Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «НҰР ОТАН»: ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

«НҰР ОТАН»: ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ


«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия орталық аппаратының құрылымдық бөлім және еншілес ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда Елбасының партия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Бүгінде партиялық жаңғырудың нақты жоспары дайын. Бұл реформаның басты мақсаты – Қазақстанның эко­номикалық, саяси және рухани жаң­ғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін негізгі міндеттерді атап өтті.
– Елбасы «Нұр Отан» партиясының жұмысын жан-жақты жаңғыртуды ал­дымызға міндет етіп қойды. Оны жүзеге асыру үшін біз Мемлекет басшысының: «Партия – министрлік те, атқарушы билік те емес, ол стратегиялық күш», – деген сөзіне айрықша мән беруіміз керек. Сондықтан осы әлеуетімізді тиімді пайдаланып, нақты бағыт-бағдарымызды айқындауымыз керек, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев партия сайлауда билік үшін емес, халық­тың жағдайын жақсартуға бағытталған биік мақсаттарға қол жеткізу үшін жеңіске жетуі керектігін айтты. Нұротан­дық­тардың бүгінгі басты міндеті Елбасының сенімді тірегі және жаңғыру идеясы мен құндылықтардың насихатшысы болу екендігі де назардан тыс қалмады.
Елімізді жаңғырту аясында Мемлекет басшысы айқындап берген инновация­ның жаңа кезеңіне аяқ басқан, ең дамыған елдердің қатарына қосылу сияқты нақты мақсаттар бар. Соған орай партия Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақ­станның киелі жерлерінің геогра­фиясы», «Туған жер» сынды жобаларды жүзеге асыруда алдыңғы қатарда жүруі керектігі айрықша айтылды.
Электронды партия жұмысын жан­дандырып, ақпараттық-технология саласын жетілдіру керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да – Қазақстанның дамуына, әлемдік көшке ілесуіне негіз болатын басым бағыт. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Партия бұл бағдарламаны жүзеге асыруда тың бас­тамалар мен ұсыныстардың өзегі болуы керек. Ол үшін алдымен электронды пар­тия, электронды құжат айналымы сияқты маңызды тетіктері дұрыс жолға қойып, ішкі жүйені жаңғыртуға тиіспіз», – деді. Соған орай партия өзінің медиа кеңіс­тігінде жаңғыру, жаңару және бейімделу жұмыстарын жүргізетіні айтылды. Бұл ретте интернет пен әлеуметтік желіге ба­сымдық берілмек.
Күн санап емес, сағат, минут, тіпті секунд санап дамып жатқан қазіргі за­манда бір орында тұралап қалудың тоқырауға апаратыны айтпаса да белгілі. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша нұротандықтарды әрдайым ізденіп, білімдерін жетілдіріп отыруға шақырды. «Ең бастысы, әр­қайсымыз партияның міндеті мен мис­сиясын біліп қана қоймай, оның мәнін түсінуіміз керек. Сондықтан партияның жұмысын жүргізетін нақты, ұзақмерзімді даму стратегиясының берері мол. Аталған құжатты дайындау кезінде әлемнің бүгінгі бағыт-бағдары мен дамыған елдердегі саяси партиялардың беталысына назар аудару қажет. Сол арқылы өзіміздің ал­дағы жылдарға арналған жұмыс-жос­парымызды бекітетін боламыз», – деген Мәулен Әшімбаев жүздеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Ұлыбритания, Германия сияқты Еуропаның ең дамыған елдеріндегі саяси партияларды мысалға келтірді.
Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе партияның жұмыс тәсілін өзгерту болды. Осыған орай Мәулен Сағатханұлы: «Біз жұмыс барысы мен оның тәсілін өзгертуде ең алдымен бюрократиялық келеңсіздіктер мен қағазбастылықты азайтып, креативті, партия жұмысына тың серпін беретін жаңа әдістерге басымдық берілуі тиіс. Тиімді әрі нақты нәтижелер үшін жұмыс істейтін ұйымдық, саяси және сараптамалық орталыққа айналуымыз керек. Сондай-ақ Елбасы­мыздың креативті орталығы ретінде қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз», – деді.
Жоспарды орындау үшін ғана өткі­зілетін жиналыстарды доғарып, партия жұмысына жаңаша серпіліс әкелетін іс-шараларды ғана қалдыру мәселесі де айтылды. Бұдан былай «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өтетін іс-шаралар саны аз болса да, мазмұны мен қоғамға пайдасы жағынан тиімділігі арта түспек.
Одан бөлек енді партия халықты алаңдатқан өзекті мәселелерге қатысты жедел пікір білдіріп, әрекет ететін болды. «Партия тың бастамалар мен идеялардың негізгі ұйытқысы және жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қатысатын стратегиялық күш болуы тиіс. Нұротан­дықтар елімізде болған кез келген өткір де өзекті мәселелерге бірден назар аударып, олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Ол үшін қолымыздағы барлық тетікті пайдаланып, соңына дейін бақылауда ұстауымыз керек. Бұл ретте жұ­мыс істеудің алгоритмі мен іс-әрекет стандартын қалыптастырудың маңызы зор» деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ республикалық желілік кесте де қайта қаралып, мазмұны ұқсас іс-шаралардың орнын креативті бас­тамалар басатын болды. Алдымен, бұл тәжірибе орталық деңгейде, яғни Аста­нада жүзеге асырылып, кейін өңірлерге енгізілмек.
Партиялық жобаларды да жетілдіріп, өзектілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осыған қатысты партия Төрағасының Бірінші орынбасары тағы жаңа жобаларды қолға алуды ұсынды. «Мәселен, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған партиялық жобаны жүзеге асырудың берері мол. Өйткені қазірдің өзінде бұл сала ел экономика­сындағы басым бағыттардың бірі болып саналады. Еліміздің инновациялық дамуына арналған бөлек жобамыз да болуы керек. Елбасы биылғы Жолдауында бірқатар нақты басым бағыттарды атап көрсетті. Біз соларды халыққа түсіндіру жұмыстарын жаңа форматта жүргізуге тиіспіз. Стартаптарды қолдау, техноло­гиялық орталықтар құру, технопарктермен жұмыс істеу. Міне, Жолдауды түсіндіру және ел дамуы мен жаңғыруына үлес қосу осындай нақты істермен таразылануы керек» деді М.Әшімбаев.
Жиын барысында партиялық кадрлар­дың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да назар аударылды. Алдағы уақытта партия қызметкерлерінің біліктілігі толық тек­серуден өткізілмек. Сондай-ақ партиялық білім беру ісі де жаңа жүйеге көшірілмек. Келешекте «Жас Отан» Жастар қана­тының да жұмысы жанданатын болды. Жиында алдағы «Жас Отанның» съезі еліміздегі Жастар саясатына тың серпін беретін күш болуы керектігі де айтылды. Одан бөлек жоғары білікті басқарушы мамандарды даярлап, олардың ең бел­сенділері мен таланттыларын мемлекеттік органдарға лауазымды қызметтерге ұсынылмақ.
Келешекте «Нұр Отан» партиясы стра­тегиялық құжаттар дайындаумен ай­на­лысатын өзінің сараптамалық орта­лығын нығайтып, қайта құрады. Рес­публикалық қоғамдық қабылдау бөл­ме­сінің жұмысы да айтарлықтай жанданып, халықпен кері байланыс жаңа қарқын алмақ.
Осындай басым бағыттарды жүзеге асырып, толық жаңғыру үшін әр партия қызметкері белсенді болу керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев жиын соңында: «Нұр Отан» халық үшін мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы жолында біз аянбай еңбек етуге тиіспіз, – деді.
Сонымен бірге, отырыста партия хат­шылары Ғабидолла Әбдірахымов, Фархад Қуанғанов және Қаныбек Жұмашев сөз алып, партиялық жаңғырудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ
09 ақпан 2018 ж. 1 080 0