Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Иран президентінің қайғылы қазасы

Иран президентінің қайғылы қазасы

Жексенбі күні Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси елдің Шығыс Әзербайжан провинциясының таулы-орманды аумағында тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл жөнінде ирандық IRNA ақпарат агенттігі жария етті. Ал ресми Тегеран президент қазасын растаған мәлімдемені іздестіру жұмыстары толық аяқталған соң ғана жасады. Көп ұзамай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап, осы елдің жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

Иран президентінің қайғылы қазасы
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Үміт пен күдік
Ми-171 тікұшағының бортында ел президентімен бірге Сыртқы істер министрі Хоссейн Әмір Абдоллахиан, Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Мәлік Рахмати, Тебриз бас имамы Мұхаммед Әли әл-Хашем, Президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қол­басшысы, генерал Сейед Махди Му­са­ви және экипаж мүшелері болған.
Алғашында ирандық ресми ақпа­рат құралдары президент отыр­ған тікұшақ Шығыс Әзербайжан про­вин­циясының таулы аймағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшырады деген ақпарат тарады. Ал «Mehr» агенттігі президенттің аман екендігін және оны қасындағылар Тебриз қаласына алып кеткендігін жария етті. Бірақ кейін ол жөніндегі ақпарат өшіріліп, ағылшын тіліндегі нұсқасына түзету енгізілді. Ал тікұшақтың құлаған нүктесі анықталғанымен, тұман мен желдің кесірінен құтқарушылардың әрекетінен еш нәтиже шықпады. Іздеу жұмыстары ұзаққа созылып жат­қаны президент Раисидің тағдырын дүдәмал ете түсті. «Reuters» агенттігі Иран үкіметінің ақпаратына сілтеме жасап, сәт сайынғы хабарлардың жайсыз екенін және Иран басшысының қаза табуы мүмкіндігін меңзеді. Оқиға орнына Иран бірінші вице-президенті және денсаулық сақтау министрі Мохаммад Мохбер бірден жетті. Ал Раиси сапарын ақпарат­тық сүйемелдеу жұмысы жүктелген мемлекеттік телеарна тілшісінің ай­туынша, әуеге үш тікұшақ көтерілген және оның екеуі ғана қайтып келген.
Он сағатқа созылған іздеу жұмыс­тарынан кейін ғана сол маңдағы ақпарат құралдары президент мінген тікұшақтың қирандысын жария етіп, оның қаза тапқанын растады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына көршілес елдердің де мамандары жұмылдырылған. Түркия бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын жіберсе, Еуропалық одақ «Коперник» жерсерігі жүйесін іске қосты. Құлаған тікұшақ дүйсенбі күні таңға жуық табылып, құтқарушылар әуе техникасының түгел жанып кеткеніне, жолау­шы­лардың ешбірінің тірі қалмағанына көз жеткізді.
Иранның сегізінші президенті аятолла Сейед Ибрахим Раиси рес­ми тұлғалармен бірге иран-әзер­бай­жан шекарасы маңынан шығып, елдің Шығыс Әзербайжан про­вин­ция­сын­дағы Тебриз қаласына сапарлап бара жатқан екен. Жалпы, Иран делега­циясы иран-әзербайжан қарым-қа­ты­насы аясында шекара маңындағы Аракс өзенінің бо­йынан салынған «Гыз Гала­сы» су шаруа­шылығы нысанының сал­та­натты ашылуына Әзербайжан прези­денті Ильхам Әлиевпен бірге қатысып, сол іс-шарадан қайтып келе жатқан.
Тосын жайға алғаш болып Әзер­бай­жан президенті И.Әлиев үн қатып, алаңдаушылық білдірді. «Біз Жара­тушы иеден президент Раиси мен оның қасындағы делегацияның аман­дығы үшін дұға етеміз. Көршілес, бауыр­лас әрі достас мемлекет ретінде Әзер­байжан Республикасы барынша қол­дау көрсетуге әзір», деді президент И.Әлиев.
 
Жығылғанға жұдырық
Осылайша, Иран халқы сыртқы сын-қатердің артуымен қатар мемлекеттің ішкі саяси ахуалы да шатқаяқтап тұрған шақта әуе апатының салдарынан елдегі екі ықпалды саяси тұлғасынан айырылып қалды. Әлемдік БАҚ дәл қазір Иран президентінің қазасын сан-саққа жүгіртіп, түрлі көзқарастағы сарапшылар пікірін беріп жатыр. Бірі сыртқы күштердің қастандығы десе, кейбірі ішкі бақталастықтың салдары болуы әбден мүмкін дейді.
«The New York Times» басылымы Раисидің өлімін Иранның сыртқы сая­саттағы мазасыз кезіне тұспа-тұс келгенін жазды. «Раиси мырза би­лік тізгінін қолға алғанда ел ішінде қар­сылық білдіру жағдайы ушықты және экономикалық қиындықтарға ұрынды. Сондай-ақ өткен айда ашық айқасқа ұласқан Израильмен арадағы ұзаққа созылған астыртын соғысқа кірісіп кетті», дейді америкалық басылым.
Дүйсенбі күні президент Раисидің кабинеті шұғыл жиын өткізіп, еске алу белгісі ретінде оның үстелдің орта­сын­дағы орнын бос қалдырды. Бұл жиынның растығына IRNA ақпарат агенттігі жария еткен фотосурет дәлел болып отыр.
Елдің Министрлер кабинеті де арнайы мәлімдеме жасап, Раиси мырзаның ел дамуындағы, халықтың алдында сіңір­ген­ еңбегінің орасан екенін және президент салған сара жолмен жүретіндерін жет­кізді.
 
Мохбер – уақытша президент               
Иран президенті Ибрахим Раиси­дің қазасы белгілі болған соң, оның міндетін атқару ел Конституциясының 131-бабы бойынша бірінші вице-президент және денсаулық сақтау министрі Мохаммад Мохберге жүктелді.
«Егер президент қайтыс болса, лауазымынан босатылса, өзі кетсе, президент екі айдан астам уақыт жұмыста болмаса немесе ауырса, әйтпесе, президенттік мерзімі бітіп және кедергілердің салдарынан жаңа президент әлі сайланбаса және осыған ұқсас жағдайларда бірінші вице-президент басшылық­тың келісімімен оның өкілеттіктері мен міндеттерін қабылдайды», деп көрсетілген Иран Конституциясында.
Мохаммад Мохбер бірінші вице-президент қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді. Бұған дейін 2007 жыл­дан бастап Иранның бұрынғы руха­ни жетекшісі аятолла Рухолла Хо­мейнидің бұйрықтарын орындау жөніндегі штабты басқарды. Бұл – тікелей рухани көшбасшыға ба­ғы­натын жартылай мемлекеттік ұйым.
Осылайша, іздестіру жұмыстары 10 сағатқа созылып, Иран билігі президент Раисидің қазасын жарты тәуліктен кейін ресми мәлім­де­ді. Мәлімде­ме­де кезектен тыс пре­зи­денттік сайлау­дың алдағы 50 күн ішінде өтетіні де айтылған.
Израильдік билік «Reuters» агенттігі арқылы қайғылы жағдайға Израильдің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп отыр. 
21 мамыр 2024 ж. 101 0