Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТАНА АЛАҢЫ – БЕЙБІТ КЕЛІСІМДЕР ОРДАСЫ

АСТАНА АЛАҢЫ – БЕЙБІТ КЕЛІСІМДЕР ОРДАСЫ


Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдердің Cыртқы істер министрлерімен кездесті.
Кездесуге Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы, Иран Ислам Республикасының Сырт­қы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қатысты.
Әңгімелесу барысында тараптар Астана алаңы форматында Сириядағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіс­сөздердің нәтижелері мен перспек­тиваларын талқылады.
Мемлекет басшысы Астана процесі арқылы оқ атпау жөнінде бірқатар уағ­даластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
– Сирия дағдарысы біз үшін де, өңіріміз үшін де өзекті болып отыр. Ұрыс қимылдары салдарынан 400 мың адам, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттар қаза тапты. Бұл қақтығыс бүкіл өңірде қолайсыз ахуал туғызды. Дегенмен Астана процесі Сириядағы соғыс пен қантөгісті тезірек тоқтатуға деген үмітті ұялатты. Астана келіссөздері Женева процесін жандандырды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірде бітім­гершілік орнату жөніндегі БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің қарарын Қазақстанның қолдағанын айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сер­гей Лавров Астанада келіссөз алаңын ұсынғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Сириядағы қақтығысты шешу жолдарын іздестірудің маңыз­дылығын атап өтті.
– Шығыс Гутада соңғы екі күнде 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын осы аумақтан шығуға мүмкіндік алды. Біз қазір Бі­ріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, оларды уақыт­ша қоныстанған жерінен өз үйлері­не оралғанға дейін қажетті заттармен қам­тамасыз ету мәселесін шешіп жатырмыз, – деді Ресей Сыртқы істер министрі.
С.Лавров Астана келіссөздері Си­риядағы қақтығысты реттеу жол­дарын іздестіруге септігін тигізгенін атап өтті.
– Астана барша жұрт мойындаған процеске бастамашылық етті. Ең бас­тысы, Астанадағы келіссөздер Сирия қақтығысы аясында барлық бағыттағы күш-жігерді жұмылдыра білді. Бұл дегеніміз – терроризмге қарсы күрес жүргізу, деэскалация аймақтарын құру. Ұрыс қимылдарын тоқтату режимі зорлық-зомбылық деңгейін айтар­лықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл гуманитарлық мәсе­лелерді тиімдірек шешу деген сөз, – деді Ресей Сыртқы істер министрі.
Сергей Лавров келіссөздердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталып, Астана алаңының қолайлы саяси ахуал қалыптастыру ісіндегі маңыздылығын айтты.
– Жанжалдасушы тараптарды бітіс­тіруге бағытталған Астананың берік ұста­нымы және келісімге келу жолда­рын табуды көздейтін Қазақстанның сыртқы саясаты бізге тиімді жұмыс істеуге септігін тигізуде, – деді Ресейдің Сыртқы істер министрі.
Түркияның сыртқы саясат ве­домство­сының басшысы М.Чавушоғлы Астана процесінің тиімділігіне тоқ­талып, келіссөз жүргізудің осы форма­тын қолдайтынын атап өтті.
– Астанадағы келіссөздердің бас­талғанына да бір жылдан асты. Біз осы процесс барысында үлкен жетістіктерге жетіп, алға жылжи алдық. Ас­танада сенім шаралары жөніндегі жұмыс тобы бірінші рет кездесу өткізді. Онда кепілге алынғандар мен тұтқын­дарды өзара алмасу мәселесі қарас­тырылды. Астана алаңына тән осындай қарқынды сақтап қалғымыз келеді. Біз бұл процесті ілгерілетуге тың серпін бере алдық, – деді Түркияның Сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар М.Чавушоғлы Си­риядағы қақтығыстың саяси шешімін іздеу қажеттігін айтты.
Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф Шығыс Гутадағы проблемалардың бар екеніне қарамастан, тараптар Сириядағы қақ­тығыс пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендеткенін атап өтті.
– Шығыс Гутада жағдайдың ушық­қанына қарамастан, кейбір гумани­тар­лық мәселелерді шеше отырып, ахуалды біршама жұмсарттық. Сириядағы бейбіт тұрғындар қорғауға алынды. Біз тараптар арасында сенім ша­раларын нығайту жөніндегі жұмыстарды бас­тадық, – деді Иранның Сыртқы істер министрі.
Мохаммад Джавад Зариф Сирия­дағы дағдарысты реттеудің саяси жол­дары мен ұстанымдарын қалыптастыру ісінде Астана алаңының маңызы ерек­ше екенін атап өтті.
17 наурыз 2018 ж. 1 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930