Ауылдың бюджеті керемет еді...
Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтің түсіндіруінше, бұған дейін Қазақстанның бюджеті небәрі үш деңгейден құралатын. Бұлар – республикалық бюджет, облыстардың және республикалық маңыздағы қалалардың бюджеті және аудандық бюджет. Ауылдар аудандық бюджеттен қаржыландырылды.
2018 жылдан бастап, аудандық маңызы бар қалаларда, ауыл, кент, ауылдық округтерде бюджеттің жаңа, 4-ші деңгейі ендірілуде. Бірақ бұл шара кезең-кезеңге бөлінген. Науқан 2018 жылғы 1 қаңтардан бері алдымен тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын ауылдарды қамтыды. Нәтижесінде, бүгінде жаңа деңгейде 1 055 бюджет жұмыс істеуде. Ал 2020 жылдан бастап IV-бюджет қалған 1 338 ауылда пайда болады.
Ауыл бюджеті 7 түрлі салық түсімінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдардан, аудандық бюджеттен келетін трансферттен, сондай-ақ бизнесмендер мен қалталы адамдардың қайырымдылық көмегінен қалыптастырылады. Бұлардың барлығы бұрынғыдай аудан айналып жүрмей, ауыл бюджеті мен қазынашылық есепшотына тікелей түседі.
Әкімге кім жақын?
– Бұл реформаның басты мақсаты – жергілікті жұртшылықты өз ауылындағы мәселелерді шешуге қатыстыру. Бұған дейін жоғары тұрған аудан-қала әкімдігі әр ауыл үшін бюджеттік басымдықтарды өзі анықтайтын, өзі тендер өткізетін, оның жеңімпазын да өзі таңдайтын. Бұл істерге ауылдың әкімі де, тұрғындары да қатыстырылмайтын. Қазір әр ауылға төл қазынашылық есепшоты ашылуда. Бұдан былай әр ауылдың шығыстары мен бюджеттік басымдықтары міндетті түрде жергілікті халықпен талқылануға және оның қолдауын алуға тиіс, – дейді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Дегенмен ертелі-кеш жұмыс қамымен жүретін жұртшылықты жаппай жинау күрделі. Тіпті, қалалардың өзінде мысалға, ПИК басшылары жиналыс кезінде бір тұрғын үйдегі пәтер иелерінің жартысының да басын қоса алмай жатады. Бүкіл ауыл тұрғындарын кеңеске келтіру қиынға түсуі ықтимал. Бұл ретте кейбір ауыл әкімдіктері сөзі өтімді, қолы бос, қоғамдық іске белсенді қариялар қатарынан өзіндік бір «ақсақалдар кеңесін» құрып жатқан көрінеді. Әкім жазған ауыл бюджетінің жобасы да солардың талқылауына салынып, мақұлдауын алмақ. Болашақта бұл бейресми құрылымдар – жергілікті парламентке, ал «авторитет» ақсақалдар депутатқа айналуы да ғажап емес. Бірақ ол үшін Ата заңға өзгеріс енгізу талап етілуі мүмкін.
– Жасыратыны жоқ, ақсақалдар болсын, ауқаттылар болсын, осындай белгілі бір беделді топтың тұтас ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауы тіксінтеді. Бірақ дамыған, демократиялық мемлекеттерде де тәжірибе сондай: жергілікті муниципалитет өзіндегі әртүрлі топтар мен күштерге сүйенеді, кейде солардың ыңғайына жығылуға мәжбүр. Бұл тәртіп өңін айналдырғаны болмаса, сонау алғашқы адамдар үңгірлерде шоғырланып, өзара билік иерархиясын бөлісе бастаған алғашқы қауымдық құрылыстан бері келе жатқан дүние. Оның үстіне қазақ ауылында ежелден ақсақалдар билігі жүрген. Үлкен тұрғанда, кіші сөйлемейді. Байырғы институт жанданса, оның ауылда ұлттық құндылықтарды сақтауға да оң әсері болып қалар, – дейді әлеуметтанушы Қарлыға Мәлібекова.
Қалай болғанда, Руслан Дәленов ауыл бюджетінің шығындары ауыл тұрғындарының қолдауын табуы міндет екенін айтады: «Мұны жергілікті қауымдастықтың жиналысын өткізу арқылы жүзеге асыруға болады. Оның мүшелерін жергілікті қоғамдастықтың жиыны сайлайды. Яғни, бір ауылдың барлық тұрғыны осы жиынға жиылады да, жиналыс мүшелерін таңдайды. Ары қарай дәл осы адамдар бюджеттің шығыстарын айқындайды», – деді бас экономист.
Ауыл қоржынында – миллиардтар
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жыл қорытындысында барлық ауылдың жалпы табысы 130 млрд теңгені құрады. Оның тек бір ширегі немесе 32 миллиарды ғана ауыл әкімдерінің өздері жиған салықтар мен басқа да түсімдер. Ауылдық бюджеттің орташа көлемі 122 миллион теңгеге тең. Бірақ Р.Дәленов 1,5 миллиард теңгеден артық табыс табатын донор ауылдар да барлығын жеткізді.
4-бюджетке көшкен 1 055 ауылдың 173-і бай: өз тапқаны қажеттілігін толық өтейді. Тағы 426 ауылдың жинаған табысы төл шығыстарының тек 15–50 пайызына дейінгісін жабады. Ал 456 ауыл – кедей: табысы мұқтаждығының 15 пайызын қаржыландыруға әзер жетеді.
Тұтастай алғанда, бюджеттің IV деңгейі кірісінің 75%-ын аудандық бюджеттің трансферттері құрайды. Ендеше ауылдың басым көпшілігі бәрібір аудандағыларға тәуелді болмақ.
Мұны болдырмау үшін Үкімет «Кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес ауылдарға қосымша түсім түрлерін беру көзделуде. Атап айтқанда, бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер, жер учаскелерін жалға беру құқығын сатқаны үшін төлемақы аудандық деңгейден алынып, ауылдық округтерге тапсырылмақ.
«Нәтижесінде IV бюджеттің кіріс базасы орташа алғанда 29 миллиард теңгеге дейінгі қосымша сомаға ұлғаяды», – дейді ведомство.
Бұл заң күшіне енгесін, еліміздің әкімшілік бірліктерінің саны азайғалы тұр. Өйткені 50 адамнан да аз, тіпті бір-ақ отбасы қалған ауылдар бар. Оларда 5-тен 21 адамға дейінгі аппараты болатын әкімдік пен жеке бюджетті ұстау орынсыз деп танылды. Мысалы, 2019 жыл соңына дейін Қостанай облысында 54 ауылдық округ «оптимизацияға» ілігеді. Дәл осындай науқан басқа облыстарда да жүруде.
Жаңа заң жобасы тұжырымдамасында айтылғандай, Қазақстанда тұрғындар саны бойынша қала мәртебесіне сай келмейтін 13 қала бар: Ақмола облысында – 3, Ақтөбе, ШҚО, СҚО, Қарағанды облыстарында – екі-екіден, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында – бір-бірден. Осыған байланысты құжатта қалалар санатын «ауылдық елді мекен» санатына өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа тетік қарастырылып отыр.
Әкім отыр партада
Қолына бюджетті жұмсау құзыры берілгесін, енді ауыл әкімі де сол қаражаттарды игермегені немесе тиімсіз шығындағаны үшін әкімшілік, тәртіптік, тіпті қылмыстық жазаға тартылатын болады. Бұрын олар үшін құжатқа қол қоятын аудан-қалалардағы шенділер тоқпақ жейтін. Мұндай жауапкершілік барын «ауылнайлар» біле ме? Сондықтан сарапшылар ауыл шенеуніктері арасында жаппай сауат ашу науқанын жүргізу керегіне сенімді. Бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Әйтсе де, жүріс шабан.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко ШҚО-ны өнеге етеді: өңір жергілікті өзін-өзі басқару билігінің 160 мүшесін оқытып шығыпты. Бұл тәжірибе республикамызда жаппай сипат алғаны жөн.
Ауылда шешілуге тиіс мәселе жетіп артылады. Мысалы, халықтың салық жиналатын дүние-мүлкінің біраз бөлігі мемтіркеуден өтпеген.
Бұған қоса ауыл әкімдеріне аудандар кезең-кезеңмен 7,5 мың коммуналдық кәсіпорынды – электр, жылу, газ, сумен жабдықтау нысандарын, сондай-ақ 14 мың жалпы пайдаланудағы объектілерін – автожолдарды, көшелерді, парктерді, мәдениет үйлерін, ескерткіштерді және өзге мүлікті тапсырмақ. Сарапшылар олардың көбі ескі күйде берілетініне алаңдайды. Демек, табыстамас бұрын оларға жөндеу жүргізу қажет-ақ.
Ауыл әкімі өз аппаратын жасақтау үшін білікті кадрге зәру. Үкімет мүшелері жақында ауылдарды аралағанда, әкімдер тегісімен осы мәселені төтесінен қойыпты. 2018 жылдан бері 4-бюджет енген 1 055 ауыл әкімі ұжымының жалпы штаттық саны 8 173 маманды ғана құрады. «Ауылнайлардың» үштен бірі сауатты заңгері жоқтығына, тағы бір бөлігі білімді бухгалтер тапшы екеніне шағымданған.
Білікті кадр жетіспеу мәселесін шешуге «Дипломмен ауылға» жобасы жұмылдырылмақ. Алайда ол тек денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы жас мамандарға арналған. Сондықтан оған өзгеріс енгізіп, оның игілігін ауылға баратын мемлекеттік қызметшілерге де тарату жоспарланып отыр. Оларға 250 мың теңге көтерме жәрдемақы және баспана алуы үшін 0,01% ставкасымен 4 миллион теңгедей несие беріледі. Президент тапсырмасы бойынша «Дипломмен ауылға» жобасын қаржыландыру көлемі қазіргі 14 миллиардтан 2020 жылы 20 миллиард теңгеге дейін артады.