Сән әлемінің сырлары
Жаңа жылда сән әлемі кез келген талғам мен түс үшін әртүрлі трендке толы болмақ. Ал қандай түске басымдық беріп, қай үлгідегі киімдер киген дұрыс? Осы орайда біз әлемдік дизайнерлердің болжамдарына шолу жасау арқылы талғам қалыптастыруға қадам жасадық. Бір қызығы, сала майталмандарының пікірі сан қилы. Бірі Барыс жылынның басты тренді көк түс болады десе, енді бірі жолақты түстерді ұсынады. Сонымен келер жылы киетін киімнің әлемін тарқатайық.
Дизайнерлер тоқылған ұзын көйлек сәнде болатынын айтады. Оған қоса трендке сақтықпен қарау керектігін жеткізуде. Егер жаппай түймелері бар күртеше немесе хаки түсті көйлек көрсеңіз, еш ойланбастан алыңыз. Deveaux Сафари стилінде классикалық құмды сафари көйлекті де алуға асығыңыз. Себебі, жалпақ белдік, комбинезон және жібек киім − 2022 жылы сән әлемінің шыңында.
Christian Dior келер жылы сәнгерлердің жүрегін жаулап алуды жоспарлап отыр. Алтын түс барлық жерде болуы мүмкін: күзгі етікте, көйлек немесе юбкада. Гүлдердің қоспасы Барыс жылы ұмытылмас әсер сыйлайды. Жасыратыны жоқ, күлгін және қара-ақ түстер сән әлемін мезі етті. Сол себепті, ашық түсті киім таңдаған жөн. Суреттегі екі немесе одан да көп түстердің үйлесімі таптырмас шешім болады.
Егер сізге барыс түсті киімдер ұнамаса, басқа трендті қараңыз. Заманауи әйелдерге арналған таңдауда гүлдер мен үлкен бүршіктер хит шеруді бастары анық. Сары алтын түс іздегендерге лаванданың Andrew Gn, Jil Sander, Almeida трендінің жеңіл түстері таптырмас шешім болмақ.
Ami, Altuzarra, Ansel сауда белгілері ұсынған костюмдерге сұраныс жойылғанша, кез келген түстің заманауи, сәл үлкен моделін сатып алуға болады. Әсіресе, ақ түсті костюм. Auteur, Aje, Casablanca брендінің жеңіл және еркіндік сыйлайтын сарафандары жыл бойы танымал. Бұл күнделікті киюге, кеңсе киімдері үшін де тамаша таңдауға айналады.
Қыстық киімдерден қысқа күртешелер қайтадан сәнде болады. Ол классикалық бейнелерді аша түсуге итермелейді. Ал күзде шағын пальтолар түсі қанық тоқыма кеудешелер қайта келеді. Бұл кеудешелер қыста жылы, күзде де барлық киіммен үйлесіп кетеді. Бірнеше жыл бұрын қысқы сәнді жаулаған Чебурашка пальтосы естеріңізде ме? Енді жасанды жүнінен дайындалған қалың сырт киімдер шығатын болады.
Жаңа маусымда этноөрнектері бар, тоқылған немесе киіз бас киімдер сәнді болмақ. Ал аяқ киімнен тізеден жоғары ұзын қонышты етіктер қайта келеді деп күтілуде. Сондай-ақ Etro, Isabel Marant, Sandro бренді ұсынатын хиппи стилі қазірдің өзінде классикаға айналуда. Ол 2022 жылы одан сайын танылмақ.
Тоқылған сөмкені ұнататындарға тамаша жаңалық. Келер жылы Vereja, Bronx Banco сөмкесі S22, Chloe Resort PO S22 хиппи эстетикасы әдемі тоқылған сөмкелерге сұраныс туады. Мұндай жайлы сөмке жаңа жылда бәрінің сәнін ашпақ. Бұл шебер қолды тоқымашылар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық.
Халық арасында соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық арта түскен. Ою-өрнекті, заман талабына сай киімдер сұранысқа ие. Отандық дизайнерлер жастар талғамына сай тігісі зерлі, кестелі көйлектерімен қуантуға асығуы қажет. Халқымыздың ұмытылып бара тоқыма өнерін дамытатын жыл болмақ. Көне де, ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты түр беретін сәнді тоқыма көйлектер, белдемшелер, күзгі тоқыма пальтолар тоқитын шеберлер жаңа жылда мол табысқа жетпек. Сәнді киім адамға рухани және моральдық жағынан дем береді дейді дизайнерлер. Жаңа жылда талғамыңызға сай, таңдауыңыз табылсын.
Дайындаған
Гүлбану МАҚАЖАН