ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Сирия территориясындағы «Зәйтүн жапырағы» операциясы туралы айтты. «Қазіргі таңда Афринде 3844 террористің көзі жойылды. Бұл Францияны алаңдатады, бірақ біз өз жолымызды жалғастыра береміз» деді Ердоған. Оның айтуынша, операция Тель-Рифатқа және басқа да жақын аудандар маңында жалғаса береді. Бұған дейін Түркия президенті Сирияның шекаралас аудандарында антитеррорлық жаңа операциялар дайын екенін мәлімдеген еді.
Еске салсақ, Африндегі «Зәйтүн жапырағы» операциясын Түркия 20 қаңтарда бастаған. Ердоған 18 наурызда қаланы түрік әскерилері алғанын хабарлады. Кейінірек Манбидж пен Идлибте де әскери жорықты жалғастыра беретінін жеткізген. Ал Франция Түркияның мұндай қадамдарына түбегейлі қарсылық танытуда. Қаңтар айында ресми Париждің ықпалымен дәл осы мәселеге қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы шақырылған. Франция президенті Эммануэль Макрон 29 наурыз күні Сирия күрдтерімен кездесу өткізіп, олардың әрекеттерін қолдайтынын айтқан. Макрон Анкара мен күрдтер арасында бейбіт диалог орнатуға мүдделі екенін де мәлімдеді. Алайда Анкара оның бұл бастамасымен келіспейді.
***
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй ресейлік сүңгуір қайықтарды тұтқындауды ұсынды. Мэйдің айтуынша, егер Ресей Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны уландыру бойынша мойындамайтын болса, Англия осындай қадамға бармақ. Бұл туралы ол британия парламентінде сөйлеген сөзінде айтты. «Біз Еуропалық Одақ және НАТО бойынша серіктестерімізге ресейлік дипломаттарды елден шығарғаны үшін алғыс айтамыз. Лихтенштейнге жеке алғыс айтқым келеді. Бірақ бұдан да қатаң шаралар қабылдануы керек. Мен олардың (Ресей) барлық сүңгуір қайықтарын тұтқындауды ұсынамын. Оларды әрбір портта, теңіз бен мұхиттың кез келген бұрышында тұтқынға алу қажет. Ресейді әскери күшінен айыру арқылы ғана оларды мойындата аламыз», –деді премьер-министр.
***
Израиль елі 16 мың мигрантты Африкаға депортациялау туралы райынан қайтып қалды. Оның орнына олар батыс елдеріне жіберілмек. Израиль БҰҰ босқындар жөніндегі комиссариатымен жүргізген келіссөздерден кейін осындай шешім қабылдаған. Хабарламада көрсетілгендей, Израиль мен комиссариат Батыс мемлекеттеріне 16 250 мигрантты жіберу туралы уағдаласқан. Оларды қабылдап алатын мемлекеттердің аты аталмаған. Тағы бірнеше мың африкалық еврей елінде әлі бес жыл уақытқа қалдырылуы мүмкін. Кейінірек елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху босқындар жіберілетін үш мемлекетті атады. Оның сөзінше, БҰҰ мигранттарды аттындыруды «ұйымдастыру мен қаржыландыруға» келіскен. Мигранттарды қабылдайтын елдер ішінде Канада, Германия, Италия сияқты дамыған елдер бар.
Қазіргі кезде Израильде 37 мың босқынның тағдыры шешіліп жатыр. Үкімет бір жағынан олардың депортациясын талап еткен топтан келген қысымды сезсе, екінші жағынан мигранттарды қалдыру туралы үндеулер естуде. Ақпан айында 20 мың африкалыққа хабарландыру жіберіліп, олардың елді тастап шығуы үшін екі ай уақыт бар екені айтылған. Кетпеген жағдайда олар түрмеге түсуі ықтимал. Судан және Эритрея елдерінен келген босқындардың кетуі үшін олардың жол шығындарына 3,5 мың доллар ұсынылған.
Абай АЙМАҒАМБЕТ