Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 110 миллионнан асып кетті
Пандемия басталғаннан бері әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандардың жалпы саны 110 миллионнан асты деп хабарлады Джонс Хопкинс университеті.
Қауіпті вирус жұқтырудың барлығы 110 286 670 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 2 441 084 жағдай өліммен аяқталған. Ауруға шалдыққандардың ең көп саны АҚШ-та тіркелген, онда 27 895 780 адам ауру жұқтырған. Үндістанда 10 950 201, Бразилияда 10 030 626, Ұлыбританияда 4 095 187, Ресейде 4 079 407, Францияда 3 596 156, Испанияда 3 121 687, Италияда 2 765 412, Түркияда 2 616 600, Германияда 2 372 209. Елдегі жағдайға келер болсақ, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 901 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 205 825-ке жетіп отыр.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрі орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында неліктен коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын емес, отандық вакцинаны салдыратынын түсіндірді. Оның сөзінше, Қазақстанда вакциналауға жіберілген барлық екпелер тексерілген әрі қауіпсіз болып саналады. "Өздеріңіз білесіздер, ресейлік "Спутник V" келді, денсаулық сақтау министрлігі бойынша және өңірлердегі әріптестеріміз, сондай-ақ медициналық қызметкерлер вакцинаны салдырып жатыр. Бұл вакцина тиімді және қауіпсіз саналып отыр", – дейді министр. Одан бөлек Страсбург университетінің молекулярлық биология және вирусология саласындағы PhD докторы, ғалым Әсел Мұсабекова коронавирусқа қарсы вакцинаның кейбір адамдарға не себепті көмектеспейтінін түсіндірген болатын.