәкіш қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды.

«Айқын»: Асылтұқымды қойдың ар­тықшылығы неде?
Бақыт Ынтықбайұлы: Етті ме­­ри­нос – отандық ғалымдардың көп жыл­дық еңбегінің нәтижесі. Біз­ге дейін де асылтұқымды қойлар бол­­ған. Бірақ Кеңес Одағы тараған соң, асылтұқымды қойлар шашы­лып, ұсақталып кеткен. Соған бай­ла­ныс­ты Минскіден француздар­дың асыл­тұқымды етті меринос Иль-де-Франс қой тұқымын алып кел­дік. Жас қошқарлар арқылы 9000 бас қой­ды асылдандырамыз.
Қазақ «Мал өсірсең қой өсір, пай­дасы оның көл-көсір» деп бекер айтқан жоқ. Қазір қойды шеттету бар. Қой шаруашылығы бірден та­быс әкелетін сала емес. Республика кө­лемінде қой шаруашылығын да­мыту туралы не конференция, не жиын өтпейді. Өткізудің пайдасы өте көп. Қойды сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ғалым­дар­дан бастап, шопандарға дейін ұмы­тылып қалды. Ет желінерде, сый­лы қонаққа бас қоятын кезде ға­на еске алатын болдық. Ең өкі­ніш­тісі – осы.
Нұржан Жұмаділлаев: Қа­зір­гі таңда қойды асылдандыру – отан­дық және шетелден әкелінген қош­­қар­ларды пайдалану арқылы жүр­гі­зіліп жатыр. Соңғы бес-алты жыл­­дың көлемінде Қой шаруа­шы­лығы ғы­лыми-зерттеу институты ға­лым­­да­рының ғылыми жетекшілі­гімен отандық жаңа биязы жүнді етті қой тұқымы – етті меринос апро­бация­дан өтіп, мақұлданды. Асылдан­дыру­да шетелдің гене­фон­дының үлесі өте зор. Етті меринос қой тұ­қы­мын Алматы облысының асылтұ­қымды қой шаруашылығын­да қа­зақтың биязы жүнді қой тұқы­мы не­гізінде терең селекциялау жұ­мыс­тары нәтижесінде және не­містің меринофлейшшаф атты етті бағыт­тағы биязы жүнді қошқар­ларын қол­дану арқылы шықты. «Алматы асыл­тұқымды зауыты», «Ес­келді» тұ­қым мал шаруашы­лы­ғына не­міс­тің биязы жүнді етті ба­ғыттағы мери­нос қошқарларын са­тып алған бо­латын. Қазіргі таңда Алматы об­лы­сында 90 мыңға жуық асылтұ­қым­ды қой бар. Аналық қой­лардың орта салмағы – 65-67 ке­лі. Қазақтың биязы жүнді қой­лары 55-58 келі бо­латын еді. Гер­ма­ния­дан қошқар әке­ліп, асылдан­дыр­ған қой­лардың еті­нің салмағы көп, сүйе­гі аз. Бір қой­дан 3,5-6 келіге дейін жүн ала­мыз. Олар төзімді, жайы­лымда жү­­ріп-ақ жоғары сапа­лы ет береді. «Ал­маты асылтұқым­-ды зауыты», «Ес­келді» шаруашылы­ғы­­ның ма­ман­дары және Қой шаруа­­шылығы ғы­лыми-зерттеу инс­­титуты ғалым­дары – етті ме­ри­ностың авторлары.

«Айқын»: Асылтұқымды қой өсіру арқылы қандай пайда көреміз?
Нұржан Жұмаділлаев: Етті биязы жүнді қой өсіру Германия, Ис­пания, Оңтүстік Африкада да­мы­ған. Батыс Еуропа, АҚШ, Анг­лия әлемде қой өнімдерін өндіруден 50 пайыз үлеске ие. Мериноф­лейш­шаф қой тұқымының тарихы 1934 жылдан бастап Германияда тараған. Ті­рі қойдың салмағы – 120-140 келі, еті – 75-85 келі, жүні – 4-5,5 келі. Яғ­ни, меринофлейшшаф тұқымын өсі­ру еті көп, жүні сапалы, тез се­міретіндігі үшін пайдалы. Бізге өнім­ділігі жоғары қой өсіру тиімді. Шы­ғыны аз, пайдасы көп.
Жаңадан шыққан мал тұқымы се­лекциялық жұмыстар кезінде ары қа­рай дамыту поцестерінен өтеді. Сол себептен, француздардың Иль-де-Франс қой тұқымын пайдалануға ше­шім қабылдадық. Иль-де-Франс қой тұқымы тез өсетін, өнімділігі жо­ғары болуымен ерекшеленеді. Әлем­нің 30-дан астам еліне Иль-де-Франс қой тұқымы экспорт арқылы танымал. Иль-де-Франсқа сұраныс жо­ғары. Нарықта еті, жүні бағалы. Қа­зақстанға әкелген қошқарлардың 12 айдағы салмағы 80-95 келі тар­тып тұр. Жүнінің жіңішкелігі – 21-25 мкм, ұзындығы – 8-9 см, сау­лық­та­ры 4 келіге дейін жүн береді. Ұлыбритания, Германия, Португа­лия, Ресей, Украина арқылы әке­ліне­ді.

Ғымын Тәкіш: Шопан болу үшін жаз жайлауда, қыс қыстауда қой­дың жайынан хабардар болу маңызды. Жыл мезгілімен санасып оты­расың. Таңсәріден қой өргізе­мін. Күн тө­беге көтерілгенде қора маңы­на ие­мін. Түс ауа аптап ыстық қайт­қан соң, қайта шығарып жая­мын. Ше­тел­­ден қошқар әкелудің пайдасы – қой тұқымы іріленеді. Жүн­нің са­пасы артады. Салмағы қосы­лады. Франциядан келген қош­қарлардан сапалы жүн, сал­мақ­ты ет күтеміз. 2008-2010 жылдары қой-қозы ірі­ленді. Содан кейін биыл әкелді. Кү­тімі жақсы болған соң, нәтижесі де дұрыс болады.
Сейітмұхамет Асубаев: Мықты қош­қардан мықты қозы туады. Ше­телден келген қошқарларды қайта «тәр­биелейміз». Себебі, шет мемле­кеттен келген мал жайылуды біл­мейді. Тек қорада тұрып шөп жеп, алдына құйған суды ішіп үйреніп қалған. Отардағы қойға қоссаң, өзімен-өзі айдалаға қарай кетіп қала береді. Отармен «ілесіп отыру, бірігіп жайылу» деген «түсінігі» жоқ. Өз бетімен кетпегенде қайтсін, кең даланы көрмеген ғой. Шетелде қой­ды тек қорада бағып-қағады. Сондықтан шопандар отарға ілесуге бейімделгенше қадағалаймыз. Біршама уақыт өткен соң, жайылу­ды, отарға ілесуді «үйренеді».

«Айқын»: Қазір дәрігерлер «қой етін­де холестерин көп, жемеу керек» дегенді жиі айтады. Майлы етке неге сұраныс жоқ? 
Нұржан Жұмаділлаев: Қой етінің құрамындағы холестерин мөл­шері сиыр, шошқаның етімен са­лыстырғанда 2-3 есе аз. Қой еті – экологиялық таза өнім. Қыс қыс­тау­да, жаз жайлауда жайылады. Ше­телдегідей қораға қамап отырған жоқ­пыз. Қой 500-ден астам дәрілік шөпті теріп жейді. Сондықтан қой еті – мың да бір ауруға ем. Етті ме­ри­нос – отандық ғалымдардың көп­жылдық еңбегінің жемісі. «Еттi ме­ринос» – еттілігі мен жүнінің са­пасының жоғарылығымен баға­ла­на­ды. Сол үшін етті мериносқа сұра­ныс жоғары. 2011 жылы қой тұ­қымын сұрыптау, асылдандыру жұ­мыстарының нәтижесінде отан­дық қой тұқымын шығардық. Жыл сайын етті мериностардың саны көбейіп келеді. Салмағы – 65-75 ке­лі, жүні – 3,5-6,0 келі, 4-4,5 ай­лық қозының салмағы 35-38 келі тар­тады. Бізге шетелдіктер неге ке­леді? Олар бізден таза етті алып ке­теді. Біз олардың мұзға қатқан «өлі» еттерін жейміз. Қытайда Қа­зақстаннан барған қой етін қым­бат­қа сатады. Екінің бірінің қолы жете бер­мейді. Тек байлар ғана сатып ала­ды. Олар бізден барған етті эколо­гиялық таза деп алады. Қытай жайлауда жайылған қой етінің пай­дасын бізден артық біліп отыр.
Бақыт Ынтықбайұлы: Бұ­рын ел ішін­де қан қысымының кө­терілуі, өтіне тас байлап, құм жи­­­налған, асқазан аурулары көп бол­­ған жоқ. Ауру­дың көбейгені ел са­палы ет, та­ғам жеуден қалып ба­ра­ды. Оның бәрі дәріленген, жа­сан­­ды тағам же­геннен. Салмағы аз. Құнары жоқ.
Елбасы: «Қойдың басын көбей­тің­дер. Бұрын жайылымдарды жақ­сы пайдаланушы едік. Жайлауда құ­дықтар болған. Сол құдықтарды қал­п­ына келтіріп, тазалап, әр құ­дық­тың басына 5-6 отардан шопан отыр­ғызылуы керек. Қойдың саны­мен қатар, сапасын көбейтіп, қой етін экспорттауға дайын болуымыз ке­рек» деп айтқан. Етті меринос қойын шығару 1980 жылдары бас­талды. Етті мериностың сүбе, қа­быр­ға, жамбасында еті көп, жүні са­палы. Қазір Алматы облысында 2 мил­лионға жуық биязы жүнді қой бар.
«Айқын»: Малды бордақылап, ет­ті экспорттауға дайынбыз ба?
Бақыт Ынтықбайұлы: Ша­ғын шаруа қожалықтарында қой­дың са­па­сына қарап жатқан ешкім жоқ. Мем­лекет қой басына 2500 тең­ге бе­реді. Ол өзін ақтамайды. Қа­ра қой мен еділбайдың жүнін еш­кім ал­майды. Құр босқа қоқысқа тас­тай­ды. Етті мериностың жүнін Қытайға 670 теңгеден өткіздік. Енді жүнге 150 теңге субсидия алу үшін Қытай­ға өткізбеңдер дейді. Жыл он екі ай қойдың соңында жүрген ең­бек­ті еш­кім түсінбейді. Қой шаруа­шы­­лы­ғы одағы да, Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрлігі де жауап бер­мей­ді. «Иранға ет экспорттаймыз» деп ала­шапқын болғанмен, оған қандай ет өткіземіз? Белгісіз. Себебі, мал­дың саны бар да сапасы жоқ. Бәрі жеке қолда болған соң, әркім көр­пе­сіне қарай көсіледі. Асылдан­дыру­ға үлкен шаруашылықтар бол­­маса, 2000-3000 қойы бар шаруа­­лардың шамасы қайдан кел­сін?! Жүннің де жайы солай.

Нұржан Жұмаділлаев: Бор­да­қылау үшін қойды жайып семірту ке­рек. Себебі, жайып семірту өте тиім­ді және өзіндік құны төмен. Көк­тем айларында қойды жайы­лымда жайып-ақ семіртуге болады. Ол үшін жайылым технологиясын дұрыстап пайдалануы керек. Жем-шөп базасы мықты болуы керек. 1000-2000 қойы бар шаруашы­лық­тарға қойды бағып-қағу қиын.
Қытай Қазақстанның қойларын жаппай етке алып кететін болса, ет ба­ғасы шарықтап шыға келеді. Дәл қазіргі уақытта ішкі нарықты қой етімен қамтамасыз ете алмаймыз. Ол үшін асылтұқымды саулықтың басын көбейтуіміз керек. Себебі, қол­да бар азын-аулақ асылтұқымды қой етін экспортқа ет керек деп өткізсек, үш-ақ күнде етті қойды бі­тіріп тастаймыз. 5000 бас қойды қабылдайтын бордақылау алаңы бар-жоғы үш-ақ күн жұмыс істейді. Сондықтан етті бағыттағы қой­лар­дың басын көбейтіп қор жинап алуы­мыз керек.
Ет өткізу пункті ашылса, ма­ман­­дар жоқ. Оған өткізетін ет те са­­палы болмаса, шетелге экспорт­тай алмайсың.
Айтбай Өсербайұлы: Өте орын­­ды мәселе. Мал бордақылау, ет өт­кізу пункттерінде жұмыс­шы­лар­­дың отбасына, бала-шағасына бар­лық әлеуметтік жағдай жасалса, дұрыс болар еді. Мектеп, балабақ­ша, ме­дици­налық пункт салып, шопан­дар­дың жағдайын жасаса, қой шаруа­шылығы да өркендейді. Дәл қазір, шынын айтқанда, қолда бар қас­қалдақтың қанындай асыл­тұ­қым­ды сақтау үшін күндіз-түні қой­дың соңындамыз. Биыл бесеу бол­са, келесі жылы онға жеткізсек деп шырылдап отырмыз. Тауар ай­налымы жоқ. Сырттан келетін ар­зан ет, ішкі нарықты тұншықты­рып отыр. Қойға қаржы жұмсаудан неге қа­шады? Өйткені бүгін салған қар­жыны ертең қайта салмайды.
«Айқын»: Мемлекеттік бағдарла­ма­лар неге аяқсыз қала береді? 
Бақыт Ынтықбайұлы: Ауыл шаруа­шылығындағы реформалар неліктен аяқсыз қалады? Басты се­бебі, біз шетелден бір бағдарлама, тех­нологияны алып келгенде, оны да­мушы елден әкелуі керек. Өйт­кені бізге дамушы елдердің сатылап іске асатын бағдарламалары сәйкес келеді. Дамыған елдердің тәжіри­бесін әкеліп алып, «неге нәтижесіз?» деп жер тоқпақтап, қаржыны желге шашқан орынсыз. Қазақстанға сәй­кес келетінін алуымыз керек. Да­мы­ған елдің бағдарламасына Қа­зақ­стан нарығы дайын емес. Сол бағдарламаларға сай заңдар шығып жатыр. Заңдарды оқып үлгермейміз. Бізде істеуге құлшыныс бар, тәжі­ри­бе жетіспейді. Қысыламыз, үл­гер­мейміз, жан таласамыз. Ша­ла­жан­сар нәтижесіз болған соң, тұйық­қа тірелеміз. Халықтың қо­лын­дағы малға жұмыс істеу керек. Сон­да ертең шетелге ет экспорттау туралы әңгіме айта аламыз. Қытай тон­налап ет алады деуге – негіз жоқ. Аргентина, Канада, АҚШ, Авст­ралия, Қытай нарығын етпен то­лтырып отыр. Қойдың сапасын арт­тыру керек. Санаулы шаруа­шы­лықты теледидардан жарнамалаған­нан, жалпы елдегі қойдың сапасын арт­тыра алмаймыз.
Қазір ел синтетикадан ауру тауып, табиғи өнімдерге қайта бет бұра бастады. Жеңіл өнеркәсіп, мақ­та-мата өңдеу, тоқыма өнер­кәсібі дамыса, қой шаруашылы­ғы­ның екінші тынысы ашылады. Елбасы әрдайым ауыл шаруашылы­ғын басты назарда ұстау, дамыту, бір­лесіп әрекет етуді айтып шар­шай­ды.
Субсидия бермесе, ұзақмерзімді пайы­зы аз, жеңілдетілген несие бер­сін. Содан кейін сол ақшаға өсір­ген қозымды шаруашылықтарға өт­кі­земін. Несие азая береді. Бізге тиі­мді жол – осы. Қазір бізде ала­тын адам жақсы мал таппай сан­да­лады. Сататын адам жүйесіздіктен асыл­тұқымды малын дұрыс бағаға өт­кізе алмай әлекке түседі. Екеуі па­раллель жүреді. Бірімен-бірі қа­быс­пайды.
Айтбай Өсербайұлы: Ішкі на­рықты қой етімен қамтамасыз ету үшін қойды бордақылау керек. Кеңес заманында «Жетіген» шаруа­шылығы 11 мың бас ірі қараны бор­дақылап, 550 келі салмақта Ал­маты ет өңдеу комбинатына өткізіп отырды. «Жаңалық» шаруашылығы да тонналап ет өткізетін. Қазір де осын­дай орталықтар ашылса, ет ба­ғасы арзандайды. Ел сапалы ет жеуге қол жеткізеді. Алыпсатарларға жем болмау үшін асылтұқымды қойы бар шаруашылықтар малды асыл­дандыруды жеделдетіп қолға алуы керек. Асылтұқымды қой са­нын көбейту – кезек күттірмейтін өзек­­ті проблема. Еттің де еті бар. Бір ет, бір май ет үлкен сұранысқа ие. Оның бағасы майлы еттен әл­де­қайда қымбат. Қой шаруашылығы палатасы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне осындай мәселені дұ­рыс жолға қойса, мәселе шешімін та­бар еді. Асылтұқымды қой кө­бейер еді. Саудада алыпсатарлар шаруа қожалық басшыларын ал­дап-арбап жарты бағасына алып ке­теді де, бас пайдасын ойлайды. Қой сатқанда да еңбегіміз еш, тұзы­мыз сор. Сұраныс қолжетімді болса, қой шаруашылығы да дамиды. Қазір аттап бассаң, сауда орны. Дү­кен сөрелерінде құнарынан айы­рыл­ған, мұз құрсанған шетелден кел­ген арзан еттер самсап тұр. Ішкі на­рыққа қол жайып отырған бір дү­кен таппайсыз. Шетелден дайын өнім әкеледі. Саудасы жүріп тұр.
«Айқын»: Мал шаруашылығын да­мытуға не кедергі: субсидия, жайы­лым, мамандардың жоқтығы…
Нұржан Жұмаділлаев: Қа­зір­гі уа­қытта мал шаруашылығын да­мы­туда кадрлар проблемасын шешу қа­жет деп ойламын. Өйткені кеңес заманында дайындаған тә­жірибелі ма­мандар зейнеткерлік­ке шығып ке­тіп жатыр. Көпжылдық тәжіри­бе­сін үйрететін жастар жоқ.
Бақыт Ынтықбайұлы: Үкі­мет кө­мек берсе, малды көбейтуге бола­ды. Ауыл шаруашылығына суб­си­дия берудің жүйесін жетілдіру ке­рек-ақ. Несиені 4-5 пайызбен 10 жыл­­ға берсе, алатын едім. Субсидия бер­­мей-ақ қойсын. Біз қазір 14 пайыз­­­­­бен несие аламыз. Айлық-жа­ла­қ­ы, салық төлейміз. Алатыны-мыз – қой басына – 2500 теңге. Оны алу үшін әкімшілікке, ассоциацияға ба­рамыз. Қағазбастылықпен сен­деліп жүргенде күз келеді. Субсидия қара­шаның соңында қолыңа тиген­де қашан жем-шөп дайындайсың? Біз қаржыны шілдеде алып, қыстық жем-шөпті дер кезінде жинап алуы­мыз керек. Бізге желтоқсанда бере­ді. Ақ қар, көк мұзда қайдан шөп та­басың?
Ұлттық қордан «Қазагроға» қар­жы 1 пайызбен бөлінеді. «Қа­заг­родан» министрлікке 4 пайызбен ке­ліп түседі. Бізге 14 пайызбен бері­леді. Ақшаны береді. Сатуға келген­де қойды қайда өткізесің? «Көбей­ген малда шаруам жоқ» деп сырт ай­налады. Аламыз, өсіреміз, сата­тын кезде ешкім алмайды. Жақсы бағ­дарламалар аяғына дейін жүйелі жұ­мыс істеуі керек. Біз тұйыққа ті­рел­ген соң, малды жаппай сойып, са­тамыз. Асылтұқымды қойларды ая­қасты жапа-тармағай соямыз. Се­бебі, банк қарызды қайтар деп жан алқымнан алады. Жақсы тұ­қым­ды жаппай етке өткіземіз. Осы­дан келіп, жақсы тұқым құриды.
Айтбай Өсербайұлы: Біздің өті­ніп сұрарымыз – экономикалық жа­ғынан тиімді, барлық бағыт-бағ­дары айқындалған жақсы бағ­дар­лама керек. Құрғақ есептің қажеті жоқ. Жалған есеп беру жарға жыға­ды. Қой шаруашылығы туралы ми­нистрліктің қағаздағы есебі мен жұ­мысы сәйкес келмейді. Мал бор­да­қылау кешендері, өндіріспен тіке­лей байланыста болу, ғалымдар ар­қылы қойды сапалы асылдандыру ар­қылы жаңа қой бағытын табуға мүм­кіндік бар. Баяғы ескі қөзқа­рас­ты қайталаудың керегі жоқ. Киіз, кі­лем фабрикалары жоқ.
Кеңес заманында жыл сайын қой қоралар жаңаланатын. Тазалау, дәрілеу жұмыстары жүйелі жүр­гізі­летін. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары жүйелі жүргізілмегендіктен, ел ішінде эпидемия көбейген жағ­дай­лар кездесті. Соңғы он жылда аурулардың алдын алу, эпидемия­ның таралмауы үшін барлық жағ­дай­ларды қарастырып жатырмыз. Қораларды жаңалауды бастадық.
Мал дәрігерлерін зейнетке ер­те­рек шығарса деген арманымыз бар. Ауыр жұмыстан қажыған көп ма­ман зейнеткерлікке де жете ал­май жатқан жағдайлары көп.
Ветеринарлар азайып бара жа­тыр, жастар келмейді. Күні-түні қой­дың соңында жүретін шопан тап­пайсыз. Құрылыстан қажып кел­гендер қойды дұрыс баға ал­май­ды. Қой таңғы 9-да жайлауға шы­ғып, кешкі 6-да қайтып келетін ме­­кеменің «қызметкері» емес. Қой­дың табиғатын түсінетін шопан ке­рек.
Қой басын көбейту үшін күндіз-тү­ні далада қойдың жайын жасап жүр­ген мал дәрігерлері мен шопан­дардың айлық жалақысы жоғары болуы керек. Мәселе сол кезде ғана ше­шімін табады.
Біздің байлам:
Шаруаның жайын шаруа ғана түсінеді. Қыстың қаһарлы суығында, жаздың аптапты ыстығында мал бағу шаруаға да оңай емес. Олардың мақсаты – ұлт саулығын ойлау. Қой шаруашылығын дамытамыз деп әлек болып жүрген мамандардың жанайқайы осындай. Бұған ауыл шаруашылығының тізгінін ұстаған шенеуніктер де бейжай қарамаса екен деген тілегіміз бар.
Гүлзина БЕКТАС, Майра ЖАНЫСБАЙ
15 наурыз 2018 ж. 1 647 0