БУРАБАЙ АЙМАҒЫ БІРЕГЕЙ ОРЫНҒА АЙНАЛАДЫ
Щучинск-Бурабай аймағын алдағы уақытта еліміздің көз тартар аймақтарының біріне, яғни туристердің ағылып келетін, инвестиция шақыратын мекенге айналдыру міндеті тұр. Бұл туралы Астанадағы «Kazakh Tourism ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту әлеуеттерін айқындайтын презентациясы кезінде айтылды. Жалпы, туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту мәселесі Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-қадамында көрсетілген.
Шара барысында жыл бойы жұмыс істеп тұратын курорттық аймақты дамыту үшін инвестициялар тарту қажеттігі айтылды. Бұл Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасында нақты көрсетілген. Қазіргі уақытта бұл аймаққа 61 миллард теңге қарастырылып отыр екен. Оның жартысы – жеке компаниялардың инвестициялары. Мемлекет бюджетінен бөлініп отырған қаражаттың 95 пайызы жолды жөндеуге, коммуналды қызметтерді жаңартуға және де Бурабай-Шортанды сулы жерлерінің айналасын тазартуға жұмсалмақ. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы оның бірде бір тиыны қонақүй салуға немесе концерттік шара ұйымдастыруға кетпейтінін айтады.
Министр Бурабай курортында әлемдік маңызы бар шараларды өткізу керектігін алға тартты. «Өкінішке қарай, Бурабайда әлемдік деңгейдегі мәдени нысандар жоқтың қасы. Негізі, қазіргі кезде ауқымды қоғамдық шаралар арқылы туристерді көптеп тарту тәжірибесі кеңінен тараған. Мәселен, әлемдік ойын-сауық орталығына айналған Лас-Вегаста миллиардтаған туристдің қызығушылығын арттыратын түрлі мәдени шаралар өткізіледі. Лос-Анджелестегі тарихи «Мемориал Колизеум» стадионы екі бірдей Олимпиаданы қабылдады. Бұдан бөлек, мұнда әлемге танымал жұлдыздардың концерттері өтіп тұрады. Торонто қаласындағы Эйр Канада орталығында жылына 200-ден астам шара ұйымдастырылады. Соның арқасында он жылдың ішінде 2,5 млрд доллар пайда түскен. Біздегі «Бурабай Конгресс орталығы» да сондай көпфункциялы мәдени-сауық орталығына айналуы тиіс. Ол жерде әлемдік маңызы бар шаралар ұйымдастыруға барлық жағдай жасалу керек», − деді Арыстанбек Мұxамедиұлы.
Сонымен қатар қысқы туризм үшін маңызды шаралардың бірі – биылғы мамыр-маусым айларында шаңғы спортының республикалық базасы ашылады. «Бұл 120-дан астам гектарды қамтитын, ғимараттар кешені мен құрылыстары бар Еуразия аумағындағы бірегей жоғары технологиялы спорттық нысан болмақ. Оның ішіне 200 орынға арналған қонақүй, спорттық залдар, бассейндер, шаңғы-биатлон трассасы, трамплин, медициналық-қалпына келтіру орталығы, 3 мың адамдық стадион кіреді» – деді министр.
Оның айтуынша, Бурабай – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға өте ыңғайлы орын. Сондықтан биылғы жазда бұл жерде Халықаралық балалар фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Оған қоса, Бурабай Қазақстан киноиндустриясын дамытуға мол ықпал ететін негізгі алаңға айналуы да мүмкін. «Бұл тұрғыда, Голливуд ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіруде. АҚШ-қа сапары кезінде Елбасы бірнеше киностудияны біріктіретін Америкалық киноиндустрия қауымдастығының вице-президентімен кездескен болатын. Мұндай серіктестік имидждік ілгерілеуге алып келмек» – дейді Арыстанбек Мұxамедиұлы.
Шамамен, 160 мың гектар жерді алып жатқан Щучинск-Бурабай курорттық аймағының 44,8 пайызы орманды алқап болса, 11,7 пайызы – көлдер. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың айтуынша, курорттық аймақ маңында туристерді орналастыруға арналған 204 қонақүй нысаны бар. Былтырғы жылдың 9 айында 125 мың адам осы жердің қызметін пайдаланса, көрсетілген қызмет көлемі 3,3 миллиард теңгеге жеткен. «Бурабай ауданының әкімшілік орталығы – Щучинск кәсіби спорт орталығы ретінде белгіленіп отыр. Мұнда 2017 жылы гольфқа арналған 6600 метрлік кәсіби кешен ашылды. «Шетелдік туристердің сұранысына байланысты Сарыбұлақ ауылында этноауылдар салу жоспарлануда. Бұл – инвестиция салушылар үшін ашық орта» дейді Василий Крылов.
Аталған шаралардан кейін Бурабайда демалу құны арзандауы да ықтимал. Себебі, туристер саны көбейген сайын ұсыныс та арта бермек, сөйтіп қызмет ұсынушылар арасында бәсеке туындайды. Мұның нәтижесі бағаның қолжетімді болуына алып келмек.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ