Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Иранмен ядролық келісімнен шығу Еуроодақты шығынға батырады

Иранмен ядролық келісімнен шығу Еуроодақты шығынға батырады



Еуропа саясаткерлері Иранмен ядролық келісімді сақтап қалу жолын ойластырып жүр. Бұл шешімді кәсіпкерлер де асыға күтіп отыр. Өйткені келісімнен шығу еуропалық корпорацияларды миллиондаған шығынға батыруы мүмкін. АҚШ Иранға қарсы қатаң санкция салуға ниетті. Ал Еуропалық Одақ келісімді сақтап қалуға бар күш-жігерін салып отыр. Сол аралықта Еуропадағы шағын бизнеспен қатар ірі корпорациялар уайымға батып, мазасы кетті. Өйткені АҚШ санкция салса, еуропалық компанияларға Иранмен арадағы барлық келісім-шартты бұзуға тура келеді. Өйтпеген жағдайда оларға айыппұл салынып, Америкамен сауда-саттық жасауға мүмкіндік болмайды. Қысқаша айтқанда, бизнес Иран немесе Американың бірін таңдауға мәжбүр болады. Ал Ислам мемлекетімен немістің «Сименс» пен «Даймлер», итальян темір жолдары, француздың «Тоталімен» қатар «Пежо», «Ситроен» және өзге де алпауыт компаниялары ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, француз-неміс концерні «Эйрбас» пен «Иран Эйр» әуе компаниясының арасындағы 100 жолаушы ұшақ сатып алуды қарастырған ірі келісім-шарт бұзылуы мүмкін. Кейбір мәліметтерге сәйкес мәміленің құны 18 ден 25 миллиард долларға дейін бағаланып отыр. Сәйкесінше, кәсіподақтар да алаңдаулы. Мәселен, «Сименс» концернінің Иранмен арадағы келісімшарты бұзылса, көптеген қызметкерлері жұмыссыз қалады.  Клаус Абель, «IG Metall» кәсіподақ ұйымының басшысы: - Неміс экономикасы шығынға батуы мүмкін, біз жұмыс орындарынан айырыламыз. Әрине  санкцияға қарсымыз, адал сауда болғанын қалаймыз. Санкциядан зардап шегетін Германияның өнеркәсіптік саласындағы экспорт үлесі өте үлкен болғандықтан, оның салдары ауыр болмақ. Біз саясаткерлер келісімге келіп, сауда соғысының алдын алады деп үміттенеміз.  Еуропада санкциядан қорғану амалын іздеп жатқанда жағдай күрделеніп келеді. Жақында Сауд Арабиясы Иранмен бизнес жүргізуді жалғастыратын неміс фирмаларымен жұмыс істемейтіндерін мәлімдеген. Ал осындай компаниялардың саны 800 болып тұр. Неміс ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүгіннің  өзінде Эр-Рияд Даймлер, Байер және өзге компаниялармен жүмыс істеуден бас тартқан. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Фритьев фон Норденскельдт, адвокат: - Еуропаның Иранмен бизнес жүргізудің негізгі себебі пайда табу болып көрінуі мүмкін, алайда бастысы бұл емес. Ұзақ жылдар бойы келіссөздер жүргізіп, Иранды атом қаруын шығармауға көндірді. Оның орнына экономикалық тұрғыдан көмек беру үшін еуропалық бизнес Иранға келген болатын. Егер қазір мәміле бұзылса, Таяу Шығыста жаңа ядролық держава құрылуы мүмкін. Бұл өте қауіпті.  Өз кезегінде Иран ЕО-ға өз шартын ұсынды. Ішіндегі ең негізгісі – олардың мүдделерін қорғау кепілдігі. Егер Еуропа мәмілені сақтай алмаса, онда Тегеран да уранды байыту бағдарламасын қайта бастамақ.

24.kz
31 мамыр 2018 ж. 820 0