Қытаймен қарым-қатынас арта түспек
CCTV телеарнасына сұқбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытайдың қандай салада ынтымақтастықты жандандыра алатындығын айтып берді.
«Біз бұл жұмыстарды іс жүзінде бастап та кеттік. Жалпы, көмірсутектер, мұнай мен газ әлі де біраз уақыт пайдаланылатын болады. Дегенмен, бүкіл әлем баламалы энергетикаға бет алып отыр. Баламалы энергетика – бұл баламалы экономика. Өйткені, біз мұнай мен газға бай елміз. Ол біздің экономикамыздың басым бөлігін құрайды және мұндай ел өте көп. Сондықтан, бізге мұнан кету қажет. Ол үшін біз осыдан 6 жыл бұрын индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Яғни, шикізат ресурстарына балама жұмыс орындарын беретін зауыттарды салуды қолға алдық», – деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, осының нәтижесінде бүгінде мыңнан астам кәсіпорын салып, оларда жүздеген мың жаңа жұмыс орны құрылды. «Бұл бірінші нұсқа. Екінші нұсқа су, жел, күн сынды баламалы энергетика көздерін салу. Қытай Халық Республикасы да сонымен айналысуда және біз серіктеспіз, бірге жасаймыз. Қазіргі уақытта аталған көздерден электр энергиясын өндіретін сондай бірнеше стансаны бірлесіп салып жатырмыз. Сондықтан да, бұл бағыт өте маңызды деп ойлаймын. Біз ғылыми-техникалық прогресс сынды басқа мәселелерде де серіктеспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, сұқбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық терроризм туралы өз пікірін білдірді.
«Қытай Халық Республикасының басшылығы үш зұлымдықпен – экстремизм, терроризм және сепаратизммен күрес бойынша ұсыныс тастады. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз және бірлесе жұмыс істеп жатырмыз», – деді Президент. Оның айтуынша, терроризм Сирияда анық байқалды және ИГИЛ терроризмнің нағыз зұлымдық екенін, мұнымен күресу қажеттігін көрсетті.
«Онда Америка бастаған бір коалиция және Ресей бастаған тағы бір коалиция күресті. Қазір олардың өздері атаған «мемлекет» жойылды, территориясы жоқ, бірақ өз содырларын Ауғанстан сынды өзге өңірлерге жіберіп жатыр. Бұл бізді қатты алаңдатады. Мұнымен күресу үшін Шанхай ұйымына кіретін Орталық Азия елдері бірге жұмыс істеуі керек. Қазір де осымен айналысып жатырмыз», – деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан тарапынан Ауғанстанға ауқымды көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Ауғанстан жастары Қазақстан қаражаты есебінен білім алуда. Ондағы халықты жұмыспен қамту үшін Қазақстан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға дайын. 40 жылдан бері Ауғанстанда азаматтық соғыс жүріп жатыр. Халық соғысудан басқа ештеңе білмейді. Терроризмді қаржыландыратын есірткі өндірісімен айналысады. Мұнымен қалай күресу керек? Халыққа жұмыс беру керек, ол үшін Ауғанстандағы өндірісті дамыту қажет. Міне, біздің ортақ міндетіміз – Ауғанстанға өз экономикасын қалыптастыруға көмектесу», – деді Президент.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ірі саяси ғана емес, экономикалық бірлестікке айналып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымын өте белсенді түрде қолдайтынын мәлім етті.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазіргі таңда бүкіл әлем мойындайтын ең маңызды ұжымдық органдардың бірі. Ол ортақ шекарасы бар мемлекеттермен құрылған. Біз осы шекаралардың сипаты мәселесін шешкен болатынбыз. Естеріңізде болса, Кеңес Одағы мен Қытай кезінде кейбір ортақ шекаралар белгіленіп, жазылмаған болатын. Кейбір жерлер туралы келісім жоқ еді. Осы себепті, ол жерлерде мемлекеттер арасында да қақтығыстар туындаған. Сондықтан, ортақ шекарасы бар алты мемлекет болып, шекараны хаттап, қол қойып, бұл достық шекарасы екенін айттық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент шекаралар белгіленгеннен кейін «ары қарай не болады?» деген сұрақ көтерілгенін еске алды. «Ары қарай осы кездесулерді өткізелік деп шештік те, осыдан Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды», – дейді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде ұйымды құруда бастама танытқандардың бірі Қазақстан болғанын атап өтті.
«Сондықтан, мен қазіргі уақытта саяси ғана емес, экономикалық бірлестікке айналып келе жатқан ШЫҰ-ны өте белсенді түрде қолдаймын. Біз бірлесіп елдердің экономикасын дамытудамыз. Бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолына 65-ке жуық мемлекет атсалысып жатыр. Ол жаққа 600 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы бағытталуда. 100 миллиард АҚШ долларындай қаражаты бар Азия инфрақұрылымды дамыту банкі құрылды. Бұның бәрі де барлық мемлекеттердің қамы үшін жұмыс жүргізеді. Осы шаруалардың барлығы ШЫҰ аясында жүзеге асырылып жатыр», – дейді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, ең маңызды өлшем – «үш зұлымдықпен» (Терроризм, экстремизм, сепаратизм) күрес екенін айтты. «Біздің арнайы қызметтер, құқық қорғау органдары бір-бірімен өте тығыз серіктесе жұмыс жүргізу үстінде. Бізде терроризммен күресуге бағытталған арнайы ұйым бар. Келесі сұрақ ол – есірткімен күрес. Мұның бәрі осыларға жол бермеу үшін жасалуда. Осы шаруалардың барлығында ШЫҰ-ның рөлі өте зор», – дейді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, алдағы уақытта ұйым жұмысының жоспарлары бекітілмек. «Мен ендігі кезекте Циндаода «Шанхай сегіздігі» болып кездесетінімізді ерекше атап өткім келеді. Өйткені, Астанада біздің төрағалымызбен ұйымымызға Үндістан мен Пәкістанды қабылдау жүргізілген болатын. Енді бүгінгі күні 8 мемлекет ұйым жұмысына атсалысуда. Қытай Халық Республикасының төрағалығымен Си Цзиньпин мырзамен дайындалудамыз. Қазақстан көмегін көрсетіп келеді. Бұған дейінгідей өте табысты кездесу болады. Біз ұйымның алдағы жаңа жоспарларын белгілейміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің 5 жылдағы жұмысына баға берді. «Төраға Си Цзиньпинмен өте жақын таныспын. Біз жыл сайын кездесіп, пікір алмасып отырамыз. Екі елге де тыныш өмір сүруге мүмкіндік беретін осындай сенімнің, қарым-қатынастың болғандығын мақтан етемін. Қытай үлкен мемлекет, ал Қытай Компартиясының 19 съезі бұл Қытай елінің ішіндегі ғана емес, бүкіл әлемдік маңызға ие оқиға болды. Си Цзиньпиннің төрағалығымен тек 5 жылдың ішінде ғана экономика 53 триллионнан 80 триллионға дейін өсті. 19 съезде алға қойылған ұлтты дамытудағы Қытай арманына қол жеткізу мақсатының барлық мемлекеттер үшін маңызы бар», – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының көршісі, жақын дос ретінде Қазақстан бұл жоспарлардың барлығының жүзеге асырылғанын қалайтындығын атап өтті.
«Мен олардың жүзеге асырылатындығына сенімдімін де. Қытай ерекшелігіндегі социализм біздің шығыстық ділімізді, идеяларымызды, халқымыздың ойын көрсетеді және ол сіздердің елдеріңізде өте байыпты ілгерілетілген. Бұған қоса, Қытайдың ғылыми-техникалық прогрестегі жетістіктерін, әлемдегі ең үлкен телескоп, ең үлкен аэродинамикалық құбыр іске қосқанын, қорғаныс кешенінде де зор жетістігі бар екендігін айта аламын. Мұның барлығы да Қытайды әлемдік саясаттағы ірі ойыншы, ұлы державаға айналдырады. Сондықтан, бұл мәселеде, ғылыми-техникалық прогресс мәселесінде де біз ынтымақтастықты белсенді жүргізудеміз. Қытай Қазақстанға көмектесіп, техникалық прогресс үшін маңызды нысандарды салуда», – деді Қазақстан Президенті.
Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұқбатында Елбасы сондай-ақ, өзінің ең үлкен бақыты туралы айтып берді.
Қытайлық журналист Қазақстан Президентінің хоббиі мен ылғи бабында жүруінің сыры неде екенін сұрады. «Дене тәрбиесімен айналысамын, жүгіремін деген үйреншікті жауаптар бар. Жас кезімнен бері спортпен айналысып келемін және бұл әдетіме айналған. Бірақ, саясаткер үшін ең үлкен бақыт – жұмысқа келу, жоспарыңды жетілдіріп, халыққа ұсыну. Және оны жүзеге асырған
саясаткер – ең бақытты жан жүзеге асырған. Бұл шабыт сыйлайды. Жаның қалаған жұмысты тап, сонда өмір бойы жұмыс істейсің деген сөз бар. Дәл осылай құлшыныспен, ынта-ықыласпен жұмыс істесең, ісің алға басса – шабыт, күш және энергия аласың. Үнемі алда жүріп, халықтың арманы мен үмітін жүзеге асыру керек, сонда мәңгі жас боласың», – деді Елбасы.
Сонымен бірге Президент өзін мазалайтын ойлар мен жұмыс жөнінде әңгімеледі. «Отбасында балалармен, немерелермен кездесу өте маңызды, әрине оған уақыт табыла бермейді, бірақ маңызды. Барлық адамдар Президенттің сыртқы қызметін ғана көреді. Сапарға шығамыз, кездесулер өткіземіз. Бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Негізгі жұмыс – физикалық және эмоциялық салмақ – елді көркейту үшін, еліңді өзгелердің құрметтей түсуі үшін, халықтың өмірін жақсарту үшін не істеу керек деп күн сайын ойлану. Бұл ойлар маза бермейді және еңбектенуге, жұмыс істеуге ынталандырады. Бұл да шығармашылық сияқты. Шығармашылық адамдары ұзақ өмір сүреді, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді дейді. Біз де сол сияқтымыз», – деді Президент.
Сұқбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев адам артта қалып қоймауы үшін өмір бойы оқуы керек екенін айтты.
«Мансап жолын жұмысшы лауазымынан бастау міндетті болмағаннан кейін бүгінгі жастарға мұны түсіну қиынға түсер. Біз сияқты жас мемлекеттің қалыптасуы барысында басшы бәрін білуі, сезінуі тиіс деп ойлаймын. Менің ата-анам қарапайым ауыл шаруалары болды. Өзім де жұмысшы болып бастадым. Елді аралап халықпен сөйлескен кезімде жұмысшылардың не ойлайтындығын, шаруаның не жайында ойланатындығын білемін. Олардың проблемаларын, жай-күйлерін ұғынып, әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеймін», – деді Президент.
Елбасы бүгінде мемлекет басқару ісіндегі жұмыс көлемінің, деңгейінің мүлдем басқа, өте үлкен, ауқымды екендігін баса айтты. «Дегенмен, кезінде алған тәжірибе барлық уақытта да біздің жан-дүниемізде және әр уақытта да дұрыс шешім қабылдауға көмегін береді. Өйткені, әрбір мемлекеттің бірінші басшысының міндеті мен мақсаты – елдің игілігі, халықтың әл-ауқатын жақсарту... Қазір әлемнің, ғылыми-техникалық прогрестің қызу дамығандығы соншалықты, жаңа деңгейде жұмыс істеуге тура келеді. Адам артта қалып қоймауы үшін өмір бойы оқуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев
«Егемен Қазақстан».